Жарнама
Қоғам

ҚОЙШЫҒҰЛ АҚЫНМЕН КЕЗДЕСУ

Бұл салтанат ақын шығармашылығының 50 жылдығына арналды. Ең алдымен сөзді аудан әкімінің орынбасары Бибоз Шаяхметов алып, ақынды шығармашылық жолындағы асқар асуымен құттықтап, аудан әкімінің Құттықтау хаты мен бағалы ескерткіш сыйлығын тарту етті.

Кездесуде ақын Қалидолла Ізекенов сөйлеп, Қойшығұл Өмірұлының Махамбеттің 200 жылдығын атап өтуді ұйымдастырудағы, жергілікті ақын-жазушылардың  кітаптарын «Ағатай» баспасынан мол етіп шығарудағы өлшеусіз еңбегін атап көрсетті. Ақынның тағы бір ерен еңбегі – «Армантау» жас ақындар клубының өмірге келуі. Ел арасында батыс өңірінде, оның ішінде «Атырауда айтыскер ақын жоқ»  деген ұғымның қалыптасқанын жасыра алмаймыз. Ал, осынау сеңді бұзып, Атырау аймағында айтыс өнеріне жас таланттарды баулып, қанаттарын қатайтқанын ешкім де ұмытпақ емес. Қазір біздің өлкеден түлеп ұшқан айтыскер ақындар бүкіл қазақ жұртшылығына танымал. Ақынның «Тұңғыш», «Бастау», «Мұң кітап» және  «Асаукер» атты төрт жинағы қазақ поэзиясы төрінде ерекше орын алады.

Қ.Ізекенов ақынға арнаған «Қайсар тұлға» толғауын төгілдіре орындады. Ақынның  «Тарпаң тағдыр», «Ақын», «Өмір» атты жырларын аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қызметкерлері  Гүлзия Спанова,  Айкөркем Тайлыбекова, Райхан Шауткенова жатқа оқыды.   Ал, Қойшығұл Өмірұлының  батыр бабамыз, қазақ халқының аяулы ұлына арнаған «Махамбеттің ариясы» мен «Махамбетке мұң шағу» дастандарын Миялы селосындағы Берқайыр Аманшин атындағы орта мектептің оқушылары Мөлдірім Сисенова мен Батырбек Аманбектер шабыттана жырлады.

Кеште «Арман» мәдениет үйі жанындағы «Ақжелең» фольклорлық ансамблінің әншілері Раушангүл Стомма, Зәуреш Жұмағалиева халық әні «Тойбазар», Ә.Темірхановтың «Атырау – асыл мекенім», Азамат Қабылов ақын, сазгер Табылды Досымовтың «Мен қазақпын» әнін шебер орындады.

Салтанатқа орай «Арман» мәдениет үйінде  «Айтпаған, ашылмаған жыр-қоймам бар» атты көрме жасақталды.  Көрмеде ақынның кітаптары, мақалалары мен  әр жылдары түскен фотосуреттері  қойылды. 

Кеш қонағы, ақын Қойшығұл Өмірұлы  Қызылқоға жұртшылығына өзінің ақ тілегін арнап, көкейінде жүрген ойларын, игі ниетін жеткізді.

 

Мағрупа ҚАЗИХАН.

Қызылқоға ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button