Атырауда бір жылда 16 тағам түрі қымбаттады

2021 12 14 azyk Қоғам

Бұл мәселе бойынша Атырау қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Руслан Дәулетовке хабарласқан едік.

Ол кісі біздің сауалымызға орай былай деп жауап берді:

– Өткен аптадағы статистикалық көрсеткішке сәйкес, бағалардың өсу индексі – 0,2 пайызды құрады. Атап айтқанда, үш тауардың құнында өсім байқалды, олар: рожки – 3,8%, күріш – 0,7%, тұздалмаған сары май – 1,0%. Қалған 16 тауардың бағалары тұрақты. Жыл басынан бергі статистикалық көрсеткішке сәйкес, бағалардың өсу индексі 1,1 пайызға жетті. Деректерге қарағанда 6 тауар түрінің құны өскені байқалады, олар: рожки – 6,7%, күріш – 6,3%, күнбағыс майы 2,0%, тұздатылған сары май – 1,4%, сүзбе – 2,4%, пияз – 10,3%-ға көтерілді. Ал, үш тауардың бағасы төмендеген, бірінші сұрыпты бидай ұны – 97,1%, қарақұмық жармасы – 95,7%, қант өнімі – 97,9%), – деді бөлім басшысы.

Баға бағамы жайлы баяндаған Руслан Дәулетов жылдық көрсеткішті де бағамдауды ұмытпады. Айталық, өткен жылдың 25 қаңтары мен биылғы 24 қаңтар кезеңімен салыстырғанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке жататын тауардың 16 түрінен баға өскен.

Атап айтқанда, бірінші сортты бидай ұнынан пісірілген нан 1,7 пайызға, рожки – 37,1, күріш – 56,3, қарақұмық жармасы 19,4 пайызға, күнбағыс майы 14,6, сары май 31,1, сиыр еті 16,9, құс еті 34,5, айран – 2,8, сүзбе 17,2 пайызға, картоп 9,5, сәбіз 12,6, пияз 39,1, қант 43,4, тұз 40,7, ал жұмыртқа бағасы 26,4 пайызға көтеріліп кетті. Осы уақыт аралығында қырыққабаттың құны ғана төмендеп, екі тауардың бағасын тұрақтандыруға қол жеткен. Бөлім басшысы осы аптада бәсі жоғарылаған 3 тауарға тоқталды: Ол – күріш. Бұл өнім түрі өңірімізде өндірілмейді. Сондықтан тауар Ресейден және еліміздің Қызылорда, Алматы, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарынан тасымалданып отыр.

Қазіргі таңда көтерме бағада 350-400 теңге, ал қала сауда нүктелеріндегі бөлшек саудада 400-450 теңгеден сатылып жатыр. Рожки де солай. Жергілікті тауар өндірушілер арқылы Қызылорда, Алматы, Қостанай, Ақтөбе, Орал, Шымкент қалаларынан жеткізіледі. Сауда нүктелерінде 310-320 теңге, ал «Айналым схемасы» арқылы 40 сауда-саттық нүктесінде 308 теңгеден сатылуда. Мұнда да бағаның қымбаттау себебі: рожки өнімінің 90 пайызы көршілес облыстардан (ШҚО, Қостанай, БҚО, Алматы обл.) және Ресей, Белорусь мемлекеттерінен тасымалданады. Логистикалық шығындар мен рожки өнімінің қаптама бағасының өсуіне байланысты құны қымбаттап отыр.

Р.Дәулетов тұздатылған сары майға қатысты да осындай уәж айтты. Нарықта оның орташа бағасы 4725 теңгеден сатылып жатыр. «Айналым схемасы» арқылы 39 саудасаттық нүктесінде 3260 теңгеден тұр. Баға қымбаттауының себебі де сол таныс схема: «Сары май өнімі өңірде өндірілмейді, 100 пайыз көршілес облыстардан Шығыс пен Батыс Қазақстан, Қостанай, Алматы облысынан және Ресей, Белорусь мемлекеттерінен жеткізіледі».

Ербол ҚОШАҚАНОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз