Келісім формуласы немесе бірлігі жарасқан ел озады
«Бірлігі жарасқан ел озады». Осы бір халық даналығы ұрпақтан-ұрпаққа жеткен аталы сөз болып қана қалған жоқ, тәуелсіз еліміздің өмірлік ұстанымы, мемлекеттік саясатымыздың басты темірқазығына айналды.
Тәуелсіздік жылдарындағы ең басты жетістігімізді елдегі бірлік, тұрақтылықпен байланыстыратынымыз да сондықтан. Себебі, ынтымақты тірліктің ғана дамуға, өрлеуге бастайтыны – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиомаға айналып отыр.
Бірде Қазақстан халқы Ассамблеясы өткізген халықаралық медиафорумға қатысу үшін Астанаға арнайы сапарлағанымыз бар. Орта Азия елдерінен, тіпті сонау Еуропа мемлекеттерінен делегациялармен бірге, сарапшылар да қатысқан жиында Қазақстан «бейбітшілік формуласымен» бөлісіп жатты. Сөйтсек, әлемнің алыптары 130-дан астам ұлт пен ұлысты бірлікте ұстап отырған Қазақ елімен өзара тәжірибе алмасу мақсатында арнайы келген екен. «Кез келген елдегі қоғамдық тұрақтылықты сақтау – әлем үшін күйіп тұрған нөмірі бірінші мәселе» деп жатты сарапшылар.
Сол үлкен жиында біз Латвиядан келген сарапшы мырзамен таныстық. Есімі Владимир Решетов екен. Әрі әріптесіміз болып шықты. Атыраудан келген өкіл екенімізді естігенде, ол тіпті қуанып кетті. Сөйтсек, Владимир Решетов бір кездері өзіміздің Атырауда, орыс тілінде жарық көретін облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінде қызмет істеген екен. Әкесі әскери адам болғандықтан, жастық шағын кезіндегі одақтас елдердің біразына арнаған ол «Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан – жаңарған, өзіндік ұстанымы, көзқарасы айқын, мақсаты биік ел. Әлем Қазақ елін қазір осындай бейнеде таниды. Және де мемлекеттің ең басты жетістігі ретінде толеранттылық деп аталатын саясаттың жемісті жүзеге асуын, яғни ұлттар арасындағы татулық, қоғамдық бірлікті айтар едім» деген баға берді. Оның айтуынша, Латвия да көп ұлтты мемлекет екен. «Бізде «азшылық ұлттар» деген ұғым бар. Бұл тұрғыдан келгенде, Латвия Қазақстан халқы Ассамблеясы институтынан үлгі алуы керек деп ойлаймын. Себебі, әлемдегі түрлі шиеленістердің ұлттар арасындағы араздықтан туып жатқаны жасырын емес қой» деді шетелдік мейман.
Жаны бар сөз. Басқасын былай қойғанда, көршілес Украинаның түбіне жете жаздаған да сол «азшылық» пен «көпшілік» деген ұғымдар еді. Демек, ұлттар арасындағы қатынаста бірлік пен берекені барлығынан биік қойған Қазақ елінің ұстанымы – даналықтан туған қадам. Және бұл саясат – еліміздің Ата Заңымен бекітілді.
Ең бастысы, біз тәуелсіздік жылдарында ортақ мақсат пен ортақ мүддеге біріккен біртұтас халықты қалыптастыра алдық. Сол арқылы «қазақстандық жол», «Назарбаев моделі» ұғымдарын әлемге үлгі еттік. Мәңгілік Ел болу жолында зор мақсаттар мен мұратқа біріктік. Елбасы саясатының парасаттылығы да осында болса керек.
Демек, «Бірлігі жарасқан ел озады» деген даналық та бекер айтылған сөз емес…
Ысқақ ЕГЕМБЕРДИЕВ