Қолды  болған құжаттар

0 96191 dfb6224f orig Жаңалықтар

 

«Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасы орасан зор қажырлы еңбек пен ғылыми ізденістерді талап ететін ауқымды бағдарлама болмақ.

0_96191_dfb6224f_orig

Шын мәнінде бұл жобаны жүзеге асыру үшін тарихшылардан, деректанушылар мен мәдениеттанушылардан құрылған арнайы топтардың отандық және шетелдік ірі архивтермен өзара жүйелі, әрі ұзақ мерзімді ықпалдастықта іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне баса мән берілуі қажет-ақ. Тарихсыз мемлекет жоқ екендігі де ақиқат, оның бар беті құжаттық жадының алып қазынасы болып табылады.

Архив – өткен өмірдің ескерткіші. Қоғамның бай тарихи тәжірибесін жан-жақты, ауқымды бейнелейтін архив және ондағы сақталған құжаттардың құндылығы мен маңыздылығы жоғары. Архивтерде жинақталған қорларда төл тарихымызға қатысты баға жетпес мол мұралар сақталған. Біріншіден, архив қорында сақталған құжаттар бойынша елдің өткен тарихы жазылса, екіншіден, елдің экономикасына қатысты жер-су, жер бедері, қазба байлықтар туралы карталар, сызбалар, жазбалар мол.

Қазақстанда архив қорының құрылуы 1921-1922 жылдары басталды. Орталық өлкелік архив қорының бастауында Орынбор архиві тұрғаны белгілі. Онда сақталған архив қорының көптеген бөлігі жойылып, талан-таражға түсуі революцияға дейін орын алған. Қазан төңкерісіне дейінгі патшалық Ресей архивтерінде құжаттар ұқыпсыз сақталды. Бірыңғай әкімшілік-саяси орталықтардың болмауы салдарынан халқымыздың басынан өткен тарихының әр кезеңдерін қамтитын тарихи құнды құжаттар Санкт-Петербург, Мәскеу, Қазан, Уфа, Астрахан, Омбы, Орынбор, Саратов, Томск, Ташкент қалаларындағы салалық архивтерде шашылып қалды. Мысалы, Ресей империясының Археологиялық институты 1881 жылдың қыркүйек айында Орынбор архивіндегі сақталған қорлардың жағдайымен танысып қайту мақсатында институттың ғылыми қызметкерлері Гаврилов және тыңдаушы Львовты іссапарға арнайы жіберген. Олардың 1882 жылдың 10 тамызында жазған рапорттарында архивтегі 100 мыңнан астам істің өте аянышты жағдайда жатқанын, бұл қорлардың алғашқы қалыптасқан кезеңінен-ақ ешуақытта тәртіпке келтірілмегенін өкінішпен баяндайды.

Кезінде Орынбор архив бюросы 1913-1917 жылдардағы қазақ тарихына қатысты 251 пұт 20 қадақ құжаттар мен 2006 кітапты 1923 жылы макулатураға сатқан. Сонда «ол қандай құжаттар?» десек, Орынбор генерал-губернаторының 1888 жылдан 1915 жылға дейінгі жылдық есептері, атақты ғалым А.Алекторовтың 1794-1894 жылдары қазақ арасынан жиналған шежіресі, «Қазақтардың 1865, 1869 жылдары қоныстарынан жер аууы», «Торғай облысы бойынша 1871 жылғы ел саны», «1912-1915 жылдардағы Торғай облысы бойынша шолулар» т.б. құнды деректер. Бұлардың бәрі жойылған.

1926 жылдың 1 тамызында архивариус Н.Г.Новинская мен Орталық өлкелік архив меңгерушісі Е.А.Чоглоковамен жасаған актіде көрсетілгендей, Қызылордаға жіберілетін архив қорында барлығы 184 түк жинақталып түйілгенімен, 1927 жылға дейін жіберілмей архив қоймасында жатты. Осы жіберілуге тиісті қорлардың ішінде кейбір істерді жібермеу мақсатында астына қызыл қарындашпен белгі соғылғандығын архив деректері айғақтайды.

Қазақстан архив қорының жинақталуы өте қиын да, қарама-қайшылықты жағдайларда жүргізілді. Көптеген қорларды Орынбор губерниясының архивистері еліміздің тарихына қатысты қор құжаттарын Қазақстанға жібермеу мақсатында көптеген істердің мұқабасындағы тақырыптардың аттарын қасақана өзгертіп немесе ол істерді әдейі сөгіп, жаңадан басқа істер дайындаған. Сөйтіп, Қазақстаннан барған архивистердің көзін бояп, ізден адастырып, кейбір құнды құжаттарды тізімнен шығарып тастады.

Қазақстан мен Орынбор архивтері арасындағы жинақталған архив қорын бөлу күн тәртібіне жиі-жиі қойылып отырған. 1927 жылдың 27 маусымында осы мәселе бойынша Орынбор губерниялық архив бюросының меңгерушісі Орынбор губерниясы атқару комитетінің алқа жиынында баяндама жасаған. Архив қорын бөлуде қателіктер кеткендігін хабарлай отырып, 24 сәуірде Борисоглебский РКСФР Орталық архиві басқармасында баяндама жасағандығын, онда жіберілген қателіктерді жөндеуге оң шешім қабылдауын сұрағандығы да айтылды. 1927 жылғы 19 мамырдағы Орталықтың қаулысымен қорларды бөлуде жіберілген қателіктің жартысы түзелді дей келе, Шекара комиссиясы ісі қоры түктеліп, Қызылордаға жіберуге дайындалып отырғанымен, қор материалдарын Қазақстанға беруге қарсылықтарын ашық білдірді. Бұның бәрі, сайып келгенде, жинақталып жіберуге дайындалған қорлардың Орынбордан Қызылордаға жіберу үшін пойызға тиеу кезінде Орынбор архивінің қызметкерлері көптеген құжаттарды ұрлап алуына әкеліп соқтырды.

1927 жылы Ордадан (Хан ставкасы) Орталық өлкелік архивке 20 мыңнан астам архив істері алдырылды. Сол жылдан бастап Қазақстан тарихына қатысты материалдар Астрахан, Омбы, Орынбор, Ленинград, Ташкент қалаларындағы архивтерден жинақтала бастады. Қазақстан архивистеріне тек Орынбор ғана емес, Омбы, Ташкент және Астрахан архивистерімен архив қорын бөлісуде қызу пікірталасқа түсуіне тура келді. Сол жылдың қаңтарында Сібір өлкелік архивінің меңгерушісі В.Д.Вегман Ақмола губерниясының орталығы Петропавл қаласындағы Жұмысшы-шаруа инспекциясына жолдаған хатында Ақмола губерниясы архив бюросының меңгерушісі Е.А.Красноперцевтің өтініші бойынша 1926 жылдың 29 қыркүйегінде Қазақстанға қатысты 196 архив ісі материалдарын алғанын, кейін уақытында тапсырылмағанын қаперге бере отырып, материалдарды қайтаруға көмектесуді сұрайды. Ал, Красноперцев өз тарапынан РКСФР Орталық архиві басқармасынан барлық Қазақстанға қатысты материалдарды беруді өтініш етеді. Оның бұл өтінішін Қазақ өлкелік архиві басқармасы толығымен қуаттайды.

Сібір өлкелік архивінің меңгерушісі В.Д.Вегман РКСФР Орталық архив меңгерушісінің орынбасары В.В.Максаковтан Қазақ өлкелік архивінен Кенесары Қасымовқа қатысты істерді қайтаруға ықпал етуді сұрады және өлке архивистерін «қасаң, әрі таяз патриотизммен айналысты» деп айыптады. Қазақстан тарапы Сібір өлкелік архивінің сұранысын қанағаттандырмаған жағдайда келісім комиссиясына қатыспайтындығын және Қазақстанға бірде-бір архив қағазының берілмейтіндігін ашық баяндады. Бұдан шовинистік көзқарас архив ісінде де алға шыққандығын бағамдауға болады.

Кенесары Қасымов көтерілісі туралы 1835-1845 жылдар аралығын қамтитын тізімдеме Ресей Федерациясы мемлекеттік архиві қорында сақталған. Орталық архив басқармасы коллегиясы Қазақ өлкелік архивінің Сібір өлкелік архиві арасындағы істерге байланысты ұстанған бағытын қолдамай, дөрекі, жөнсіз жолсыздық қатынас жасауда деп айыптады. Орталық сонымен қатар, Омбы архивистеріне Алаш Орда үкіметіне қатысты бағалы қордың қайда сақталуын шешуді және Қазақ АКСР тарапынан бұл материалдарды кеңінен пайдалануды,  Орталық атқару комитеті алқасының 1927 жылғы 14 сәуірдегі №5 хаттамасында көрсетілгендей, Омбы, Астрахан, Ташкент қалалардағы архивтерде Қазақстанға қатысты материалдар болса, олардың тарапынан тұрақты пайдалануға беруде аса сақ болуды ескертеді.

Тағы бір тоқтала кететін жағдай – 1929 жылы Алматыға көшірілген уақытта архив қоры пойызбен Шу бекетіне дейін жеткізіліп, одан әрі ат арбамен тасылған. Осы сапарда Қордай асуында он жәшік іс-құжаттар ұрланып, қолды болғаны туралы да дерек сақталған. Сондықтан, еліміздің тарихына қатысты архив қорларының архив ісі қалыптасу жылдарында жинақталмауының нәтижесінде төл тарихымызға қатысты «ақтаңдақ беттер» қалыптасты.

Бұдан шығатын түйін. Біріншіден, мемлекет тарапынан қазақ халқының тарихына қатысты мол деректер жинақталған Ресей мен Өзбекстан қалаларындағы архивтерден аса маңызды құжаттардың қайтарылуына жан-жақты қолдау жасалмақ. Екіншіден, архив қорларында сақталған деректік құжаттар негізінде республиканың қоғамдық-саяси және экономикалық-әлеуметтік өмірін жан-жақты ашып көрсететін көптеген тарихи жинақтар мен еңбектер жарық көрді. Сол арқылы халқымыздың тарихын өскелең ұрпақтың санасына сіңіріп, ұлттық құндылықтарды ұлықтау ісінің орын алып келе жатқандығы айқындалады. Үшіншіден, Қазақстанның Орталық мемлекеттік архивінде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары негізінде үйлестіруші орталық құру. Төртіншіден, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы мен Елбасының аталған мақалаларында атап көрсетілген мәселелерді жүзеге асыру ісіне ғалымдармен бірге архив қызметкерлерін көбірек тарту қажет.

Аққали АХМЕТ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау

мемлекеттік университетінің профессоры,

тарих ғылымдарының докторы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз