Жарнама
Қоғам

Кең далалы, кең пейілді қазағым!..

Қазақстан – көпұлтты, көп мәдениетті мемлекет. Бұл жерде сан түрлі ұлт пен ұлыстың өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Олар қазақ халқымен араласа жүріп, ұлттың асыл қасиеттеріне, салт-дәстүріне, өмірлік ұстанымдарына куә болуда. Өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқы туралы пікірлері терең таным, жүрекпен түйсінуден туындаған. Біз бүгін үш ұлттың өкілінен қазақтың қонақжайлылығы мен өмір салты туралы ойларын тыңдадық. Әрқайсысының айтқаны елге деген ықыластың, шынайы құрметтің көрінісіндей.

220af18e c30f 4fa6 a0cc c9d223e1a1a5

Жеткербай Пішенбаев, 

қарақалпақ этномәдени  бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары:

Мағынасы терең ұғым

– Мен Қарақалпақстанда туғанмын. Анамның ұлты – қазақ. Қазақ балалармен бір ауылда, бір көшеде ойнап өстім. 2000 жылдары Атырау қаласына жұмыс бабымен көшіп келдім. Балаларым осы елде өмірге келді. Қазақ халқының өмір салты – терең мағыналы. «Жеті атаңды біл» деген ұғым – өз тарихыңды, түп-тамырыңды тану деген сөз. Бұл тәрбиенің бастауы. Тіпті қайғылы жағдайдың өзінде сабыр мен салт сақталады. Ас беру, бата жасау, еске алу – бәрі тәрбие мен тағылымға толы. 

  Бұл шежіре мен отбасылық тарихты білу ғана емес, бұл – өзіңнің кім екеніңді, қайдан шыққандығыңды тану деген сөз. Біздің халықта да осыған ұқсас дәстүр бар, бірақ қазақтардың бұл ұстанымы мені терең ойландырды. Себебі, әрбір адам өз тегі мен ата-бабасын білуі арқылы өз болмысын, рухани әлемін түсінеді. Жеті атасын білу түсінігі ұрпақтар арасындағы байланысты сақтау, ата-бабалардан қалған мұраны ұрпаққа жеткізу, ұлттық құндылықтарды ұмытпай, оларды құрметтеуді білдіреді. Қазақ үшін бұл дәстүр – сөз жүзінде ғана емес, жүрекпен ұстанатын өмірлік қағида.

Өзіңнің түп-тамырыңды біліп өсу, қазақтардың тәрбиесінде маңызды орын алады. Бұл ұғымды ұстану арқылы қазақ халқы болашақ ұрпағына тарихи сабақ беріп, олардың рухани тұрғыда бай болуын қамтамасыз етеді. Қазіргі қоғамда кейде өткенді ұмытып, қазіргімен ғана өмір сүріп жатқан адамдар көп. Бірақ қазақтар өз тарихын білу арқылы ғана болашаққа сеніммен қадам басады деп ойлаймын. 

  Қазақ халқы ежелден «Жетім көрсең жебей жүр» деп, әлсізге қорған, мұқтажға медет болуды парыз санаған. Жетімін жылатпаған, жесірін тентіретпеген дана халық қиын-қыстау сәттерде де ауызбірлігін жоғалтпай, бірлікпен қиындықты еңсерген. Асарлатып көмек көрсету – ата-бабадан келе жатқан ізгі дәстүр. Қолымнан келгенше осы амалды жалғап, соңғы он жыл ішінде көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қолдан келген көмегімді көрсетіп келемін. Бұл – мен үшін адамгершілік міндет қана емес, ұлттың біртұтастығын сақтаудың бір жолы.

Шын мәнінде, халықтың күші – бірлігінде. Жұдырықтай жұмыла білген ел ғана жағаны ұрған толқынға төтеп беріп, басына түскен ауыртпалықты жеңе алады. Бұған біз елде болған табиғи апат кезінде анық көз жеткіздік. Өткен жылы туған жерінің тағдырына бейжай қарамаған атыраулықтар күн-түн демей бөгет тұрғызып, тасқынның алдын алуға жан аямай кірісті. Бұл игі іске алыстағы Қарақалпақстаннан арнайы келген 300-ге жуық қарақалпақ бауырларымыз да атсалысты. Олар да жағада жүріп, елдің амандығы үшін өз үлестерін қосты.

Ауызбірлік – жай ғана ұран емес. Бұл – ортақ сенім мен ортақ іске деген ниет. Бірлікті сөзбен емес, нақты іспен дәлелдеу керек. Біз осы бірлік пен жанашырлықты күнделікті әрекетіміз арқылы көрсеткенде ғана шынайы береке мен тұрақтылық орнайды.

cd760ba7 cb45 453d 8ddc 69fdc291f243

Ольга Коротаева, 

кәріс ұлтының өкілі:

Салт-дәстүрде – терең философия

– Менің ата-бабам 1937 жылы Қазақстанға жер аударылған. Сол кезде қазақ халқы ашаршылық пен қиын-қыстау кезеңді бастан өткеріп жатса да, бізге пана болғанын жиі естимін. Олар өздерінің азын-аулақ тамағын бөлісіп, төріне шығарып, бауырына басыпты. Бұл – шынайы бауырмалдықтың, адамгершіліктің айғағы. Сол кезден бастап мен қазақ халқының кең жүрегіне, үлкен рухына бас иемін.

Қазақтардың «қонақ – Құдайдың қонағы» деген сөзі бар. Бұл олардың бүкіл болмысын, өмірге деген көзқарасын көрсетеді. Қай ауылға барсаңыз да, бейтаныс адамды жатсынбай, бірден төрге шығарып, дастархан жаяды. Бұл – олардың қанында, тәрбиесінде бар қасиет. Менің отбасым қазақ ауылында тұрған, сондықтан сол ортаның жылуын бала кезден сезіндім.

Оған қоса, мен қазақтың келінімін. Осы елге келін болып түскеніме де 36 жыл өтіпті. Бұл – тек уақыттың өлшемі ғана емес, бұл – менің қазақ халқымен бірге жасап келе жатқан өмір жолым. Осы жылдар ішінде қазақы шаңырақтың отын жағып, түтінін түзу ұшыру – мен үшін үлкен мәртебе, зор жауапкершілік болды.

Сол уақыттан бері қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын үйреніп қана қоймай, бойыма сіңірдім. Бастысы – үлкенге ізет, кішіге құрмет деген қағиданы өмірлік ұстанымға айналдырдым. Бүгінде ақ жаулықты аналардан үйренген өнегені келіндеріме үйретіп келемін.

Осы елдің салт-дәстүрлері менің назарымды ерекше аударады. Өзге мәдениеттерде де балаларға деген қамқорлық пен сый-құрмет бар, бірақ қазақтың дәстүрлері терең философия мен тәрбиеге толы. Әсіресе, бала дүниеге келгеннен бастап, оның әрбір кезеңі ерекше атап өтіледі. Мысалы, қырық күндік күтімнің өзі мені таңғалдырды. Бұл дәстүрдің артында ата-ана мен қоғамның баланы қорғауға, оны тәрбиелеуге деген ерекше жауапкершілігі жатыр.

Қазақ үшін бала – отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның болашағы. Сондықтан баланы дүниеге әкелген сәттен бастап оның дұрыс өсуіне үлкен мән беріледі. Тұсаукесер мен сүндет тойлары да осының айғағы. Тұсаукесердің мағынасы өте терең: баланың алғашқы қадамынан бастап, оның өміріне жауапкершілікпен қарауды үйретеді. Сүндет тойы болса, баланың азаматтық міндеттерін қабылдағанын, ұрпақтың дәстүрлерін сақтайтындығын білдіреді.

Мұның бәрі мен үшін өте маңызды сабақ болды. Қазақтар салт-дәстүрлерінде тәрбиенің барлық аспектісін қамтиды. Бұл дәстүрлердің барлығы адамдарды тәрбиелеп, олардың санасын дамытады. Осылайша, қазақ халқы өз ұрпағына терең білім мен құндылықтарды сіңіре отырып, болашаққа сенімді қадам басып келеді деп ойлаймын.

Қазақ халқы салт-дәстүрге өте бай. Бала дүниеге келген сәттен бастап, қырық күндікке дейінгі күтім, тұсаукесер, сүндет той – бәрінің өзіндік мәні, тәрбиелік астары бар. Үлкенге құрмет көрсету, ата-ананың батасын алу, аруаққа құран бағыштау – бұлардың барлығы ұлттың рухани биіктігін көрсетеді.

Ұлттық тағамдары да – халықтың өмір салтының бір көрінісі. Ет асу, қымыз ішу, бауырсақ пісіру – бұлар жай ғана ас емес, бұл – сыйластықтың, дәстүрдің белгісі. Қазақ даласының кеңдігі мен халқының жомарттығы бір-бірімен үндесіп жатыр.

52720a1a 8c41 4d8b a784 cd34bcf4c92e

Вишванатан Нароликанди, 

Үндістан азаматы:

Өмір сүру салтының ерекшелігі

– Қазақстанға алғаш жұмыс бабымен келген кезде бәрі маған жат көрінетін. Бірақ қазақ халқының жылулығы мен ашық мінезі бұл сезімді әп-сәтте ұмыттырды. Олармен тіл табысу қиын емес – бәрі шынайы, адал.

Әсіресе қазақтардың қонақжайлығы мені қатты таңғалдырды. «Қонақты құдайындай күтеді» деген сөзді естісем де, оны іс жүзінде көргенде ғана шын мәнінде түсіндім. Қазақтар үшін қонақ – сырттан келген адам ғана емес, ол үйдің, отбасының, тіпті бүкіл елдің құрметі. Мен өзім бірнеше рет қазақ ауылдарында қонақ болдым. Әр жолы олар мені күтудің барлық амалдарын жасап, құрметті қонаққа лайықты ілтипат көрсететін.

Бірде қазақ отбасы мені қонаққа шақырды. Дастархан кең жайылып, кәдімгі ұлттық тағамдардың түр-түрі болды. Сол күні қазақ халқының ұлттық асы – бешбармақ, бауырсақ, құрт, айран, қымыздан дәм таттым. Сөйтіп, олар маған қазақтың ең жақсы дәстүрлерін, ас мәзірін және ең бастысы – қонаққа деген ерекше құрметін көрсетті.

Бұл жағдай мен үшін көп нәрсені білдірді. Қазақ үшін қонаққа құрмет көрсету – бұл міндет ғана емес, жүректен шығатын ізгі ниет. «Қонақ келсе, құт келеді» деген сөздің мағынасы осындай сәттерде айқын көрінді. Қазір мен де солай қонақ қабылдауды үйреніп жүрмін. 

Қазақ халқының өмір сүру салты – жай ғана тіршілік емес, бұл – философия. Табиғатпен үндесу, жылқы малына деген құрмет, киіз үйдің құрылымы, отбасылық байланыстар – бұлардың бәрі мағынаға толы. Әсіресе маған ұлттық ойындары қатты ұнады.  Бірде көкпар, қыз қуу, бәйге сияқты ойындарын көргенімде, бұл жай ойындар ғана емес, олардың рухын, қайсарлығын, бірлігін көрсететін айрықша құбылыстар екеніне көзім жетті. Көкпарды көргенде, бір сәтте бүкіл қазақ халқының батырлық тарихы көз алдымнан өткендей болды. Жылқылар жүйткіп, жігіттер бір-бірімен қиян-кескі тартысқа түсіп жатқанда, олардың бұл әрекеттері тек физикалық күшті ғана емес, батылдық пен ерлікке деген құрметті де білдіріп тұрғандай көрінді.

Ал қыз қуу ойыны – қазақтардың ынтымақтастығы мен ерлердің өз құндылықтары мен дәстүрлеріне деген адалдығын, әйелдерге деген құрметін көрсететін маңызды шара. Бұл ойындардың астарында көптеген тәрбиелік мән жатыр. Қазақ халқының әр ойын түрі, мысалы, бәйге, халықтың жылқыға деген ерекше сүйіспеншілігін ғана емес, ұлттық сәйгүліктерінің күш-қуатын да көрсетеді. Бұл ойындардан сол ұлттың табиғатпен және жермен тығыз байланысын байқадым, сонымен қатар олардың рухани байлығын, болмысын көргендей болдым. 

Сондай-ақ мен Қазақстан мен Үндістан арасындағы достық қарым-қатынас туралы ерекше айтқым келеді. Қазақстанда үнді шайы өте танымал, ал үнді фильмдері халықтың сүйіспеншілігіне бөленген. Қазақтың тойларында қашан да үнді әндері шырқалып жатады. Мәселен, осындай отырыстарда әлі күнге дейін «Джимми Джимми» әні орындалады, ал Митхун Чакраборти қазақ халқының сүйікті қаһарманы болып есте қалған. Бұл – екі халық арасындағы рухани байланыстың, мәдени байланыстардың үзілмей келе жатқандығының дәлелі.

Қазақ халқы – жүрегі кең халық. Олар үшін рухани байлық – басты байлық.

Түйін

Қазақ халқының дархан мінезі, бай дәстүрі, мағыналы өмір салты өзіміздің ғана емес, өзге ұлт өкілдерінің де жүрегінен орын тапқан. Қонақжайлылық – бұл жай қасиет емес, бұл – қазақтың ұлттық болмысы. Ал өмір салты мен дәстүрлері – ұлттың өткені мен бүгінін байланыстыратын алтын көпір. Осы қасиеттердің арқасында Қазақстан – жүзден аса ұлт пен ұлысқа ортақ, бейбіт, бауырмал елге айналып отыр.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button