Жарнама
Қоғам

«КЕҢ БОЛСАҚ, КЕМ БОЛМАЙМЫЗ»

Қазақстан халқы Ассамблеясының Атырау облыстық филиалы құрамындағы 17 этномәдени бірлестік ел игілігі үшін елеулі еңбек етіп келеді. Әртүрлі этнос өкілдері мәдениетінің қайта жаңғыруы мен дамуына орасан зор ықпал етуде. Бүгінде әр ұлттың мәдени фестивальдары, татарлар мен башқұрттардың сабантойы секілді мерекелер жалпы халықтық сипатқа ие болды. Дүнгендер мен күрттер сияқты басқа да халықтардың мейрамдары мен түрлі форумдарын республикалық деңгейде өткізу дәстүрге айналған. Тек мәдени салада ғана емес, түрлі бағыттағы мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы жолында бір кісідей жұмыла кірісіп жүрген өзге ұлт өкілдерін көргенде жаның жадырап қалады. Сан түрлі халықаралық деңгейдегі сайыстарға қатысып, оза шауып жүрген бірлестіктеріміз де бар. Олар ел мәдениетін өзгелерге насихаттап қана қоймай, оны одан әрі дамыту үстінде. Қазір өңірімізде тұратындардың 91 пайызы – қазақтар болса, қалған бөлігін орыс, корей, татар, өзбек ұлтының өкілдері құрайды. Өзге жұртты өгейсінбей, өз туысындай көріп отырған қазақ ұлтының кеңпейілдігі, сайып келгенде, Қазақ мемлекетінің кедергісіз дамып, Мәңгілік ел болуы жолында маңызды рөл атқаруда.

Бүгінде Ассамблея көп ұлтты Қазақстан халқын топтастырушы институт ретінде қалыптасып болды деуге толық негіз бар. Ассамблея Қазақстан азаматтарын отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге, халықтар арасындағы достық пен бірлікті нығайтуға өлшеусіз үлесін қосуда. Үстіміздегі жылдың Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болып жариялануы бұл құрылымның жұмысын одан әрі нақтылап, дамыта түсері анық. Сонымен бірге, биыл еліміздегі қуатты институттың біріне айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына да жиырма жыл толғалы отыр. Осынау атаулы дата қарсаңында облыстық «Атырау» газетінің арнайы қосымшасы ашылып, ел арасында татулық деген ізгі дүниеге насихат жүргізуі бізді қуантып отыр. Газеттің тамаша бастамасына ақ жол тілей отырып, баршаңызды бірлігімізді аялауға шақырамын.

Еркін ҚАДЫРҒАЛИЕВ,
Қазақстан халқы Ассамблеясының Атырау
облыстық филиалы төрағасының орынбасары

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button