Жарнама
Қоғам

ҚОЛЖЕТІМДІ ТҰРҒЫН ҮЙДІҢ ҚАРАПАЙЫМ ФОРМУЛАСЫ

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде енді балл оңай формулада есептелінеді.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары арзан баспанаға ие болу мүмкіндігін енді өздігінше есептей алады. Бұрын-соңды мұндай оңай арифметикалық формула болмаған еді. Есептеудің жаңа жүйесі жаңа пулдарға қатысушыларға және қосымша қатысушыларға қолданылады.

— Балл есептеудің жаңа жүйесінде біз үш қағидатқа сүйенеміз. Олар – ашықтық, қарапайымдылық. Бұл – есептелінген балдың дұрыстығын әр клиент өзі тексере алады деген сөз. Сондай-ақ, әділеттілік. Жалпы балда бағалау көрсеткіші шешуші рөл атқарады. Салымшыны сипаттайтын да – сол. Жылжымайтын мүлік сатып алуға клиенттің қаншалықты мүдделі екенін оның тұрақты түрде қаражат жинақтауы көрсетеді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде шот неғұрлым бұрын ашылса, соғұрлым бағалау көрсеткіші жоғары болады. Сәйкесінше, балдары да жоғары болмақ. Бұрын клиенттер есептеудің қиын екенін айтатын. Филиалға келіп, біздің менеджерлердің көмегіне жүгінетін, – дейді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның Банктік өнімдерді әзірлеу және енгізу департаментінің директоры Ольга Хлыстова.

Енді мұны әркім-ақ жасай алады.

Жаңа формуладағы көрсеткіштер клиенттерге барынша түсінікті. Бар-жоғы үшеу ғана. Біріншісі – бағалау көрсеткіші (БК). Оны Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің сайтындағы жеке кабинетке кіріп, табуға болады. Екіншісі – жинақтаудың минималды сомасы (ЖМС). Ол әр клиенттің шартында көрсетілген. Үшіншісі – айлардағы жинақ жинақтаудың деректі мерзімі (ЖМ).

ЖБ=БК *ЖМС /1000 + ЖМ *10

– Айта кетерлік жайт, егер салымшының бірнеше шарты болса, онда алдымен олардың қайсысы жоғары балға ие болатынын анықтап алу қажет. Міне, сол бойынша пулға қатысуға өтініш беруге кеңес береміз. Сосын бұл жүйе клиенттердің әрбір шарты бойынша балды автоматты түрде есептеп, қатысушылар арасынан үміткерлерді іріктеп таңдайды. Балды есептеу нәтижесін Банктің сайтынан көруге болады, — деп түсіндіреді Ольга Хлыстова.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі енді үй құрылысының аяқталуына үш ай қалғанда «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасына қатысуға өтініш қабылдайды. Осылайша, адамдар тұрғызылған нысанды көріп, пәтер сатып алуға деген өз мүмкіндігін бағалап, банкке айтады. Пулға қатысу үшін клиент өзінің төлем қабілеттілігін растауы қажет. Табысы жеткілікті болса, салымшыға тұрғын үй алуға заем береді. Кейіннен сатып алуға болатын жалға берілетін тұрғын үй – баспанаға қол жеткізудің балама жолы.

– Тұрғызылған үйден пәтер таңдау кезінде заем алған салымшылар басымдыққа ие болады. Біз бұл үдерісті мынадай сызбада автоматты түрде жасап шықтық: Банктің сайтында жаңа үйдің сызбасын орналастырамыз, ал пулға қатысушылар пәтер терезесінің қай тұстан шыққанына қарап, өзіне ұнаған қабатын таңдай алады. Бүкіл мәліметтер біздің жүйеде бірден тіркеледі. Әрі қарай шарттың қосымша келісімі жасалып, салымшыға бағдарламаға қатысушы мәртебесі беріледі. Онда тек мекен-жай ғана емес, салымшы таңдаған нақты пәтердің нөмірі де жазылады. Үй пайдалануға берілген соң, әкімдік клиентпен сатып алу-сату немесе жалдау шартын жасасады, – деп әңгімелейді Ольга Хлыстова.

БҰҰ-ның әлеуметтік стандарты бойынша, бір отбасының 3,5-4,5 жыл ішінде эконом-сыныпты пәтерге қаражат жинауға мүмкіндігі болуы қажет.

Қазақстандық көрсеткіштер бұл стандарттан кенже қалып отыр. Біздің елімізде үш адамнан тұратын орта тұрмысты отбасыға бұған үш есе көп уақыт керек. Сондықтан қол жетпейтін шаршы метрлерді қолжетімді етуге мемлекет жәрдемге келеді. Мемлекет жеңілдігі бар тұрғын үй салса, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі клиенттеріне төмен мөлшерлемемен заем береді. Бағдарлама берген мүмкіндікті пайдалану үшін алдымен ТҚЖБ салымшысы болу қажет. Арзан баспанаға тек соңғы бес жылда мүлде жекеменшік үйі болмағандар ғана үміткер бола алатынын да ұмытпаған жөн. Ал Алматы мен Астана қалаларынан үй алғысы келетіндер кемінде екі жыл бойы осы қалаларда тіркеуде тұруы тиіс.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жұмыс істей бастағаннан бері осы жүйеге сенім білдіріп, тұрақты әрі ұзақ уақыт ақша жинағандар бағдарлама бойынша ғана емес, бұрын салынған үйлер нарығынан да тұрғын үй сатып алды. Яғни бұл адамдар кемінде үш жыл депозитке ақша салып, қажетті соманың 50% жинақтады. Банк болса, оларға жылдық 5 пайызбен заем берді. Нарықта мұндай мөлшерлеме мүлде жоқ. Шаршы метрлердің көп бөлігі қазір осы сызба бойынша сатылып жатыр, – деп ой бөліседі Ольга Хлыстова.

Оның пікірінше, бұл сызбаның кәдімгі ипотекадан өзгешелігі – отбасыға ауыр салмақ түсірмейді. Еуропада кең таралған бұл тұрғын үй жинақ жүйесі адамды тәртіпке шақырып, жинақтау мәдениетіне тәрбиелейді.

— «Қолжетімді тұрғын  үй– 2020» бағдарламасына қатысуға тілек білдірген салымшылардың және алғашқыда қажетті балл жинай алмай, пулға ілікпей қалғандардың мүмкіндігі әлі алда. Бағдарламаның 2020 жылға дейін қаржыландырылатынын ескерген жөн. Демек, клиенттеріміз басқа пулдарға қатыса алады. Шарттың бағалау көрсеткіші және балл жоғары болуы үшін, бастысы – қаражат жинақтау, — деп түйіндейді Ольга Хлыстова.

Наталья КУТЛИНА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button