Көңілге сенім ұялатты

61de52c56641e373355262 Қоғам

Бүгінгі Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде биыл 200 мың жастың жұмыспен қамтылатынын естіп, көңілімізге қуаныш ұялады. Өйткені, биыл бітіруші түлек ретінде мені алдағы күнім, еңбекке араласу ісі  алаңдатын.

Шынын айту керек, қолына дипломын жаңа алған жасты еңбек тәжірибесі болмағандықтан кез-келген жер жұмысқа алғысы келмейді. Салдарынан мыңдаған жас мамандығы бойынша қызмет ете алмай уақытын бос өткізіп алады. Осындай сәтте жастардың сенетіні – «Жастар практикасы».

Бізге дейін де бұл бағдарлама көптеген жастың жұмысқа орналасуына себепші болды. Естуімізше, түлектердің көпшілігі тәжірибеден өткен ұйымда жұмыс істеуге қалады. Әрине, көп нәрсе үміткердің өзіне де байланысты. Егер ол жастар тәжірибесі барысында өзін танытса, жұмысқа тез кірісіп кете алған болса, оған тұрақты қызметкер ретінде қалу ұсынылатынын білдік.  Ал, олай болмаған күннің өзінде де белгілі бір жұмыс өтілін жинақтаймыз.

Үкімет отырысында біздің осы мәселеміз де назардан тыс қалмай Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы  биыл болжам бойынша еңбек нарығына 300 мың жас маман келетінін айтып, олардың жұмыспен қамту мәселесіне мән берді. Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің сөзінше, биыл «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламалары мен жастарға берілетін шағын несиелер аясында 200 мың жас жұмыспен қамтылмақ.

Бұл жаңалық мен секілді мыңдаған жасқа үміт сыйлап отыр. Себебі, жылдар ойы оқыған білмнің нәтижесін көру, ата-ананың еңбегін ақтау – студент жастардың басты мақсаты.

Айым СӘКЕНҚЫЗЫ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің

IV курс студенті

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз