Жарнама
Қоғам

КІСІЛІК ПЕН КІШІЛІК

 Тағдырдың төзіп тезіне…

Асыр салып, алаңсыз ойнар бала күндері қиын-қыстау шақпен тұспа-тұс келген бұл буынның өкілдерін өмірдің өзі ерте есейтті. Отызыншы жылдары ел ішін аштық жайлап, бұқараның тұрмысын тіктеуіне мұрша бермей, тұқыртып тастаған сәтте халықтың өзек жалғау үшін өзен жағалап, су маржанын теріп күн көргені аян. Сол бір қысылтаяң шақтан қалған бір белгі болса керек, Боран Ақпанұлы да өмірінің соңына дейін балықты ерекше жақсы көріп өтіпті.

«Атыраудан алыс емес, Ботақан өндіріс орнынан 15-20 шақырым жердегі 1939 жылға дейін Жылыой ауданының орталығы болған қалашық – менің туған жерім. Қалашық дейтін себебім, сол мезгілде Жылыойдың әлеуметтік жағдайының деңгейі басқа жермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары болды. Онда сол кездің өзінде екі қабатты үйлер, мешіт, мектеп-интернат болды. Тұрғындар негізінен балық аулауды кәсіп етті», — деп жазған екен Боран аға өз өмірбаянында. Расында да, талғажау болар тамақ жоқтықтан теңіз бойын жағалай қоныстанған жұрт балық шаруашылығын өрістетіп, жаппай балықшылар артеліне кіргені тарихтан белгілі. Алыс-жақын қалалардан балық саудалаған сатып алушыларға қызмет қылғандардың қатарында Боран Ақпанұлының да анасы бар-ды. Ері Қали өмірден ерте өтіп, Жолжан, Боран, Орынбасар сынды ұлдарын анасы балықпен асыраған екен. Бұдан кейін аласапыран заман туып, азын-шоғын жиған мал-мүлкі бар шаруаны да тәркілеп, дүрбелеңге салған кезде бұлардың анасы Жекей белгісіз ауруға шалдығады да, төркініне барған сәтте сол жақта көз жұмады. Бұдан соң, балаларды Жылойдағы жетім балалар үйіне береді. Интернаттағы ауыр жағдай, төмен тұрмыс, аштық жас балаларды ерте есейткен-ді. Ал, кіші ұлы Орынбасар сол 1933 жылы аштықтан ауырып қайтыс болды.

…Жетімдер үйіне келген соң, балалардың құжатын жасақтағанда, Боран «фамилиям Қалиев» деп, «ал әкең аты?» дегенде, атасы Ақпанды атайды. Осылайша, ол Қалиев Боран Ақпанұлы болып шыға келеді. 

Есею  жылдары

Жылойдағы балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балалардың арасынан үздік білімі мен тәрбиесімен ерекшеленген қырық оқушыны іріктеп алып, Текеге алып келгенде Боран да осы топ ішінде бар-ды. Осылайша, Оралдың мұғалімдер даярлайтын орыс-қазақ училищесіне қабылданып, екі жыл дайындық курсын, үш жылдық негізгі курсты 1940 жылы тәмамдайды да, оқытушы ретінде Батыс Қазақсан облысының Жәнібек ауданына аттанады. Оқытушылық білігі мол болса да, оқытатын шәкірттері өзінен сәл-ақ кіші, 15-16 жастағы балалалар. Жиырмаға да толмаған жас жігіт, бұл кедергіден де мүдірмей өте білді. Сауатты да тәртіпті ұстаз ретінде өзін мойындатып, шәкірттерімен тез тіл табысты.

Ал, 1940 жылдың күзінде әскерге шақырылып, бір ай бойы пойызбен жүріп, Орынбор, Омбы, Томск, Новосибирск, Чита қалалары арқылы Моңғолия жеріне жеткізіледі. Баян-Тюмень қаласына орналасып, 57-ші танк дивизиясының қарамағында әскери қызметін атқарады. Сөйтіп жүргенде, соғыс басталады. Ұрыс даласына аттанбаса да, лейтенант шенінде Жапонияға қарсы жасақта қызметін өтеген жауынгер 1945 жылдың мамыр айында Жеңіс туы желбіреген сәтте Амур-Забайкалье әскери округі құрамында болатын. «Басқыншылардың езгісінен еңсесі түскен елге білімді мамандар қажет болып жатыр, туған жеріңе оралғың келе ме?» деген сауалды естіген сәтте жүрегі жарылардай қуанып, елге бағыт алады.

 

Ел  үшін  еткен еңбек

Елге келсем деген қуаныш кеудесін кернесе де, бас сүйеп барар туыстың болмауы өзегін өртегені шын. Алайда, немере ағасы Атшыбайдың үйіне түсіп, елге деген сағынышын басты, туған-туыстың тілеулестігіне, риясыз ниетіне марқайып, көңілі жайланды. Тұрмыстары ептеп түзеліп келе жатқан аға-жеңгесінің ақыл қосуымен, Ескенедегі нағашы жұртына жеткен сәтте, алдындағы малын азық қылып отырған жадау тұрмысты жақындарын көрген соң, осы үйдің тұрмысын түзеуге атсалысам деген шешіммен, сол жердегі сегіз жылдық мектепке ұстаздыққа орналасады.

Білікті де білімді жастың жақсы істері жерде қалмай, жоғары жаққа да жетсе керек, 1948 жылы Доссорға, аудандық партия комитетіне қызметке шақырылады. «Алғашқы кезде райкомның инструкторы лауазымына барғым келмегені шын. Алайда, райкомның бірінші хатшысы Қ.Оспанов «білімің бар, бұл жұмысты сендердей жастар жасамағанда кім жасайды?» деген сөзінен соң, келісімімді бердім», — деген Боран Ақпанұлы еңбек демалысына шыққанға дейін партияның түрлі лауазымды қызметтерін атқарған болатын.

Жас маманның қабілеті мен қарымын дөп басып, жауапты жұмыстың тізгінін ұстатқан сол кездегі басшылар оның болашағына жол сілтеп, қолдау танытты. Әр бастамасын құптап, жігерін жасытпай, керісінше жаныды, сол арқылы еңбекке баулыды. Б.Қалиев те  сол артылған жүкті абыроймен арқалап, сенім үдесінен шыға білді.

Мақатқа партком хатшысы, Жылыой аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Мақат аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Доссор мұнай басқармасына партком хатшысы болып сайланған сәтте де өзіне тиесілі жұмыстарды тиянақты орындап, біліктілігімен көзге түсті. Еңбек Қызыл Ту, І дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталғаны, республикалық дәрежедегі зейнеткер, Мақат ауданының Құрметті азаматы болғаны – бұл сөздеріміздің шынайы дәлелі.

«Біздің  Бөкең»

«Ұстаздық жұмыстан бастап, партия, совет қызметтерін мүлтіксіз атқарған Боран Ақпанұлының артында өшпес із қалды. Мақат ауданының өрістеп, өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқандықтан, өзі өмірден өтсе де салған ізі сайрап жатыр. Мен 1974 жылы Доссор мұнай-газ кәсіпорнына бас энергетик болып келген кезде, Бөкең басқарманың кәсіподақ ұйымын басқарды. Ол осы жұмысты жоғары деңгейде атқара білді, өйткені бұл қызмет оның мінезіне аса сәйкес келген еді. Қашан да қарапайым жұмысшылар мүддесін жоғары қойып, әлеуметтік мәселелерді шешуге баса назар аударатын оны қызметкерлер ғана емес, олардың отбасылары да қатты құрметтейтін.

Боран Ақпанұлы адамгершілігі мол, кімнің болсын басына түскен қиыншылығын да, қуанышын да бөлісетін абзал азамат еді. Қызмет бабындағы тез шешім қабылдағыштық, өз ісіне жетік болу сынды кәсіби қарым-қабілеттермен қатар, оның балық аулау, құс атуды да жетік меңгергеніне талай мәрте куә болдық. Осындай ақжарма азамат, адамгершілік қасиеті мол, шынайы қамқоршы болған осынау ізгі жанмен жұмыстас болғанымды мақтан тұтамын», — деп еске алады Мақат ауданының Құрметті азаматы Нұрбай Ақборанов.

Бұл бағыттағы пікірін білдірген ардагер-мұнайшы Серго Дүтбаев та «Азамат деген сөз – ең жоғарғы дәреже. Борекең сол теңеуге лайықты жан болатын. Біз «Доссорнефть» басқармасында бірге жұмыс жасадық. Қарауына Доссор, Байшонас, Қарсақ, Ескене кәсіпшіліктері кіретін үлкен басқарма жұмысшыларының мәртебесінің жоғарылап, әлеуметтік әлеуеттерінің арта түсуіне бірден-бір септескен жан ретінде сол кездегі қызметкерлер Борекең есімін үлкен ризашылық сезіммен атар еді. Қай қызметте болса да, қарапайымдылығынан таймаған ол жұмысқа аса жоғары жауапкершілікпен қарайтын. Ұстамдылық, артық сөз айтпау, сабырлылық сынды туа біткен қасиеттері де оның қызметтік өрлеу жолындағы биік белестерді бағындыруына септесті. Жүрегі таза, еңбектен бақытын тапқан Борекеңдей азамат – біз үшін қашан да адамгершілік қасиеттерді жоғары тұтатын ізгі жан ретінде үлгі болған еді», — деп еске алады.

Он жыл. Күйбің тірліктің қамын күйттеп жүрген жандар үшін аса көп уақыт еместігі сөзсіз. Алайда, осыдан он жыл бұрын үлкен әулеттің арқа сүйер ақылшысынан айырылған артындағы ұрпағы үшін орны толмас уақыт бөлшегі екені сөзсіз.

Десек те, дәл осыдан он жыл бұрын бақилық болған Боран Ақпанұлындай азаматтың аты – ел аузында. Игілікті істерге мұрындық болғанына – ел куә. Өмір-өзен деген сол болса керек, сірә!..

Гүлжан ӘМІРОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button