Жарнама
Қоғам

ҚИСЫМНЫҢ ҚҰРЫШ ТАҒДЫРЫ

Сол жолы Ұлы Жеңістің 20 жыл дығында ауылдағы соғыс ардагерлері мектепке кездесуге келді. Оқушылар алаңда салтанатты түрде сап түзеп тұр. Міне, мектеп директоры Темірғали Мырзашев бастаған мұғалімдер Қисым Ғабдоллаұлы, Ғабдолғали Мұханбетов, Қисмет Меңдіғалиев, Мәжит Сапашев, ауыл азаматтары Мағдан Саримов, Тілепберген Әбуов, Қамаш Хайруллин, Мұғаш Ишанов, Қайыр Аққуатов, Танаш Дәдешов, Әйіп Қуатов, Сүндетқали Қапанов, Құспат Пазылов және басқа кешегі күні Жеңіс үшін арпалысқан айбынды ағалар келеді. Ол кезде оларды ардагер деп те айтпайтын, өйткені бәрінің дерлік жасы қырық пен елудің арасында болатын. Тізіліп тұрып кезекпен майдан өмірінен естелік әңгімелерін айтты. Қанды қырғынды басынан кешкен майдангерлердің ішінде әңгімелерін айтып тұрып көзіне жас алғандар да болды. Көбі бір-бірімен құрдас болғандықтан жиналғандарды серпілтейін деп бір-біріне айтқан әзіл-қалжыңдары да сондай жарасымды еді. Омыраулары орден-медальдерге толы майдангерлерге «Ұлы Жеңіске 20 жыл» медалі табыс етілді.

Майдангер мұғалімдер бұл жолы орден мен медальдерін түгел тағып келіпті. Химия, биология және ботаника пәнінен сабақ беретін Қисым Ғабдоллаұлы «Қызыл Жұлдыз» орденін ғана үнемі тағып жүретін, ал «Даңқ» ордені мен бірнеше медальдері бар екендігін осы жолы көрдік. Қазір ойласам, ол Ұлы Жеңістің 20 жылдығында қырық төрт жаста екен. Бірақ өмірдің сан түрлі соқпағынан өтіп, майдан даласында өмір мен өлім бетпе-бет келген талай сәттерді бастан кешкендіктен болар бізге үлкен кісі болып көрінетін. Қисым ағай ботаника пәнінің мұғалімі ретінде құмда бау-бақша өсіретін тәжірибе учаскесін ұйымдастырды. Онда қарбыз, қияр, сәбіз және басқа көкөніс жеміс-жидек өсіріліп, құдық суымен суарылды, бұл құм балалары үшін керемет жаңалық еді.

Қисым Ғабдоллаұлы 1921 жылы Нарын құмындағы Мыңтөбе елді мекенінде дүниеге келген. 1927 жылы Айбас учаскесіндегі Сталин атындағы мектепке бірінші сыныпқа барып, онжылдықты сол кезде Еспол ауданына қарасты Елтайдағы қазіргі Мұханғазы Сиранов атындағы орта мектебінде бітіреді. Мұғалім мамандардың жетіспеуіне байланысты жетіжылдық мектепке химия, биология пәндерінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. 1939 жылы Фин соғысына аттанған ағасы Мұхамедия Ғабдоллаұлының хабарсыз кетуі ата-анасының қайғыдан қабырғасын қайыстырған еді. Енді Қисым ел қатарлы еңбек етіп, мұғалім болғанда Ғабдолла әке мен Шөкия ана азамат атанған осы деп қуанып, оның амандығын тіледі. Бірақ Ұлы Отан соғысының басталуы қос қарияның қайғылары сейіле бастағандай көңілдерін су сепкендей басты. 1942 жылы қыста Қисым туыстары Қолдыбай Алдоңғарұлы, Хамит Баймолдаұлы үшеуі майданға аттанады.

Қисым Ғабдоллаұлы соғыстың аяғына дейін жауынгерлік сапта болды, төрт рет жараланды, госпитальда жатып емделіп, қайтадан сапқа оралды. 9-Мамыр Ұлы Жеңіс күнін қаруластарымен бірге Берлинде қарсы алды. Дәлірек айтсақ, бүкіл Еуропаны азат етуге қатысып, Берлин шайқасында ерлік көрсетті. Ол майдандағы ерлігі үшін 1943 жылы 10 қыркүйекте «Қызыл Жұлдыз», 1944 жылы 20 қарашада ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталды.

