БІЗДІ ТЫҒЫРЫҚТАН ЕЛБАСЫ АЛЫП ШЫҒАДЫ

Үстіміздегі жыл – бірнеше тарихи даталарды тоғыстырған ең мерейлі жыл. Сол даталардың қай-қайсысы да – Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ата Заңымыз бен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдықтары – бәрі өз дәрежесінде ойдағыдай аталуда. 

 

Мен барша атыраулық қариялар сияқты ұзақ жыл еселі еңбек етіп, енді сол бейнеттің зейнетіне бөленудемін. Жас күнімізде талай қиыншылықты көзімізбен көріп, аш та, жалаңаш та болдық қой. Қазіргі күні соғыстан бұрынғы, одан кейінгі жылдардағы қиындықты ешкімнің басына бермесін деп тілейміз. Оның қасында сонау тоқсаныншы жылдардағы тағам көзінің аздығы, әр қолға есеппен берілуі түк еместей болып қалады.

Өзінің тұңғыш Президент болып таққа отырған күнінен бастап Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекетіміздің өркендеп, өсуі үшін қаншама Заң, Жарлық шығарып, Қазақстан халқына Жолдау арнады. Ал, күні кешегі «100 қадамы» алдағы бас жоспарымыз емес пе?! Осындай келелі істерді жүзеге асырып, халықтың әл-ауқаты мен тұрмыстық жағдайын жақсартпақ ниеттегі Елбасымыз төл теңгеміздің еркін айналымға түскеніне орай тағы да бірқатар шараларды қолға алды. Біз, зейнеткерлер, ел басына қандай қиындық түссе де, көреген саясат иесі – Президентіміздің туған халқын тығырықтан алып шығатынына жүз пайыз сенеміз. Өйткені, ол – мықты саясаткер, әрбір ісі мен қадамын байыппен бастайтын ақылды да сабырлы, кемеңгер көсем.

Біз, қазақтар, маңдайымызға осындай Елбасының бұйырғанына қуанамыз. Сан түрлі ұлт пен ұлыстың өзара берік достықта, қоян-қолтық тірлікте өмір сүріп жатқаны, расында да Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегі екенін білеміз. Сөзімнің соңында, тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деген тілек айтамын.  

Құрмет НҰРСАРИЕВ,

«Нұр Отан» партиясының мүшесі, ҚР Ішкі істер қызметінің құрметті ардагері.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз