Жарнама
Қоғам

КӨГІЛДІР «ЖӘШІКТІҢ» КӨРІНБЕЙТІН СӘУЛЕТШІЛЕРІ


АЗАП ПЕН РАХАТ

Көрген жанды тамсандырып, санасына ой салар «Жайық жауһарлары», «Біздің елдің жігіттері», «Аманат», «Иман нұры», «Атырау қаламгерлері», «Эко-Атырау» секілді бағдарламалар бүгінде көпшіліктің ықыласына бөленуде. Ал, көрермендер сол бағдарламаның авторлары мен бейнебаяндардың жасалуына атсалысып, шығармашылықтың рахаты мен азабын тартатын телеарна ұжымының қым-қуыт тірлігі жөнінде көп біле бермейді. Өзімізге ұнаған көрсетілімді біз тек әрі кетсе 20-25 минуттың ішінде көріп шығамыз. Ал, осы хабардың тек монтажының өзіне бірнеше күн кететінін біреу білсе, біреу білмес. Асылы, тележурналистиканың қыр-сыры жөнінде сол мамандық иелерінің өздері әңгімелегендері жөн болар деп, біз журналистердің төл мерекесі қарсаңында оларды сөзге тартқан едік.
— Бір хабарды дайындау кем дегенде үш күндік уақытты алады, — дейді Атырау теледидарының еңбекқор журналистерінің бірі Балауса Халелова. — Әуелі белгіленген объектімен келісіп, бағдарламаның жобасы дайындалады. Содан соң түсіру басталады. Осы арада режиссер мен оператор жұмысқа кіріседі. Бұл жердегі редактордың басты міндеті – сұхбат берушіні еркін сөйлете алу. Түсірілген дүние монтаж үстелінде реттеледі. Бұл арада да режиссер мен монтаждаушының бірлігі үлкен рөл атқарады. Дыбыс операторы сол бейнематериалға арнап музыка әзірлейді. Дайын болған дүниені аға редактор тексереді. Содан соң бағдарлама көрерменге жолданады. Міне, бар-жоғы 20 минуттық хабарды дайындауға осыншалықты күш жұмсалады.
Жалпы, «Қазақстан-Атырау» телеарнасында рейтинг бойынша ең жақсы бағаға ие болып отырған телехабарлардың бірі – «Жайық жауһарлары» атты танымдық бағдарлама. Бұл біздің ән-күйіміздің тарихын насихаттайтын бірден-бір телехабар десек болады. Экраннан көрінгеніне әлі бір жыл тола қоймаған бұл бағдарламаның елең еткізер жаңалықтары көп болды. Сөзіміз дәлелді болу үшін бірер мысал келтіре кетсек, жақында ғана көрсетілген кезекті хабар көпшілік көрерменнің жан дүниесін тебірентті. Бұл сонау отызыншы жылдардағы қуғын-сүргін кезінде халық жауы деген жаламен елден қуылған Жаңбырбай күйші жөніндегі бағдарлама еді. Жастайынан күйшілік шеберлігімен көзге түскен Жаңбырбай елдің қамын ойлаған азамат болған. Содан ол қуғындалып, Сібірге жер аударылады.
Бірақ, арада жылдар өте күйші туған жерді аңсап, елге жаяулап жетеді. Сонда да өзі туған ауылға бара алмай, сол арадан үш шақырым жерде орналасқан көрші ауылдағы танысы Құрманның үйіне тұрақтап, сол үйдің астынан шұңқыр қазып, жан сауғалайды. Осы уақыт аралығында Жаңбырбай көкейіне келген жаңа күйін домбыраға түсіріп, Құрманға үйретеді. Бұл күйдің аты «Қоштасу» деп аталады.
Содан арада көп уақыт өтпей Жаңбырбай бақилық болады. Оның мәйітін ауылына апаруға жүрексінген Құрман Жаңбырбайды өзінің үйінің жанына жерлейді. Басына белгі қояды. Құрман Жаңбырбайдың күйі мен оның жерленген жерін тек қана Сырым деген жігітке айтып, күйді оған үйретіп, аманаттап тапсырады. Тек арада 37 жылдай уақыт өткен соң барып, Сырым ішіндегі сыры мен үйренген күйін көпшілікке жариялаған екен. Осылайша, Балауса бастаған «Жайық жауһарлары» бағдарламасының бір топ ұжымының атсалысуымен дүниеге келген тағы бір күйдің ғажап тарихының куәсі болдық.
— Бұл бағдарлама жөнінде өзге облыстардан да көрермендер көптеп хабарласып, ән-күй өнерінің тарихына бағытталған осынау жобаның жұмысына сәттілік тілеп жатты. Мұның өзі бізге үлкен қанат бітіреді. Кейде өзіміз дайындаған хабарды өзіміз экраннан көргенде бір марқайып қаламыз. Кейде мына жерінде бұлай ету керек еді деген де ойлар келіп жатады. Журналиске бұл да аса қажет қасиет. Өйткені, біткен іске сын көзбен қарау оны әрқашан да жетілдіруге себепші болады, — дейді осы бағдарламаның режиссері Ботакөз Қарабалаева. — Бұл – ұжымдық жұмыс. Журналист, режиссер, оператор, монтаждаушы, дыбыс режиссері секілді бес адамның қатысуымен, барлығының ойының бір арнаға тоғысуымен ғана жақсы дүние шығады. Осының ішінде журналист пен режиссердің бірін-бірі түсінуі өте маңызды рөл атқарады. Бұл хабарды дайындауға телеоператорлар – Медет Әдиетов, Айбек Өтемісов, Ержан Шеруенов сынды әріптестеріміздің де еңбегі сіңгенін айтқанымыз ләзім.

