Баннер 9 мая от газеты Атырау

Қырық бір тастың қулығы немесе қалтаны қаққан құмалақшылар

265652 Жаңалықтар

Әдеттегідей, жексенбі күні отбасылық серуенге шықтық. Қаладағы сауда орталықтарының бірінде жүрміз. Қызу жүрген саудамен бірге бізге кезіккен құмалақшы, балгердің де қолы жақсы жүріп жатқанға ұқсайды. 41 құмалағын жайып, сұранысқа орай тастарын «сөйлетіп» отыр. «Өткенің мен болашағыңды айтып береді» дегенді еститінбіз. Жанынан өтіп бара жатып өз құлағыммен естіп, көзбен көрмек болып солардың біріне жолығуды жөн санадым.

265652

«Көкейімдегі сауалдарға жауап берер ме?» деген оймен жанына жақындай бергенімде «иә, қызым келе ғой, айта бер» деді балгер апай құрақ ұшып. Мен бал аштыруға келгенімді айтып едім, «атың кім, қандай себеппен аштырасың?» дегені. Ойым сан-саққа жүгіріп, «Енді оған себеп көп қой…» деген мен жұмысқа орналасу жөнінде аштырғым келетінін айттым. Бал ашатын құмалақтарын ақ жайманың бетiне шашып жiберiп, төрт-төрттен бөлiп, артығын шаршылап қоя бастады. «Жанұяны татулыққа шақыруға, жүрегіңді махаббатқа бөлеуге, жоқты табуға, суретке қарап ашу, жұмысқа, болашаққа ашу» деп пункттерге бөліп жазған қағазын нұсқап, сайрай жөнелді. Аз уақыттан соң шашылған тастарды жинай бастаған апайым: «Әй, қызым, үйде көп жыл отырып қалыпсың ғой, оқымадың ба?» деп өзіме дүрсе қоя берді. Мен де «оқымадым, мамандығым жоқ еді» деп еріксіз күмілжідім. «Бәсе, соның салдары ғой, бірақ, уайымдама, жақында асханаға аспаз болып жұмысқа тұрасың. Бір әйел сол жерге сені шақырады. Тұрмыс құрмаған да екенсің. Сүйгенің жақында ұсыныс айтады. Көп кешікпей отбасын құрып, болашағың да жарқын болады» деп жатыр.

Мен ішімнен күлдім. Біреулер шынымен де мұңын, қайғысын айтып келеді, олардың санасына алдамшы сөздерін құя беру оның әдетіне айналғаны көрініп-ақ тұр. Айтқандарының бірде-бірі шындыққа жанаспайды. Оның алдына бейшара, жұмыссыз жүрген адамдай барып тұрған менің болашақ тағдырымды әйтеуір жұбанышты сөздерімен болжап берді.

Өмірде шынымен де оның алдына сан алуан жағдайды бастан кешірген қаншама адам келеді! Әрқайсысына осындай арзан сөздерін жаудырып жібереді. Айтқан сөздері көңілге тек медеу болады демесең, болашағың оның қолында емесі түсінікті.

Ж. есімді балгер апайды одан әрі әңгімеге тарттық. 1998 жылдан бері осы істі «кәсіп» етеді екен. Аз уақыт емес. Сол кезден бері қанша адам алданғанын ойлай берiңiз. Соған қарағанда, оның клиенттері де жеткілікті. Бiр келген адам мiндеттi түрде 3-4 рет қайта айналып келедi. Біреулері 500, 1000 теңгеден ақша тастап кетеді.

Негізінен оларға әр жерде бал ашып отыруға тыйым салынған. «Отырған орнымызға анда-санда ақша төлеп қойып, қашып жүріп ашамыз» дейді өзі. Бірақ, қашып жүргені байқалмайды. Күніне келушілер де табылып жатады. Олардың бәріне бірдей құмалақ ашып, көңілдерін табу да оңай емес, бірақ, амал нешік, «жить надо» дейді кейіпкеріміз әңгімесінде.

Бір аштырғанда бес-алты сұрақты бір айтсаң, «бәріне бірдей жауап беру оңай емес, сауалға байланысты ақшасы да өседі» дейтіндер де кездеседі. Үйреншікті, өтірік әңгімелерімен сендіріп, қалтаңды қағып алатынын қайтерсің.

Оған бізден кейін де келушілер болды. Оның басым бөлігі – әйелдер. Олар жұмысына, ақшасына, бала-шағасына аштырады. Қыздар жiгiттерiне, жiгiттер қыздарына деп аштырады. Кейбiреулерi жоқ iздеп келедi. Басындағы қиыншылықтарын айтып, «не iстеймiн?» деп алдына келiп жылайтындар да бар.

