Көне дәстүрді қалай ұлықтап жүрміз?
Амал күні қазағым көріседі, Көрісу, бұл – көненің желісі еді. «Жасың құтты болсын!» деп жамырасып, Ақ ниетпен адал қол беріседі, — деп ақындар жырлағандай, батыс өңіріне тән көрісу дәстүрі соңғы жылдары еліміздің өзге аймақтарында да кең көлемде атала бастады. Бүгінде аға ұрпақ өкілдері осынау көне дәстүрді әлі де ұлықтай түсу қажеттігін айтып жүр. Талай ғасырлық тарихы бар көрісу дәстүрі туралы әр буынның өз айтары бар.
Бұрын адамның ықыласы ерекше еді
Сағыз ауылының тұрғыны, биология ғылымдарының кандидаты Жәнібек Аралбаевтың айтуынша, қазақтың жыл санауы бойынша әрбір айдың 14-де жаңа ай туады.
– Ақпан айында терезеден түсетін жарық сәулені қазақ халқы «үт» деп атаған. Атырау-Жайық елінде бұрынғы кездерде бұл айды «Құт» айы деп атаған. Қазіргі күнтізбе бойынша ол ақпанның 14-нен басталады. «Құт туғанда көлденең жатқан бір тал шөпке «жан» енеді» дейді халық. Наурыздың 14-ін халқымыз жаңа жыл деп есептеген. Бұл күнді Қытай, Моңғолия еліндегі қандастарымыз әлі күнге дейін жаңа жыл ретінде атап өтеді екен. Өз басым наурыздың 14-і мен 23-і аралығында балаларға демалыс беріп, қалған мерекелерді қысқарту керек деп есептеймін. Балалардың он күн демалысында алыс жатқан ағайын бір-біріне көрісуге барады. Жаңғыру деп осыны айту керек. Біз бала кезімізде таңғы 6-да тұрып үлкендерге көрісетін едік. Бүгінде өзім тұратын көшедегі үлкендердің қатарындамын. Көрші жеңгелеріміз бар, сол кісілерге көрісіп кіріп шығамыз. Олар да дәметіп отырады.
Бұрын наурыздың 14-і күні наурыз көже пісіріп, әзірлеп қоятын. Қазір бұрынғыдай емес, ағайынның арасы ажырап бара жатыр. Көрші көршіге кірмейтін, араласпайтын жағдайға жеттік. Әсіресе 40-қа дейінгі орта буын өкілдері оған көп мән бермей жатады. Тоқырау басталғанда жетілген балалар болған соң ба, тасбауыр көрінеді. Дегенмен, ауызды құр шөппен сүрте алмаймын, жасы кішілер жағы үйге келіп көрісіп жатады ғой.
Қазір тұрмыстың түзелген кезі. Бұрын біздің бала кезімізде қазіргідей байланыс жоқ, көлік көп қатынамайтын кез болды. Пойыз ғана жүретін. Қарауылгелді ауылында екі ағамыз тұратын. Қателеспесем біздің ауылға түнгі 2-де тоқтап, таңғы 5-те жүретін пойыз болатын. Бүгінгідей телефонның жоқ кезі. Сол екі ағамыз пойызды пайдаланып әкеме көрісуге келетін. Ол кезде түнде жарық болмаушы еді. Пешке от жағу қажет дегендей… Оның үстіне қонақ та хабар айтпай келеді ғой. Сонда шешемнің қуырдақ қуырып, шай қайнатып, аттандырып жататынын талай көргенбіз. Осындай үлкен дәрежеде сыйластық болды. Жасы кішілердің үлкенге көрісуі міндет саналды. Қазақта «қыз берген аттан түсіп амандасады, қыз алған атта тұрып амандасады» деген сөз бар.
Қыз берген адам құдасына өзі барып көрісіп келсе де болады. Менің тұрмыстағы қызым бар, оларға өзім барып көрісемін. Құдаларға да солай айтып қойғам. Тұрмыс құрған қыздың өз үйіне көп бара беруіне де болмайды, — дейді ауыл тұрғыны.
Тыныштықтың қаймағы бұзылмасын
Бүгінде сексеннің сеңгіріне аяқ басқан мақаттық ардагер мұнайшы, өлкетанушы Орақ Деңгелбаев та көрісу күнін ерекше мереке ретінде қабылдайтынын айтады.
– Ес білгелі ағайын-туысты аралап, көрісу дәстүрін ұстанып келе жатырмыз. Бұрын бұл дәстүр басқа өңірлерде көп байқалмайтын еді. Менің ойымша, соңғы 3-4 жылда кең көлемде аталып келеді. Біздің жақта әдетте наурыздың 15-інен бастап үйдегілерге, көршілерге көрісе бастаймыз. Үлкен кісілер бата береді. Қолымда бала-келінім, немерелерім бар. Бәрі де бұл ұлық дәстүрді біледі. Қолдарынан келгенше ескерусіз қалдырмайды. Жастар жағы атабаба дәстүрін ұмытпауы керек. Ескіше жаңа жыл саналатын бұл күнді жастарымыз жаңғыртып, үзілмес дәстүрге айналдыруы қажет. Ата-баба дәстүрін сақтау керек. Кешегі қиын кезеңде де аға буын өкілдері бұл күнді ескерусіз қалдырған жоқ. Ал, бүгінде шүкір, ел аман, жұрт тыныш. Сондықтан да тыныштығымыздың қаймағы бұзылмасын. Жаңа жыл қазақ еліне құтты, табысты болсын! — деді Орақ Ерғалиұлы.
Бата алуға асыққан
Исатайлық көпбалалы әже Қансұлу Мұхтарова бұрын үлкендердің батасын алу үшін ертемен оянып, көрісетіндерін, содан соң жұмыстарына асығатынын айтып еске алды.
– Біз қазіргі жастардай арқа-жарқа болып жүргеніміз жоқ, еңбекпен есейдік. Әкемізден жастай қалдық. Анамыздың етегіне жармасып жүріп жұмыс істедік. Бесінші сынып оқып жүргенімізде колхоздың 15 сиырын сауатын едік. Біздің бала кезімізде бұл мейрамды тойлау 14 наурыздан бастау алды. Ел-жұрт емен-жарқын көңіл-күймен құшақтасып көріседі. Тұлымшағы желбіреген бүлдіршін болсақ та, жасы үлкен жандармен көрісіп, батасын алу біз үшін бұлжымас қағида болатын. Ала таңнан үй-үйді аралап, көрісуге асығатынбыз. Жадыраған кейіппен есен-саулық сұрасып, мал-жанның амандығын тілеп, үлкендер жағы бір қауқылдасып қалатын. Көрісіп жүруге де уақытымыз тығыз болатын еді-ау. Жұмысқа шыққанша үлкендерге көрісіп шығамыз. Қазіргі көрісуді сол кезбен салыстыра алмаймын. Аллаға шүкір, қазір жаныңа не керектің бәрі бар, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман ғой. Заманымыз тыныш, аспанымыз ашық, пейіліміз кең болсын, — дейді ақ жаулықты әже.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