ҚОҢЫР КҮЗДЕГІ ҚУАНЫШ

Өмір адам баласына неге қас-қағым сәт болып көрінеді екен? Әлде өмірдің адам баласы үшін қымбаттылығынан солай болып көрінетін де шығар. Ахметжанның өмірге келгені маған күні кеше сияқты болады да тұрады...

Ол туғанда мен алтыншы сыныпта оқитынмын. Қисым аға Папанин атындағы орталау мектептің директоры болатын. Алдыңғы жылы Кетешағыл деген ауылдағы Чкалов атындағы орталау мектептің директорлығын Оралдан оқу бітіріп келген Балжан деген апайға тапсырып, Орпа ауылына көшіп келді. Жазда Науан деген жігітке саздан тас бастырып, үлкен тас пәтер салғызып, күзде соған кірдік.

Қалим қыстауына сол жылы мектепке директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызметке келген Қабиев Құбаш деген жігіттің үй-іші кіретін болды. Құбаш – үйленбеген жігіт, Райхан деген анасы, Қисап деген інісі үшеуі ғана. Інісі менімен бір сыныпта оқитын болды. Сол жылы күзде салқын  ерте түсіп, құдықтың сулары мұз болып қатып қалды. Осы күзде біздің және ауылдық Кеңес төрағасы Жүнісов Мүбәрак, Бижанов Меңдіғали деген көршілес үш үйдің отбасы тосын ауыртпалыққа тап болды. Үш үйдің үлкендері біздің үйлерден сегіз шақырымдай жердегі Құспан дегеннің үйінде жол жүріп бара жатқан бейтаныс қонақпен бірге болады. Содан жұқтырса керек, түнде үш үйдің адамдары түгелдей ауырып, жатып қалды. Ауылдың пошта бастығы Ғайнолла рациямен Саратовтың обаға қарсы аурулардың алдын алу дәрігерлік бөліміне хабарлап, екі-үш сағаттың ішінде қос қанатты шағын ұшақпен тоғыз дәрігер ұшып келді де, ауылды түгелдей карантинге жауып, мектептегі балаларды оқытуды бір айға тоқтаттырды. Үш үйдің ортасындағы биік төбеге қара жалау ілінді. Хабар сұрай келгендер сол жалаудың түбіне келіп, жағдайымызды білетін болды. Дәрігерлердің айтуынша, жұқпалы сүзек ауруы екен.

Қазақтың «жеті жұт қатар соқса да, бір қазаншыны аман сақтайды» деген сөзі рас-ау. Сол жылы Лизама жеңгейдің аяғы ауыр болатын. Құдай оңғарғанда, сол жеңгей мен Сәбила деген апамыз ауырған жоқ және көршіміз Құбаш үйінің отбасы аман қалды. «Көп тілегі – көл» дегендей, тілегіміз қабыл болып, карантин де ашылып, мектепте сабақ та басталып кетті. Ахметжан сол жылы күзде, карантин ашылғаннан кейін, 24 қараша күні өмірге келген бала еді.

Ахметжан мектептен соң Атырау медициналық училищесін бітіреді. Отан алдындағы борышын өтеп келгесін жолдамамен Маңғыстау облысының Жыңғылды ауылына дәрігер болып жұмысқа орналасады. Содан дәм-тұздары жарасып, өзімен бірге Жаңылхан келінді алып ауылға келді. Жаңылханның әкесі Ақмолдин Нұрлығайың деген көп жыл кеңшар директоры партком хатшысы болған азамат екен. Ахметжан ауылға келгесін бұрынғы Балықшы аудандық ауруханасының жанындағы жедел жәрдем бөлімшесінде жұмыс жасады. Бірақ, бұл алған білімі аздық ететін болғандықтан,  ұлы Еркінді аналарына қалдырып, Жаңылхан екеуі қызы Жанатжанды алып, Алматыға кетті.

Ахметжан мединститутқа оқуға түсіп, сегіз жыл Алматыда болды да, Жаңылхан бір ауруханада жұмыс жасады. Мединститутты бітіргесін денсаулық сақтау министрлігінің жолдамасымен Жаңаөзен қаласына жұмысқа жіберілді. Онда екі-үш жыл жұмыс жасағаннан кейін ауылға келіп, Атырау қаласындағы №3 емхананың бас дәрігері, кейін Атырау қалалық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі болды. Қазір «НСС ЛТД» компаниясы жұмысшыларының денсаулықтарын қадағалау бөлімшесінде дәрігер болып еңбек етеді.

Үлкен қызы Жанатжан тұрмыста, екі-үш сәбилері бар, бір мекемеде есепші, ұлы Еркін де есеп қызметкері, екі қызы бар. Келіні Бақыт–банкир, кенже ұлдары Дәурен қолдарында, кәсіпкер. Қазақта «өзіңнің кім болғаныңды білгің келсе, артыңа қара» деп бекер айтпаған ғой. Маған туғаны күні кеше болып көрінген Ахметжан інім де, келін Жаңылхан да Пайғамбар жасына келіп қалыпты. Өмір дегеніңіз сол ғой…

Қамза ҒАБДОЛЛА.

Атырау қаласы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз