«Кітап оқығым келмейді…»
«ТАРИХ ПЕН ТАҒЫЛЫМНЫҢ АЛТЫН САНДЫҒЫ, БІЛІМНІҢ БҰЛАҚ БАСЫ, АДАМ
БАЛАСЫНЫҢ САН ҒАСЫРЛЫҚ АҚЫЛ-ОЙЫНЫҢ ЖЕМІСІ – КІТАП. КІТАП ОҚУДАН ТЫЙЫЛСАҚ, ОЙ ОЙЛАУДАН ДА ТЫЙЫЛАР ЕДІК» ДЕГЕН ЕКЕН ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ.
ЖАЗУШЫНЫҢ АСЫЛ ОЙЫ «БҮГІНГІ ҚОҒАМДА АДАМДАР КІТАПТЫ ҚАНШАЛЫҚТЫ ЖИІ ОҚИДЫ?» ДЕГЕН КӨКЕЙГЕ СҰРАҚ ТУҒЫЗАДЫ. БҮГІНГІ
ОҚЫРМАННЫҢ САНАСЫН СМАРТФОН ЖАЙЛАП АЛҒАН УАҚЫТТА АДАМДАР
КӨП ЖАҒДАЙДА «ҚОЛЫМ ТИМЕЙДІ», «КІТАП ОҚЫҒЫМ КЕЛМЕЙДІ» НЕМЕСЕ «МАҒАН ҰНАЙТЫН КІТАП ЖОҚ» ДЕП
ЖАУАП БЕРУІ МҮМКІН. ШЫНДЫҒЫНДА СОЛАЙ МА? «ҚАЗІР ҚАЙ АВТОРДЫҢ КІТАБЫ СҰРАНЫСҚА ИЕ, КІТАППЕН
ДОС АДАМ КӨП ПЕ?» САУАЛДАРДЫҢ ЖАУАБЫН БІЛУ МАҚСАТЫНДА АЗЫН-
АУЛАҚ ОЙ КӨКПАРЫН ҰЙЫМДАСТЫРҒАН ЕДІК.
Нұрлыгүл ДОСТАНОВА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенті:
Кітапхананың тұрақты оқырманымын
– Кітапқа деген қызығушылығым оқушы кезімде оянды. Мектеп кітапханасы мен ауылдық кітапхананың ішінен таңдап жүріп оқитынмын. Ал, кітапты оқымастан
бұрын оған қызығушылығымды ашқан балаларға арналған газет-журналдар еді. Сондағы жануарлар, құстар жəне сан түрлі танымдық мақалаларды оқып, оқуға деген зейінім ашылған. Содан кейін британдық
Джеймс Гринвудтың «Өгей бала» шығармасы кітаптар əлеміне жол ашты. Осы шығармадан соң шетелдік
жəне қазақ авторларының əдеби жəне психологиялық жанрдағы кітаптарын оқып келемін. Қазіргі таңда Ғабдол Сланов атындағы облыстық ғылыми əмбебап кітапханасының тұрақты оқырманына айналдым. Кітап бетін жиі ашқаныммен толық жаттап алмаймын. Тіпті кейбір іш пыстырарлық беттер болса парақтап өте шығуға тура келеді. Сондықтан кітаптың алғашқы беті мен соңы ұнаса ғана оқуға аламын. Көзіқарақты оқырман ретінде
байқағаным, қазақ тіліндегі кітаптардың алғы сөзінде қызықтыру аз, ал шетелдік кітаптардың насихатталуы, маркетингі жақсы жолға қойылған. Бүгінгі қоғамда кітап оқитын жандардың саны көбейетініне сенемін. Себебі, жанымдағы достарымның көпшілігі кітаппен дос. Бірге басымыз қосылғанда сапалы шығармалармен бөлісіп, авторларды да таныстырып жүреміз.
Мадияр ЖҰМАЖАНОВ, Исатай ауданы, Аққыстау селосының тұрғыны:
Жарнама керек бұл іске
– Жасыратыны жоқ іздеп жүріп, жиі кітап
оқитын адамдардың қатарынан емеспін.
Алайда, əлеуметтік желіде сұранысқа
ие, трендтегі кітаптардан құр қалғым
келмейді. Сондықтан жас қаламгерлердің
шығармаларын көбірек оқимын. Кітап оқуды күнделікті ісіме айналдыруға
жұмыстың бабы мүмкіндік бермей жатады.
Əрине, оқимын деген жан үшін бұл жəй ғана сылтау болар. Қазіргі таңда əртүрлі əлеуметтік желіде оқырмандар өздеріне ұнаған кітапты талдап жатады. Бұл өте жақсы үрдіс. Осы арқылы көптеген авторлар мен шығармалармен танысқан болатынмын. Сондықтан кітапсүйер
жандардың қатарын көбейту үшін желіде
көбірек насихаттаса деймін. Сонда өзім сияқты кітаппен арасында қауышатын жандардың қызығушылығы одан əрі ашылар ма еді, — дейді.
Регина АНАРБЕК, Махамбет ауданының тұрғыны:
Сәнге айналдыру шарт
– «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына», – деп Əлішер Науаи ақын айтқандай, кітап адам баласының сырлас досы, рухани азығы. Мен кітап оқығанды бала кезімнен ұнатамын. Мектеп қабырғасында жүргенде кітапханадан
түрлі-түрлі кітаптарды алып, сабақтан соң үйге соларды оқуға асығушы едім… Қазіргі таңда да сол əдеттен алыстамай, кітапты жиі оқығым келеді. Ол үшін əр күнімнің 1-2 сағатын арнаймын. Кітап жанрына келсек, психология, биография, детектив жəне қазақ классикасынан оқығанды ұнатамын. Детектив жанры авторларынан Агата Кристи еңбектерін өте жоғары бағалаймын.
Кітап барлық білімнің, əрбір ғылымның бастауының альфа мен омегасы. Сондықтан да кітап оқуды жиілетейік. Жастар арасында кітап оқуды трендке, сəнге айналдырайық, — дейді.
ТҮЙІН
Əділбек Исламбек «Оқырман əліпбиі» шығармасында кітапты дұрыс таңдауға
бағыт берген. Егер əлі де өзіңіздің жаныңызға жақын шығарма не авторды таба алмай
жүрсеңіз кəдеңізге жарасын. «Кітап таңдау өзіңізге киім таңдаумен бірдей. Өзіңізге
тар киімді, не өте кең киімді киіп жүре алмайтыныңыз анық. Немесе өз стиліңізге сай болмаған киімді де ыңғайсызданып кие алмайсыз. Сол сияқты кітапты да таңдағанда өзіңіздің стиліңізге, санаңызға сай кітапты таңдаған дұрыс. Əйтпегенде кітапты соңына дейін оқып бітіре алмайсыз. Мысалы, əріпті енді үйренген адам ғылыми кітаптарды оқи алмайды, ересек адам ертегі кітаптарды оқи алмайды.
Кейбір адамдар мотивациялық кітаптарды оқығанды жақсы көреді, ал кейбіреулер
тек əдеби жанрдағы кітаптарды оқудан рахаттанады. Өз қызығушылығыңызға сай
дұрыс кітап таңдап үйреніңіз. Қазір «кітап оқып отыра алмаймын, ішім пысады» деп
жүрген адамдар шын мəнінде кітап оқи алады, олар тек өзіне сай кітапты таңдай алмай жүр. Сіз де сол қатардан болмаңыз. Егер бір кітапты бастап, ол оқу барысында сізді қызықтырмаса, оны соңына дейін оқу міндет емес. Кітаптың бетін дер кезінде жаба білу керек. Мүмкін, ол сізге келесі қызықты кітаптың жолын жауып тұрған болар».
Міне, егер сіз өзіңізді «кітап оқи алмаймын» деп санасаңыз қателесесіз, сіз жай ғана өз жанрыңызды таппадыңыз. Миыңызды демалтып, рухани азық алып, жаныңыз бен тəніңізді дамыту үшін кітап оқыған керек-ақ.
Жайна МƏЛІМҚОЖА