ОРЫНДАЛҒАН АРМАН

— Мен бұрын облыстың баспасөз тарихына арналған «Жылнамашылар» деген циклды бағдарламалар дайындағанмын. Газеттердің шығу тарихын көп зерттедік. Осы ретте де мен журналист жұмысының қыр-сырын көп үйрендім деп айта аламын. Одан басқа да «Атырау қаламгерлері» мен «Дегдар» атты бағдарламаларымыз көпшіліктің жүрегінен орын алды. Осы ретте біздің хабарларды сапалы қылып дайындауымызға ерекше қолдау көрсеткен бұрынғы басшымыз Әлібек Татанов пен қазіргі төрағамыз Асқар Әшімовтерге деген алғысымыз шексіз. Сондай-ақ, «Атырау қаламгерлерінің» режисері Ақшолпан Байқұтова да өз ісінің шебері дей аламын,-дейді Балауса. – Телеарнаның жұмысы қатты шаршатады. Бірақ, жалықтырмайды. Биыл біздің телеарнаның мүмкіндігі заманауи технологиялармен жарақталудың нәтижесінде кеңейе түсті. «Tricaster» виртуалды студиясы жаңа компьютерлік монтаждау жүйесімен, бейнекамералармен толықтырылды. Онда бас инженер Қазбек Кертаевтың еңбегі зор дей аламын.
Журналист болу мектеп кезінен бергі арманым болатын. Сол кезеңдерден республикалық газет-журналдарға жазған шығармаларымды жолдап тұрдым. Сол жазғандарымды басылым беттерінен көрген сәтте қатты қуанатынмын. Мектеп бітіргеннен кейін КазМУ-ге түсемін деп армандадым. Бірақ, үйдің кенжесі болған соң әкем мені алысқа жібергісі келмеді. Содан осы Атырау университетінің филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына түсіп, бітіріп шықтым. Жалпы, журналист пен филолог деген егіз мамандық қой. Екеуі де тіл маманы. Содан арада бірнеше жыл өткеннен кейін маған телеарнаға редактор болып келуге ұсыныс түсті. Ол кездегі төраға Айтқали Нұрғалиев ағамыз еді. Сол кісі арнайы шақыртып, содан бері осында қызмет етіп келемін. Осы күні кейде ойлаймын: Адам шын ықыласымен армандаса, сол жолда аянбай еңбек ете білсе, сол арманына жетеді екен. Бәрі тек ынтаға, ізденіске байланысты.
Айтпақшы, Балауса Пушкинқызы ылғи хабар соңында «Жауһарларымызды бірге терейік» дейді ғой. Меніңше, осы бір әдемі сөз тек «Жайық жауһарларына» ғана қатысты емес-ау. Өйткені, журналистика сөз өнері десек, қазақтың әрбір сөзінің өзі жауһар емес пе?! Ендеше, соны жалықпай теріп жүрген еңбекқор әріптестерімізге шығармашылық табыс тілейміз. Мерекелеріңіз құтты болсын!

Диас НАУРЫЗӘЛИЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button