БЕРЕКЕЛІ ІСТІҢ БАСТАУЫ

Елбасының биылғы халыққа Жолдауында, 5 институционалдық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында да  Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру турасында айтылған болатын. Аталмыш құжаттарда айқын көрініс тапқан бұл мәселе шағын және орта бизнесті дамытуды қолдау екені анық.  

 

Қазір елімізде ауыл шаруашылығының өсу перспективасына нақты  көңіл бөлінуде. Ауыл экономикасын көтеру үшін мемлекет көптеген қаржы  жұмсауда. Қазіргі міндет –агроөнеркәсіптік кешенде өнімділікті кем дегенде екі есе арттыру, азық-түлік тауарлары ішкі рыногының 80 пайыздан астамын отандық  тағам өнімдері құрауын қамтамасыз ету және экспорттық әлеуетті іске асыру болып отыр.

«Ауыл тағдыры – ел тағдыры», сондықтан кезіндегі «Ауыл» партиясының облыстық филиалы Мемлекет басшысының аграрлық секторға, шағын және орта бизнес арқылы жұмыс орындарын құру мен елдiң экспорттық әлеуетiн дамытуды қолдау бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Ауыл шаруашылығы шикізатын өндіріп қана қоймай, сонымен бірге одан жасалған дайын тауарды тұтынушысына  жеткізгенге дейінгі өндірістік тізбекті  түгелімен қамтитын кешенді холдинг құрылуы тиімді  болмақ. Оның басты назарында аграрлық сала  ғылымы, көкөніс, бау-бақша дақылдарын өсіретін кәсіпкерлер, мал өсірумен айналысатын, оның терісі мен жүнін өңдейтін, жем-азық дайындайтын, көңді кәдеге асыратын шаруашылықтар – осылардың бәрінен халыққа бірден жететін соңғы тауар шығаратын  өнеркәсіп орындары болуға тиіс. Міне, осындай өндіріс орындары ауылдарда ашылғаны жөн.

Атырау облысының экономикалық әлеуеті табиғи ресурсына сәйкес  негізінен индустриялдық бағытта өркендеуде. Облыс республикадағы инвестиция  құюға тартымды аймақ болып есептеледі. Республиканың негізгі капиталына бағытталған инвестицияның 30 пайызына жуығын біздің Атырау облысы құрайды. Облыстың республикадағы рөлі артуымен қатар, аймақ экономиканың тұрақты да үдемелі дамуын қамтамасыз етіп келеді.

Облыста соңғы үш-төрт жылда ауыл шаруашылығында едәуір өркендеу бар. Жылдан-жылға ауыл шаруашылығы өндірісінің  жалпы өнімі тұрақты артуда. Ет, сүт өндіру көбейіп, мал басы өсуде. Облыстық әкімдік жергілікті кәсіпкерлерді қолдаудың  барлық шарасын алуда. Әсіресе, облыс әкімдігінің мұнай-газ саласына бағытталған әр жобаның төңірегіне сервистік қызмет көрсететін кәсіпорындарды  шоғырландыруға алған бағыты – құптарлық жағдай. Себебі, қалай болғанда да аграрлық сала өнеркәсіппен байланыспаған жағдайда рентабельділік төмен болатыны  белгілі. Ал, нарық оны көтермейді. Бұл бағытта  сервистік қызметке арналған жобалар жүзеге асырылмақ. Бүгінде облыста сенімді азық-түлік белдеуін жасақтау қолға алынды. Аймақ тұрғындарын көкөніспен және бау-бақша  өнімдерімен жыл бойы тұрақты қамтамасыз ету үшін жылыжайлар мен қоймалар салынуда. Сонымен бірге, ауыл шаруашылығын  инвестициялауға  шетелдіктер емес, өзіміздің бизнес иелерінің қаржысын құйғаны оңды болып отыр.

Ауылды өркендетуге мүмкіндігі бар өз инвесторларымыз қатыстырылуы қажет. Біз ауылдарымыздағы әлеуметтік ахуалды жақсы жолға қоюға тиіспіз. Ал, ол сол жерлердің әлеуетін жақсартпайынша мүмкін емес. Ең алдымен, әркімнің өзін-өзі  асырай алуына жағдай туғызуға тиіспіз. Міне, осы тұрғыдан келсек «азық-түлік қауіпсіздігі белдеуін» жасау  ауылға бетбұрыстың бастауы ғана болуы тиіс.

Елеусін СӘРСЕМБИЕВ, партия саласының ардагері.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз