Коммуналдық саладағы келеңсіздіктер
Коммуналдық проблема қала мен ауылға бөлінбейтіні анық және ол ешқашан өзектілігін жоймайды. Жасыратын не бар, қазір Атырау қаласында жертөлесі суға толы үй көп, сондықтан пәтерлердің ішіне дейін дымқыл тартып кеткен. Жаз басталса ызыңдаған маса маза бермей, сасық иіс қолқаны қабады. Ал, монополистердің электр қуатын ескертусіз өшіруі де абоненттерге көптеген қолайсыздық туғызып жүр. Қыс кезінде жылу радиаторлары да дұрыс жылынбайды. Осындай қордаланған мәселелерді тілге тиек етіп, редакциямызға оқырмандар да жиі хабарласады.
Бұл қалың бұқара арасындағы күрмеуі шешілмейтін мәселе болғандықтан, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер де жиі назар аударатын болды. Өткен жұма күні «Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының басшылығы өткізген есептеу құрылғыларын қондыру және төлемдерді өндіру тақырыбындағы «дөңгелек үстелге» барлық монополистік құрылымдар мен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі, салалық басқару нысандары мен қызмет көрсетуші компаниялар басшылары қауымдастығының өкілдері қатысты.
Басқосуда жылу есептегіш құралдарына қызмет көрсету мәселесін бірінші болып «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын басқарушы, сервистік компаниялар және басқару нысандарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы Шолпан Тоқсейітова көтерді. Шолпан Әбубекқызы Атырау қаласындағы 700-ге жуық көп қабатты үйдің көпшілігінде жылу есептегіш құралы орнатылғанын айтты. Есептегішті орнату және сол үшін ақы алатын бірден-бір монополист – «Атырау жылу жүйелері» АҚ. Одан әрі есептегіштерді абоненттердің меншігіне «Атырау жылу-қуат орталығы» АҚ өткізді. Енді пәтер иелері кооперативтері (ПИК) немесе мүлік иелері бірлестіктері (МИБ) осы құрылғыларды калибрлеу мәселесімен бетпе-бет келіп отыр. Әрине, кез-келген өлшеу құралын тексеріп отыру қажет. Ал, жылу есептегішін тексеру әр МИБ/ПИК үшін кемінде 200 мың теңге шығынға түсіп тұр.
Бүгінде облыс орталығындағы жылу есептегіш құралдарына «Махамбетов» жеке кәсіпкерлігі тексеру жүргізеді екен. «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ сауда қызметінің басшысы Василий Лидің айтуынша, егер лицензиясы мен сертификаты болса, кәсіпорын жылу есептегіш құралдарын тексеруді кез-келген мекемеден қабылдайды.
– «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңда бұл тармақтар нақты көрсетілген. ПИК ұсынған пәтер иелері негізгі шартты құжаттардың болуын ескере отырып, есептегішті тексеру үшін кәсіпорынды өздері таңдайды. Ол үшін аккредиттелген компаниялардың тізімі жарияланған техникалық реттеу веб-сайтынан іздеп көруге болады, — деді В.Ли.
Ал, ПИК/МИБ басшыларының бұған қатысты пікірі өзгеше. Олардың айтуынша, жылу есептегішін тексеру үшін 200 мың теңге төлеу – кооперативке көп шығын.
«Оған бөлек ақша жинау іс жүзінде қиынға түседі, өйткені ай сайынғы пайдалану шығынын да тұрғындардың тең жартысы ғана төлейді. Соның кесірінен жылу есептегішті қабылдау және жеткізу мерзімі кешіктіріліп, жылумен қамтамасыз етуде проблема ушығып барады», — дейді олар.
Ал, айдың соңында жылу есептегішінің дұрыс жұмыс істемеуі абонент үшін өте тиімсіз. Өйткені, олар төлемдерді нақты емес, тек электр қуаты үшін төлеуге мәжбүр. Сол себепті «дөңгелек үстелде» жылу есептегіш құралына қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселесі де талқыға түсті.
– Жылу қамту мекемесінің қызметкерлері жағдайға тереңірек үңіліп, жазалау шараларын бірден қолданбағаны жөн. Өйткені, көп қабатты үйлер тұрғындарының әлеуметтік жағдайы әртүрлі, оларға электр қуатын төлеу өте қиын болуы мүмкін, — деді Шолпан Тоқсейітова.
Атырау жылу-электр орталығы өкілдерін толғандырған тағы бір мәселе – жылумен жабдықтауды қосудың жайы. Олар жылу берілген алғашқы екі аптада әдетте абоненттердің көпшілігі радиаторлардан жылуды сезбейтінін алға тартты. Өйткені, көп қабатты үйлерде қысым, температура жеткіліксіз болады да, әртүрлі себеппен ауа жоғары қабаттарға жетпейді. Алайда тиісті төлем жылу-электр орталығынан абонентке жылу берілген күннен бастап толық төленуі тиіс.
– Сондықтан, біз пайдалануға беру мерзіміне сай арнайы тариф енгізуді ұсынып отырмыз. Мысалы, биыл «Береке» шағынауданындағы кейбір тұрғындар 20 күн бойы жылусыз отырды. Ал есепшот толық жылумен қамтамасыз етілгендей көрсеткіш шығарады. Тұрғындардың наразылығы осыдан туындап отыр, сондықтан бұл жерде оңтайлы шешім табу керек, — деді басқосуға қатысқан қалалық ТҮКШ бөлімінің өкілі Темірлан Әубекеров.
«Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының басшысы Балжан Досмұхамбетова бұл жағдай заңмен реттелетінін және қызмет көрсету сапасы туралы тармаққа әсер ететінін айтып, сондықтан Атырау облысы бойынша монополияға қарсы департаментіне хат дайындалатынын қаперге берді.
«Дөңгелек үстел» барысында ПИК/МИБ өкілдері электр қуатының жиі өшіп қалуы, соның салдарынан су мен жылу берудің тоқтап қалуы туралы да сөз қозғады.
Айта берсе, «Атырау облысы Су арнасы» мекемесінің жұмысына да шағым көп. Мысалы, кәріз құдықтары толып қалғандықтан көп қабатты үйлердің жертөлесі суға толып тұр. Ал, бұған мекеме өкілінің де өз уәжі бар екен. Оның айтуынша, қазір облыс орталығындағы канализациялық сорғы станциялары күрделі жөндеуден өтіп жатыр, алдағы уақытта жұмыс жүйеленетін көрінеді.
Жиында «QazaqГазАймақ» газбен жабдықтау компаниясына қатысты қойылған сұрақтарға да тиісті мамандар жауап берді.
«Дөңгелек үстелдегі» пікірталастан ұққанымыз – бұл салада қордаланған мәселе көп. Екі тарапты тыңдай отырып, атам қазақтың «Би айтса бидікі жөн, құл айтса құлдікі жөн» деген сөзі еске түсті. Себебі, тұтынушыға сапалы қызмет көрсетілуі тиістігі Заңда тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Ал, қызмет көрсетуші тарапынан айтылған уәжде ондаған жылдар бойы жөнделмеген желі, ауыстырылмаған құбырдың жайы кесе-көлденең шыға береді. Соған қарағанда, бұл тақырыптағы әңгіме бірер басқосумен бітпейтін тәрізді. Оған миллиардтаған қаржы жұмсалып, қатаң қоғамдық бақылау жасалғанда ғана нүкте қойылмақшы.
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Коллажды жасаған Сая РАМАЗАНОВА