КӨП БОЛЫП КҮРЕСЕР ІНДЕТ
«Нұрлы Жол» Жолдауынан бастау алған ел Үкіметінің бағдарламасын еліміздің экономикалық өсімін тұрақтандыруды, сондай-ақ, тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсартуды қамтамасыз ететін жарқын болашаққа арналған бас жоспар деп бағалауға болады. Онда елдің кемел келешегі жолындағы нақты мақсаттарға жету үшін қажетті жағдай жасауға барынша мән беріліп, тәуелсіз еліміздің дамуын тежейтін кедергілерді жою қажеттігі жан-жақты қарастырылған. Елбасының «Нұрлы Жол» –болашаққа бастар жол» Жолдауындағы шағын және орта кәсіпкерлікті, сонымен қатар, ірі кәсіпорындарды қаржыландыруға, сондай-ақ, елімізде алдағы жылдарда жүзеге асырылуы тиісті ұлан-ғайыр іс шараларды жүзеге асыруға Ұлттық қордан сан миллиард теңге бөлуге батыл шешім қабылдауы және оны жария етуінің өзі жайдан-жай емес.
Биылғы жылдан бастап тәуелсіз Қазақстанды өркенді дамытып, дүниежүзіндегі дамыған алдыңғы қатарлы озық 30 елдің қатарына қосу мақсатында ауқымды істер қолға алынбақ. Мұның өзі еліміздің әрбір азаматының бойына айрықша күш-жігер беріп қана қоймай, кім-кімді де жарқын болашаққа ұмтылдыратыны рас. Таяуда елімізде 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы он жылдық стратегиясы қабылданды. Осы құжатқа сәйкес, қазіргі күн электронды формат түрінде көрсетілетін мемлекеттік қызмет көлемін арттыру, мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыру жүйесін енгізу жөніндегі бірқатар жұмыстарды жүргізу көзделген. Бұған қоса, «Бір терезе» бағыты бойынша кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары ұсынатын қызметтердің де көлемі артып келеді. Мысалы, мемлекеттік кірістер департаменті 52 түрлі мемлекеттік қызмет көрсететін болса, олардың 26 түрі немесе 50 пайызы электронды түрде көрсетіледі. Демек, мемлекеттік орган мен кәсіпкерлер арасындағы тікелей, яғни өзара байланыстарды азайту нақты жолға қойылды.
Сонымен қатар, департаменттің Ақпараттарды қабылдау және өңдеу орталығы жөнделіп, қайтадан өзгертіліп, онда «кезектілікті басқарудың электронды жүйесі» орнатылды және 40 жұмыс орнына арналған арнайы «терминал» ашылды. Осы жерден салық төлеушілер өздерінің салық есептіліктерін жібере алады. Бұл да кәсіпкерлерге оңтайлы жағдай туғызумен қатар, өзара байланыстарды болдырмауға себепші.
Айта кету керек, бұл күнде салық есептіліктерінің 90 пайыздан астамы электронды түрде өткізіледі. Департаменттің мемлекеттік қызметтер Басқармасы тұрақты түрде көрсетілетін мемлекеттік қызметтің сапасын бақылап отырады.
Дегенмен күнделікті өмірде тұрғындар мен салық төлеушілердің алдынан кездесетін қандай да бір толық шешімін таппаған мәселелер, салық және кеден заңнамаларын жете түсінбеушіліктер болады. Осындай өзекті мәселелерді заңдылық тұрғысынан оңтайлы шешу және де осыған бағытталған ұсыныстарды енгізу мақсатында департаменттің жанынан арнайы қоғамдық-консультативтік кеңес құрылып, жұмыс жасай бастады. Бұл қоғамдық кеңестің 25 мүшесі бар, олардың қатарында: «Нұр Отан» Партиясының, Ұлттық кәсіпкерлер «Атамекен» палатасының, облыстық жұмыс берушілер мен кәсіпкерлер Одағының, кәсіпкерлік құрылымдардың өкілдері бар. Сондықтан, біздің департаменттің жанындағы қоғамдық кеңес отырысы өзекті мәселелерді терең талдайтын трибунаға айналады деген сенімдеміз.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аясында мемлекет пен азаматтық қоғам өкілдерінің өзара тиімді байланысын орнату, жеке және заңды тұлғалармен және үкіметтік емес ұйымдармен ықпалдасу, азаматтық қоғамның сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі мен мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру бағытында аса маңызды іс-шараларды жүзеге асыру – қоғамдық кеңес мүшелерінің басты парызы және міндеті болып табылады. Ең бастысы, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, оның алдын алу қоғамдық кеңестің басты мақсаттарының бірі болуы қажет. Біздің департаментке қаржы полициясының экономикалық заң бұзушылықтарды анықтау, олардың алдын алу және болдырмау, сонымен қатар, «көлеңкелі» экономикамен күрес функциялары берілді. Сондай-ақ, департаментте ішкі қауіпсіздік басқармасы және қызметтік тергеу бөлімдері құрылды. Бұл құрылымдар да біздің қызметкерлер көрсететін мемлекеттік қызметтің сапасының артуына себепші болып, қызметкерлеріміз арасындағы сыбайлас жемқорлыққа жол бермей, оның алдын алуға үлкен тосқауыл болмақ.
Осылай, еліміздің мемлекеттік бюджетінің кірістерін толықтыруда, әкімшілендіру және еліміздің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, экономикалық қылмыстармен күресуде мақсаты ортақ, міндеті айқын мемлекеттік орган болдық. Біздің департаментке жүктелген бұл міндеттерді іске асыру үшін өз қызметкерлеріміз бен салық төлеушілердің ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік көзқарасын қалыптастыра білсек, көздеген нәтижеге қол жеткізетініміз анық.
Мәди Такиев,
Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер
департаментінің басшысы.