«Біз жауды жеңдік, енді амандық болса жақында елге ораламын» деген хат алған Ғабдолла әке мен Шөкия ана баласын асыға күтіп жүрді. Қисым жолға дайындалды, бірақ тағдырдың басқа салғанына не шара, Берлинде 23 мамыр күні аяқ астынан жаудың жасырын минасы жарылып, госпитальге түсті. Минаның жиырма жарықшағы қанжоса етіп жаралап, оның он сегізі күрделі отамен алынып, екі жарықшақ денесінде өмір бойы қадалған күйі қалып қойды. Сөйтіп, ол тағы да бірнеше ай бойы госпитальде жатып емделді.

Сонымен, зарықтыра күткен күн де келді, Қисым құмдағы үйіне асығып жетті, ата-анасымен, бауырларымен аман-есен көрісті, «Алланың бергеніне шүкіршілік», – дей берді Ғабдолла қарт. Алайда, Қисым ауылға келгенде ата-анасы, апасы Әсия мен ағасы Сайфолла төсек тартып ауырып жатыр екен. Соғыстың зардабы әбден діңкелеткен ауылдың жағдайы өте ауыр еді. Көп ұзамай Әсия мен Сайфолла бақилық дүниеге озады. Отбасының осындай ауыр жағдайы жас жігітті ойландырып тастады. Соғыстан аман-есен оралсам, институтқа түсіп оқимын деп армандайтын. Ал үйдегі жағдай мынау, ең бастысы ата-анасына, бауырларына қамқорлық жасауы керек. Аудандық оқу бөліміне отбасы жағдайын айтты, соғыстан бұрынғы ұстаздық тәжірибесі ескеріліп, Орпа ауылындағы Папанин атындағы сегізжылдық мектепке директор етіп жібереді. Сонда барған бойда оған Ворошилов атындағы ұжымшар бастауыш партия ұйымының хатшылығы міндетін атқару қоса тапсырылады. Ауыл арасында етек жайып, асқынған ауру-сырқауға қарсы күресу үшін аудан орталығынан дәрігерлер шақыртты. Осындай қарбалас тірлікпен жүргенде соғыстан алған жарақатын да ұмытып кетті. Кейін Орал қаласындағы педагогикалық институтты сырттай оқып, жоғары білім алды. Қисым Ғабдоллаұлы жиырма жылдай Нарын, Мыңтөбе өңіріндегі Айбас, Кетешағыл, Орпа, Тұщықұдық, Бірлік елді мекендеріндегі мектептерде мұғалім, мектеп директоры қызметтерін абыроймен атқарды. Майдангер ұстаз сұм соғыстың салған зардабынан ауырып, 1969 жылы 6 шілдеде қырық сегіз жасында қайтыс болды.

Қисым Ғабдоллаұлы өмірлік жары Лизама екеуі келбетіне ақылы, зердесіне білімі сай екі ұл, бес қыз тәрбиелеп өсірді. Олардың бәрі де жоғары білімді, өмірден өз орындарын таба білген азаматтар. Бір үйдегі жеті баланың бәрі бірдей институт пен университет бітіруі сирек құбылыс екені белгілі. Бұл Ғабдолла әулетінің текті, білікті де беделді әулет екенін дәлелдесе керек. «Дүние – керуен» демекші, биыл Қисым ағайдың жары, аяулы ана Лизама апай өмірден өтсе, жақында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің аға оқытушысы, филология ғылымының кандидаты, доцент, белгілі ғалым-журналист ұлы Сембай да дүниеден озды. Қимас дос, әріптестің азаматтық келбеті, журналистика мен ғылымдағы қолтаңбасы ұмытылмақ емес.

Ел сыйлаған азамат, майдангер ұстаз Қисым Ғабдоллаұлының шәкірті ретінде Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерекесі қарсаңында ол туралы қалам тербеуді жөн санадым. Ол сирек кездесетін зиялы болмысымен, биік адамгершілігімен, халқын сүйген қарапайымдылығымен өзін білетіндердің жадында қалды.

Самат БЕКТЕНҰЛЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button