Балгерлерiмiз әбден өз жұмысының майталманы болып алған. Оларды «дипломсыз кәсіп иелері» деуге болады. Олар алдында отырған пендеге қалай психологиялық әсер етудi жақсы бiледi. Онымен қоса, қиындыққа тап болған жанды алдау қиын емес. Күйзеліске түскен немесе отбасылық шырқы бұзылған жағдайда сырласатын, кеңесетін адамы жоқтар амалсыздан құмалақшыларға бет алады. Олар балгерлердің айтқан жылы сөздеріне иланып, марқайып қалады. «Болашақта оның айтқаны келеді» деген сеніммен жүреді. Өздері сенгендерімен қоймай, өзгені де ертіп апаратындары бар. Сөйтіп, құмалақшыларға барушылар қатары сейілмейді.

P.S. Құмалақ ашқызуішімдікке, темекіге құмарлық сынды тәуелділіктің бір түрі. Әлгi құмалақшының дегенiне ғана иланып, әрбiр iсәрекетiн солардың ашқан балына сәйкестендiру ертеңгі күні өкінішке ұрындырмасына кім кепіл? Сондықтан, халықтың санасын оятып, арамзаға алданбағанымыз жөнау. Бұған сіз не дейсіз, қадірлі оқырман?

Сіз не дейсіз?

Қаламқас МҰХАМБЕТҚАЛИҚЫЗЫ, психолог:

Ақша табудың арзан әдісі

 – Шетелдегі психологтардың рөлін бізде бақсы-балгерлер атқарып жүрген сыңайлы. Бұл бiр жағынан халықтың тым сенгiштігi болса, ендi бiр тұстан «басын тауға да, тасқа да соққан» шарасыздықтан болар.

Қалай айтсақ та, базар жағалап, көпшілік жерде отырған оларға болашағыңды болжатып, қайғыңды тыңдатып, құр сөздерін естіп кете беру – сананың төмендігі. Халық емшісі атағын жамылып жүргендер оңай жолмен ақша табудың әдісіне әбден үйреніп алған. Адамдардың көпшілігі не болса соған сеніп, маңдай тер еңбегiмен тапқан нәпақасын аямайтын «жомарт» жандар қатарын көбейтеді.

Мұрат МҰСТАФАЕВ, «Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы:

Ақ жолдан айныма!

Мұндай әрекетке ислам діні де қарсы. Өзін мұсылман санайтын адамдар құмалақшының 41 тасына мойынcұнбауы керек. Бәрі де Алланың қолында екені ақиқат қой. Құранның Маида сүресінің 90-шы аятында «Әй, мүміндер! Арақ, құмар ойын, тігілген тастар және бал ашатын оқтар – лас, одан сақтаныңыздар!» делінген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) адамдардың құмалақшы, балгерлерге баруын дұрыс санамаған. Олардың iсiн оң көргендер дiннен шығып, кәпiр болады. Кімде-кім көріпкелге барып, айтқаны рас дейтін болса, ол дінімізге қарсы шыққан болып есептеледі. Бал ашқан адам «ғайыпты айтамын» деп Алланың әміріне қарсы шығады. Ал, оған сенгендер Аллаға емес, адамға табынып кетеді. Сондықтан, күнәсіне қарай Алла оларды азаптайды.

 Тiптен балгерге жай барғанның өзi 40 күндiк ғибадатты қаза қылады екен. Тіл-көзден сақтайтын дұғалар ешқашан ақшамен өлшенбейді.

Арайлым НҰҒЫМАНОВА, Атырау қаласы тұрғыны:

Аруақ кім көрінгенге қонбайды

Қызымның дертіне шипа іздеп талай емшіге барғаным рас. Нәтижесінде ұққаным, ауруынан ем іздеп емші, балгер, құмалақшыларға жақындап, уақыт жоғалтудың еш қажеті жоқ. Олар халық емі атын бүркемеленіп, алдына келгендердің сенімінен шығуға тырысады. Қабылдайтын күндерін де айтып, бірнеше уақыт ем жүргізгендей болады.

Аруақ кім көрінгенге қонбайды. Ал, оны өзі қалаған жерде отырып ұстай беру сенімсіз. Сондықтан, халық сеніміне кіріп, ел арасындағы жарнамасы жер жарған мұндайларды азайту үшін олардан қатаң тәртіпті  талап ететіндей жұмыстар  жүргізілсе деймін.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз