Жарнама
Қоғам

Көрші ақысы – тәңір ақысы

Соңғы кездері қым-қуыт тірліктің соңында жүріп, қарапайым адамгершілік қасиеттерді ұмытып, тарылып бара жатқандаймыз. Әсіресе, көпқабатты үйлерде тұратын, бір есіктен кіріп-шығатын жарлас көршілердің амандаспайтын халге жеткенін естігенде еріксіз көңілің құлазиды екен. Ең сорақысы, бүгінде қалада көршісінің үстінен шағымданып, болмашы нәрсе үшін араздасып жүргендер де жетерлік. Ал бұрындары үлкендер қойы қоралас жандармен жақын араласып, алысқа жол тартса бір-біріне үйін тапсырып кететін. Көрісу кезінде де ең бірінші «шай сұраса, май қосып беретін» кең пейілді, дархан жүректі көршіге барып көрісетін. Жылдар өте келе сол ыстық ықыластың сейіліп бара жатқаны өкінішті. 

«Аманатқа қиянат жасамады»

Қазақ әуелден-ақ сыйластыққа мән беретін текті халық қой. Хадиске көз жүгіртсек, «көрші ақысы» деген түсінік мұсылмандар үшін бірінші кезекте тұрады. Атадан балаға мирас болып қалған даналық сөздерді ескерсек, еліміз кенеттен іс түскен уақытта жәрдем етер әуелі Алла, содан кейін көрші деп білген. Осынау қарапайым қағиданы естен шығармай, сирек болса да игі дәстүрімізді ұстанып келе жатқан көршілер жайлы оқиғаларды естігенде жанымыз жыли түсетіні жасырын емес. Біздің бұл материалды жазуымызға да қала орталығында орналасқан Жарбосынов көшесіндегі №83В үйдің 2-подъезінде тұрып жатқан тату көршілердің достық, адалдық, адамгершілік, сыйластық қарым-қатынастары түрткі болды. 

– Жақында көрші қаладан көлік сатып алмақ болып оны жеткізу жолын іздей бастадым. Өйткені, өзім де, жолдасым да белгілі себептермен бара алмайтын едік. Амалым таусылған соң көршіме хабарласқан едім, ол өтінішімді екі етпей, бірден келісе кетті. Айтқан күні-ақ ақшамды көршім Азамат Ержановтың қолына ұстатып, таксиге отырғызып  жібердім. Ол да аманатқа қиянат жасамай, көлікті толықтай тексеріп, құжаттарын толықтай рәсімдеп, сол күні түнделетіп «темір тұлпарымызды» жеткізіп берді. Шыны керек, қазіргідей адамзат адами қасиеттерден жұрдай болып бара жатқан заманда көршімнің қол ұшын созғанын үлкен ерлікке баладым. Азамат – мақтауға тұрарлық, атына сай жігіт. Ол қандай жағдайда да қолынан келген көмегін аямайтын адал дос. Осыдан он жыл бұрын көшіп келгеннен көршілермен танысқан едік. Сол уақыттан бері байланысымызды бір сәт үзбей келеміз. Күн сайын бір-біріміздің үйімізге барып амандық сұрасу өз алдына, қандай жағдай болса да ең алдымен осы көршілерімізбен бөлісетінбіз,-дейді Жәнібек Серікұлы. 

«Ағайындай болдық»

– Бірде отбасымызға көңіл айтуға жолдасымның әріптестері келетін болды. Көпқабатты үйде тұрғандықтан, бір мезетте бірнеше адамды қарсы алу мүмкін емес еді. Көршілерге қолқа салуға тура келді. Олар бірауыздан келісті. Сөйтіп, бір уақытта үш пәтерде дастархан жайдық. Көрші қыз-келіншектер шәй құйысып, келген кісілерді күтіп алуға көмектесті. Қазақта «құда мен көршіні Құдай қосады» дейді. Демек, біздің көршілерден жолымыз болды деуге негіз бар.

Ал жаз айларында бәріміз жан-жаққа қыдырып кетсек, бір-біріміздің үйімізге кілттерді қалдырып кетеміз. Әрине бұл бір қарағанда қарапайым, елеусіздеу көрінгенімен, көршілерімізбен арамыздағы қарым-қатынас көпке үлгі боларлық жағдай. Жылдар өте келе көршілігіміз ағайынға ұласып, бір-біріміздің балаларымызға кіндік әке-ана атандық,-деп бөлісті бізбен әңгімесін Айсұлу Ахмет.  

«Мерекені бірге тойлаймыз»

– Өмірімізде күнбе-күн, жүзбе-жүз кездесіп, туыс-туғаныңнан артық араласып, шүйіркелесе отырып шай ішетін жандар бар. Оны біз көрші дейміз. Қазір олармен ағайыннан да жақын бола түстік. Түскі асты ол үйден ішсек, кешкі уақытта қазан біздің үйде көтерілетін. Наурыз мерекесінде де көршілер болып бірігіп, наурыз көже дайындап, Ұлыстың ұлы күнін тойлаймыз. Міне, бойымызға әкенің қанымен, ананың сүтімен сіңген ұлттық болмыс осында деп білемін. Дегенмен көпшілік осы дүниелерден қалыс қалған сыңайлы. Кейбіреулерге қонақтап барсаң, көршісімен аман-саулық сұрамақ түгілі, танымайтынын айтып жатады. Кейде орта буынның көрші түгілі, бір-бірімен шаруасы жоқ. Бір сөзбен айтқанда, барлығы күйбең тірліктің соңында жүр. 

Жалған дүниені аяқтап, о дүниеге барғаныңда жаратушы Алла: «Көршіңмен қалай тұрдың?» деп сұрайды екен. Тату тұрсаң жұмаққа, қату тұрсаң тозаққа жібереді деген бар. Сондықтан көрші іргелес көршісімен күнде көріссе де, айлап көріспеген адамдай араласқаны жөн,-дейді Нұргүл Мұқанғалиева. 

«Үлкендерге көрісе келеді»

Осы үйдің тағы бір тұрғыны Айгүл Әлібаеваның айтуынша, үлкенді сыйлай білген дана халқымыз қай кезде де ұрпағына ұлылығын ұялатқан. 

– Егер бір сәт өткен өміріңізге көз жүгіртіп, балалық шаққа саяхат жасасаңыз, есіңізге ең алдымен бірге ойнап, бір жүрген көрші үйдің балалары, достарыңыз түсетіні анық. Себебі, қазақ қашаннан «Жақсы көрші тапқаның – мол олжаға батқаның» деп көршісін туғанындай жақын тартқан. Қызық-қуанышқа кенеліп думандатып жатсаң, бәрінен бұрын хабардар болып отыратын осы көршілер. Ал басымызға іс түссе, жырақтағы жақының талай шақырымды артқа тастап, жетем дегенше, ауладағы көршілер істің бәрін тындырып, тұрмысымызды түзей қояды. Жасымыз көршілерден бір-екі жасқа үлкен болғандықтан, қай қонақтықта да төріне шығарып, мереке сайын үйімізге келіп құттықтап жатады. Жасыратыны жоқ, бүгінде жұма күні жеті нан таратуға көрші таппай қалатындар да кездеседі екен. Бізде мұндай жағдай мүлдем болмапты,-дейді ол. 

«Жарықтың ақысын төлеп жіберіпті»

– Жас отбасы ретінде алғаш сатып алған пәтеріміз болғаннан кейін қуанышымызда шек жоқ еді. Көшіп-қонып жүргенде сатып алған үйіміздің иесінің коммуналдық қызметтер үшін төленбей қалған төлемақысы бар екенін білмей қалыппыз. Сөйтсек, бір күні «Атырау-Жарықтың» қызметкерлері келіп тоқты «қиюға» қамданып жатқанын көршім байқап қалмасы бар ма?! Ол өзге ұлттың өкілі болатын. Үлкен адамгершілік иесі бұл жақсылығын ешкімге айтпай-ақ, жарықтың ақысын төлеп жіберіпті. 

Кейін оның игі ісін басқа көршілерімізден естідік. Бұл жақсылық менің есімде мәңгілік сақталып қалды. Ата-бабаларымыздың «Сапарға шықпас бұрын серігіңді сайла. Үй салмас бұрын көршіңді ойла» деп тегін айтпағанына да көзім жетті, — дейді бізбен әңгімесінде тағы бір атыраулық тұрғын. 

Расында, ауызбірлікке, ынтымаққа құрылған қарапайым қалыптан танбай, қанға сіңген бұрынғы дәстүрлерімізден ажырамағанға не жетсін?! Көрші-қолаңды туысынан да жақын қабылдайтын текті халықтың ұрпағы екенімізді абзал іспен, ізгі амалмен дәлелдеуді ұмыт қалдырмасақ игі.

Айбөпе САБЫРОВА 

Коллажды жасаған Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button