Кез келген игі істің сауабы болады

bez imeniucucaupu Қоғам

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы Атырау облысына жасаған іссапарында көктемгі тасқын судан жапа шеккен құлсарылықтарды сабырға шақырды.

Бұл туралы облыстық «Иманғали» мешітінің «Amin.kz» ресми сайтында жарияланды. Тұрғындармен кездесу барысында сынаққа мойымай, сабырлықпен қабылдаған жағдайда сауабы әлдеқайда көп болатынын жеткізді.
– Өмір сынақ алаңы болғандықтан адам баласының басына қуанышты жағдайлармен бірге қайғының да қатарласып келетіні белгілі. Ешбір пенде өз өміріне Алла Тағаладан тауқымет пен сынақты сұрап алмайтыны анық. Алайда мұсылман өз басына сынақ келген жағдайда оған сабыр етуі қажет. Кез келген игі істің белгілі сауабы болады. Ниеттің шынайылығына орай он еседен жеті жүз есеге дейін сауабы еселеніп беріледі. Ал қиындыққа шынайы сабыр етудің сауабы әлдеқайда көп болмақ,- деп Нурызбай қажы Тағанұлы құлсарылықтардың үрейлі көңілін басып қайтты.
Жалпы іссапар барысында Бас мүфти еліміздің кей аймақтарында жарияланған төтенше жағдайға байланысты құрбан шалу рәсіміне қатысты. Ондағы басты ниет – халқымызды, еліміз бен жерімізді түрлі табиғи апаттардан, зілзала мен індеттен аман сақтап, тасқын судан зардап шеккен жерлестердің басына түскен сынағының қайырын сұрау.
Сондай-ақ Ораза айт мерекесіне орай ҚМДБ төрағасы атынан атыраулық 250 еріктіге дастарқан жайылды. «Ертеден келе жатқан «Асар», «Жылу жинау» дәстүрлерін қазіргі ұрпақ ұстанып келе жатқаны көз қуантады. Қазір халыққа көмектесетін сәт. Сондықтан күшімізді біріктіріп, қайырымдылық жасаудан шаршамаңыздар» деп тілегін білдірді Бас мүфти.


Малика ТӘКЕЖАНОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз