Жарнама
Қоғам

КЕЛІСІМ БАР ЖЕРДЕ КЕЛЕШЕК ЗОР

Өйткені, сол жиырма жылдың ішінде жүз отыздан астам ұлт ортақ мақсатқа біріккен, тағдыры мен тарихы бір біртұтас халыққа айналды. Және сол халықты әлем «қазақстандықтар» деген бір ғана атаумен таниды. Бұл – үлкен жеңіс. Себебі, әлемдік геосаясат картасында қалыптасқан жағдайлар кез келген мемлекетті ішкі ірітулердің оңай құлдырататынын көрсетті.

Өткен аптада біз Астана қаласында өткен «Бейбітшілік пен келісім мәдениеті» атты екінші халықаралық медиа форумға қатыстық. Біріккен Араб Әмірлігі, Қытай Халық Республикасы, Түркия, Ресей, Қырғызстан, Әзербайжан, Латвия және Белоруссия елдерінен сарапшылар қатысқан сол жиында Қазақстандағы жағдай сараланды. Ақпарат кеңістігіндегі жауапкершілікті арттыра отырып, әлемді ұлтаралық қақтығыстардан сақтандыру, соғыс қимылдарының алдын алу мәселелері талқыланды.

 Қазақстан Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаевтың айтуынша, елімізде 15 тілде басылатын 60-қа жуық басылым жарық көреді екен.  «Оның ішінде, этномәдени бірлестіктердің 34 газеті мен 26 сайты бар. Осы 60 БАҚ-тың барлығы да Ассамблеяның, бүкіл еліміздегі 960 этномәдени бірлестіктің қызметін жазып, көрсетуде. Жыл сайын шамамен үш-төрт миллион қазақстандық бірегей құрылымның тікелей желісімен жүргізілетін жұмыстармен қамтылып отыр. Осы себепті, бүгінде бейбітшілік пен келісімнің жалпықазақстандық мәдениеті дамып, ол біртұтастық және әралуандық қағидаттары негізінде баю үстінде» деді.

Парламент Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев ұлтаралық татулықты қалыптастырудың қарапайым формуласымен бөлісті. «Қазақстандағы этносаралық тепе-теңдікті және қазіргідей мультиэтностық қоғамдағы бейбітшілікті қамтамасыз етудің бірнеше шарты бар. Біріншіден, бұл ұлты мен тіліне, діні мен діліне қарамастан, барлық азаматтардың тең құқығы мен барлық азаматқа бірдей мүмкіндік беру елдің заңдарында нақты айқындалып, көрсетілген. Бүгінде бұл қағидаттар Қазақстанда нәтижелі жүзеге асырылуда. Мәселен, еліміздің Ата Заңында ешкім де ұлтына және тілінің алуандығына қарамастан, қандай да бір кемсітушілікке ұшырамайтындығы жазылған. Ал, Конституцияда көрсетілген бұл қағидаттарды жүзеге асыру үшін Қазақстан Парламенті бірқатар заң қабылдады. Бұл елімізде этносаралық тұрақтылықты, бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз еткен тиімді құқықтық база қалыптасқанын білдіреді» деген ол ниеті бұлыңғыр топтардың қандай да бір «жабық жүйе» құрып, олардың өздері жасаған «ережелерге» сәйкес өмір сүрулеріне жол берілмеуі қажеттігін атап көрсетті.

Жиын барысында сондай-ақ, этносаралық, конфессияаралық келісім, мәдени әралуандылық мәселелерге қатысты ой-пікірлер ортаға салынды. Мәселен, «Диалог-Еуразия» журналының бас редакторы, Түркия журналистері мен жазушылары қоры Қамқоршылар кеңесінің мүшесі Еркам Туфан Айтав пікір алуандығының, біртұтас азаматтық қоғам қалыптастырудың жақсы жағы көп екендігін айтты. «Егер, керісінше болса, бұл азаматтардың құқықтарын шектеп, ол құқықтарға қайшы келеді. Мәселен, біз бір ұлтты мемлекеттерге арналған жүйенің тиімсіздігін, ондай мемлекеттердің өз мұраттарына жете алмай, көп қиыншылыққа тап болғанын білеміз. Бұдан шығатын қорытынды мынау: мемлекет ешкімді бөліп-жармауы керек. Барлық этностық топтарға бірдей қарауы керек» деп, «қазақстандық жол» моделінің тиімділігін атап өтті. Ал, «Синьхуа» ақпарат агенттігі Қазақстандағы өкілдігінің директоры Чжоу Лян «полиэтностық мемлекетте этносаралық және дінаралық келісімге апарар бірден-бір жол – мықты ұлттық саясат» деген ойын айтты.

Үш тақырыпты қамтыған панельдік сессия, брифинг сессия ұйымдастырылған форум аясында сондай-ақ,  «Казахстанская правда» газетінің «ҚХА-20 жыл: бір ел – бір тағдыр» атты жинағы таныстырылды. Жеті бөлімнен тұратын кітапта институт қызметіне толықтай шолу жасалған.

Қоғамдық тұрақтылықты сақтау мәселесін қашан да басты назарда ұстау маңызды. Сол үшін де жаһандық ақпараттық кеңістік әлемі ортақ мақсат жолында бірігуі қажет. Көптеген сарапшылар ойын ортаға салған жиынның түйіні осы болды.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау – Астана – Атырау.

 

Басель Хадж ДЖАСЕМ, «Әл-Арабия» телеарнасының жүргізушісі, саясаттанушы (Сирия Араб Республикасы):

«Әлемдегі кейбір ақпарат құралдарының ислам дініне байланысты жағымсыз хабарлар таратып отырғаны қынжылтады. Ислам діні, оның мақсат-мүддесі тұрғысында сөз қозғау біліктілікті қажет етеді. Біздің дінімізге жат қылықтарды, лаңкестік пен жауыздықты теліп көрсету – білімсіздіктің салдары. Осы мәселеде абай болғанымыз жөн».

 

Ахмед МУРАДОВ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:

 «Этносаралық және конфессияаралық татулықтың қаншалықты маңызды екенін әрбір азамат терең түсінуі керек. Біздің Президентіміз әрбір сөйлеген сөзінде елдің татулығына, ынтымағына қатысты тұшымды ойларын айта отырып, конфессияаралық келісімнің маңыздылығына ерекше екпін береді. Қашан да ел ынтымағын бәрінен жоғары қоятын Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясына ауқымды міндеттер жүктеуде. Елбасының тапсырмаларын орындауда аталған қоғамдық ұйым бар мүмкіндігінше қызмет етуде. Мұның жемісін халқымыз көріп отыр. Осы ретте, қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының ел бірлігін сақтаудағы елеулі еңбегіне разы екендігімді білдіремін».

 

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button