Жерлесіміз Тыныс Бисалиев – Әлем чемпионы

Тыныс – ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ 1 Жаңалықтар

Жуырда Әзербайжанның астанасы Бакуде өткен грэпплингтен әлем чемпионатында жерлесіміз Тыныс Бисалиев жеңімпаз атанды. Еліміздің абыройын асқақтатқан спортшыны сенбі күні Атырау жұрты әуежайдан қарсы алды.

Тыныс – ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ

Грэпплинг спорттық жекпе-жектің бір түрі. Ол самбо, дзюдо, еркін күрес және бразилиялық джиу-джитсудің негізінде пайда болған. Жаңа жауынгерлік өнердің өзгелерден өзгешелігі де бар. Мұнда қарсыласты тұншықтыратын немесе ауыр жарақат салатын әдістер қолданылмайды. Спортшының қара күші емес, техникалық шеберлігі жоғары бағаланады.

«2010 жылдан бері әлемде грэпплинг спорт түрі кеңінен қанат жая бастады. Қазір онымен айналысушылар саны елімізде көбейіп келеді. Жылдамдық, ептілікті қажет ететін жекпе-жекке мен де ерекше ден қойып,  айналысып келемін. Бүгінгі жеңісімді соның нәтижесі деп білемін», – дейді әлем чемпионы Тыныс Бисалиев.

Тыныс – ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ-2

Атыраулық спортшы 100 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түсті. Оның алғашқы екі қарсыласы да әзербайжандық палуандар болатын. Отандастары зор қолдау көрсеткенімен, Тыныс бәсекелестерінен озық көрінді. Ал, финалдағы қарсыласы Ресейдің атақты чемпионы, талайдан айласын асырған хас шебер-тұғын. Дегенмен, бұл жолы жерлесіміздің шеберлігі шын мықтыны анықтады. Ұпай санымен Тыныс Бисалиев жеңімпаз атанды.

Халықаралық  дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның атын әлемге танытқан жерлесіміздің алдағы күнге жоспары бар. Оның ендігі ойы – ізбасарлар дайындау. Осы мақсатта жуырда Атырау мұнай және газ университетінде грэпплингтен спорт үйірмесі ашылмақ. Айта кетейік, Тыныс Бисалиев бүгінде «Қазтехмұнайсервис» ЖШС-де қызмет етеді.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз