ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ҚАТПАР СЫРЛАРЫ
Әрине, жазбалар саны мол. Бірегейлері Мұхаммед Хайдар Дулатидің (1499-1551) 1541 жылы бастап 1544 жылы аяқтаған «Тарих-и-Рашиди; Қадырғали Жалайырдың (1555-1607) 1602 жылы аяқталған шежірелер жинақтары ерекше орын алғанына шек келтірмейміз. «Біз кімбіз, қазақтың түп-тамыры қайдан шығады?» деген ынтазарлық Орта Азия, Қазақстан аймағындағы халықтардың, хандардың тарихын жазған жоғарыдағы шежірелерімен қатар, Шәкәрім Құдайбердіұлының, Мұханбетжан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Хамит Маданов және тағы басқалардың еңбегімен танысуға жетеледі. Барлық жазбаларда тіршілік иесі Адам ата мен оның қабырғасынан жаратылған Хауа анамыздан бастап тайпалар бірлестігіне дейінгі аралықтағы бұтақтардың таратылуы аңыз афсана сынды. Ғылыми негізге сүйенген тарихи шындық деп қабылдайтын тұстарын анықтауды осы салаға көз майын тауысып, тер төккен ғұламалар болашақ зерттеушілердің еншісіне қалдырғанымыз дұрыс деп түйіндедім. Жазбалардағы түркілер мен оның құрамындағы тайпалар жөніндегі тарау нақты сияқты. Біздің де түп-тамырымыз – түркілер, оларды зерделеу – өзімізді тануға бастар жол. Қадырғали Жалайыр шежіресінде «Түрік деп аталатындар, яғни кітапсыз, сахарада отырықшылық күн кешкен қауымның бәрі Диб-Нануйдің төрт ұлынан тарағандар еді» дейді. (Қ.Жалайыр, «Шежірелер жинағы» Алматы: «Қазақстан» баспасы, 23 бет). Түркі атағын алған – ұйғыр, қаңлы, қыпшақ, қалаш, қарлық – бес тайпа болғанын көрсеткен. Түркі елі орта ғасырда (Х-ХІV) өзінің бай жазба тарихын жасады. Кейде шарықтап, кейде құлдырап өмір сүрді. Түркілер сапында жиырмадан астам ру-тайпалар болды. Олардың сапында печенег, қимақ, қыпшақ, оғыз, иемек, башқұрт, басымыл, қай, ябақу, татар, қырғыз, шігіл, түкси, яғма, үграқ, шарүх, жүмылы, танғұт, кидан және басқалар болды.Түркінің алтыншы бұтағы Аланша ханның Татар және Моңғол атты егіз туған ұлы болғанын жазады. Моңғол: — Мұң (қайғы) және Ол (түнерген) деген сөздің құрамынан шыққан. Оның үлкен ұлы Қара ханнан Оғыз хан дүниеге келген (Әбілғазы, «Түрік шежіресі», Алматы, «Ана тілі», 1992 ж. 15-31 бетте). Әбілғазы шежіресіндегі аталар тізбегін салыстыра тұжырымдағанда шамамен Шыңғыс хан Моңғолдың қырқыншы буындағы ұрпағы екенін байқаймыз. Яғни, түбіміз бір Түркінің ұрпағы боламыз.
Қазақ халқының шығу тегін зерделеуде осы атаудың шығу тарихын анықтаудан бастадық. Бұл сөздің мәніне орай сараптаушылар тарапынан сан түрлі болжамдар кездеседі. Қазақ халқының тарихын зерттеп еңбек жазған А.Левшин парсының ұлы ақыны Фердоусидың (934-1020) Х-ХІ ғасырда жазған әлемдік әдебиеттің маржандарының бірі – «Шах-намасында» қазақтар және қазақ хандары жөнінде жазыл-ғандығын келтіреді. 1894 жылы Лестгенде шыққан М. Хоутсмомның Египетте жазылған қолжазба негізінде «араб-түрік» сөздігінде қазақ сөзі «үйсіз», «тұрағы жоқ», «кезбе», «қуғындалған» деген анықтама берілген. 1303 жылы Қыпшақ тілінде «күзетші: қарауыл», «шолғыншы», «жеңіл қаруланған аттылы адам» мағынасында берілген. «Қазақ» сөзін зерттеушілер сөз тіркесіне қарай бірнеше мағынасын келтіреді. «Қаз»-АҚ» – деп ақ қазға баласа, кейде «Қаза», «ақ» деп қазаға байланыстырады «қазу», «кез», «каш» деген мағынаға саятындар да бар. Ғалым В. В. Бартольд «қазақ» сөзін өте ерте заманда Кавказда болған Касог тайпасымен байланыстырады.
Ғалымдарымыз сан түрлі пікір мен болжамдарды қорыта келіп, «қазақ» сөзі «ерікті адам», «азат», «ерікті жауынгер» тұжырымына тоқтаған. Бұл сөздің тарихта қолданылуы жөнінде көп деректер баршылық. Олардың қатарында Ұлы Владимир 985 жылы Касог халқы тұратын дербес Тмугаракан княздігін құрған. Алаш қозғалысының бастауында тұрған ғалым Мұханбетжан Тынышбаевтың «Қырғыз – қазақ халқының тарихы» еңбегінде көрсетілген деректерде: Император Константин Багрянородный ХІІ ғасырда Каспий теңізі мен Қара теңіздің аралығында, Азов теңізінің маңында Казахия елі болғанын жазады. 356 жылы Қазақтар Мауренаһрға шабуыл жасаған. 1397-1410 жылдары Қырым қазақтары Литваға қоныстанып, оның королінде қазақ атауымен әскери қызметте болған. Орыс тарихшысы Н.М.Карамзин: «Заметим, что летописи времен Василия Темного в 1444 году упоминают о казаках рязанских, особенном легком воиске, славном в новейшие времена» деп «Россия мемлекеттілігінің тарихы» кітабында жазған (Санкт-Петербург, Крисам «Респекс», 1998 г. Книга вторая. 222 стр.). 1474 жылы Қырым ханы Меңлі Керей ІІІ Иванға: «Мне твоей земли не воевать, моим уланам, ни книязьям, ни казакам», — деген екен. Мұндай деректерді жиі кездестіреміз. Оның бәрін тізіп жазуға әуестенбей, «Қазақ» сөзінің этимологиялық мағынасы: «Еркіндік сүйетін ер халық» деп біз де тұжырымдаймыз.
Қазақ халқының ел болудағы жолы, хандығымыздың бастауы жөнінде егжей-тегжейлі қамтылған әдебиеттер баршылық. Сол кезеңде өмір сүрген, ұлан-ғайыр Дешті Қыпшақ даласында дәуірлік маңызы бар құбылыстың куәгері болған, Түркі халқының ірі тұлғасы, көрнекті мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и-Рашиди» кітабында («Тұран» баспасынан 2003 жылы шыққан: «Сол заманда Әбілхайыр ханның Дешті – Қыпшақ даласына түгелдей билік жүргізіп отырған кезі еді. Жошы ұрпағының сұлтандары жорық жасап, Жәнібек хан мен Керей одан қашып, Моғолстанға кетіп қалған еді. Есенбұға хан оларды құрметтеп, қарсы алып, қоныстануға Моғолстанның батыс жағындағы Шу өзені алқабындағы Қозыбасыны берді. Олар бұл аймақта тыныш өмір сүрген. Әбілқайыр хан қайтыс болған соң өзбек ұлысы бір-бірімен шайқасып, араларында үлкен келіспеушілік туды. Жұрттың көпшілігі Керей мен Жәнібек ханның жанына кетіп қалды. Олардың саны екі жүз мың адамға жетті, оларды өзбек-қазақ деп атай бастады. Қазақ сұлтандарының алғаш билік жүргізуінің басы 870 (1465-1466) жылдан басталады. <Алла жақсы біледі>. 940 (1533 – 1534) жылға дейін қазақтар Өзбекстанның көп бөлігіне өз биліктерін толық жүргізген еді» делінген.
Міне, Өзбек-Қазақ атанып шыққан елдің Қазақ хандығы аталуы да – күрделі мәселе. Отырықшы көрші елдер, көшпенді далалықтарға жапсыр-ған лақап аттары төл атаулары ретінде қабылданғанын тарихи деректер дәлелдейді. Ықылым замандағы бабаларымызды гректер «скиф», парсылар «Сақ», қытайлар «Ху» деп таққан атаулары «Жабайы» деген мағынаны білдіреді. Жекеленген тайпалар мен бөлімдерді кемсітіп «Маңдайында жалғыз көзділер» (аримаспы), шошақ бөріктілер (тиграхауда), «Өзеннің арғы жағындағылар» (тарадарая) (торғауттар), кекшіл құлдар (хунну), шығыстағы жабайылар (дүнху), арсыз иттер (тугю) және басқа да мысалдарды көптеп кездестіреміз. Ғалым Қойшығара Салғараұлының зерттеуі бойынша Қытай ғалымдарының жазбаларындағы дүнху және хуннулар тарихы татар-моңғол халқының өмірлік жолдарымен бірдей. Деректерді салыстыра келіп, «қытайлар моңғолдарды хунну, татарларды дүнху атаған» деген қорытындыға келген. Бөлек шыққан халықтардың Қазақ ұлты атануына көрші елдің таққан лақап аты негіз болды. Оны М.Х.Дулати «…Басында өстіп елден қашып, бөлініп, жырылып қалып, біраз уақыт тарығып әрі сергелдеңде болғандықтан, оларды «қазақ» деп атады. Бұл лақап ат қазақтарға осылай таңылды» деп жазған.
Соңғы кезде Шыңғыс ханды қазақ екен деген сөз де айтылып жүр. Ол мәселеге үзілді-кесілді баға беруден аулақпыз. Бірақ, моңғолдардың түркі нәсілінен екендігін ескерсек және Шыңғыс шыққан тайпа қазақ ұлтының құрамдас бөлігіне кіргенін қатерден шығармасақ, ғалым Қойшығара Салғараұлының тұжырымына сүйенсек, көп мәселенің басы ашылады. «Тіл тарихын зерттеуші ғалымдарының айтуынша, біз Алтай үйелменіндегі тіл тобының «түрік-моңғол» деп аталатын тармағына жатамыз. Соның түрік тіліне хунну тілі енеді. Ал, хунну тілінің батыс тармағына қыпшақ тілі жатады. Қазақ тілі осы қыпшақ тілі негізінде қалыптасқан. Демек, бұл біздің ата-тегіміздің хуннулардан тарайтындығы, өзіміздің солардың заңды ұрпағы екендігіміздің нақты айғағы болса керек» («Хандар кестесі», Алматы, «Жазушы», 1992 ж. 11 бет).
ХV ғасырдың орта шенінде әлемдік елдің бірі саналып шаңырақ көтерген қазақтар өсіп-өркендеп, алмағайып замандарды бастан кешіріп «мың өліп, мың тіріліп» қалыптасты. Өзінің құрамында Қаңлы, Сіргей, Жалайыр, Сары үйсін, Шанышқылы, Ысты, Шапырашты, Ошақты, Албан, Суан, Дулат, Арғын, Қыпшақ, Найман, Қоңырат, Керей, Тарақты, Уақ. Алшындар тобы 12 ата Байұлы, Әлім, Жетіру бірлестіктері болды. Талай теперіш пен тәлкекті көріп, бірде гүлдей жайнап, бірде солып, осы заманға жеткен қазақтар өздерінің кең көңілімен талай қуғынға ұшыраған ұлт пен ұлыстың тентірегендерін паналатып, өсіп-жетілуіне көмек жасады. Қазақ халқының құрамдас бөлігіндей қатарларына алды. Олар да жылдар жалғасып ғасыр аса тайпа санатына енеріне сенімдіміз. Елдің де, халықтың да өсуі, өркендеуі қандай атаумен айтылса да, ел басқарушысына тікелей байланысты. 1459 жылдары өздеріне қараған ауылдармен елден бөлініп шығып, 6-7 жыл кезбелікке ұшырап, көп қиындықтар көріп, кейіннен хандық құрған Керей мен Жәнібек кімдер? Шыңғыстың үлкен ұлы Жошыдан тараған – Тоқай, Темір, одан Өзтемір, оның ұлы Хожа Бадақұл ұлан, одан – Орыс хан. Орыс ханнан – Тоқтақия және Құтылық бұқа. Тоқтақиядан Болат одан Керей. Құтылық бұқадан Құтуу Жақ – Барақ (Құйыршық хан), одан Жәнібек. Сонда Керей – Орыс ханның немересі, Жәнібек – шөбересі.
Қазақ халқында хан сайлаудың бұлжымайтын заңдылығы қатаң сақталатын дала демократиясының негізінде жүрген:
Біріншіден, хан тек қана таза ақсүйек атанған. Шыңғыс тұқымынан сайланады. Некесіз әйелден немесе күңдерден туған балаларға ондай құқық берілмейді. Қара халықтан хан көтерілмеген. Ондайды тарихтан кездестірмейміз.
Екіншіден, мұрагерлік сақталса да алдыңғы кезекте жасы үлкен ағаның ұрпақтарының жоғары тұратыны көп ретте қатерге алынады. Керей сұлтан мен Жәнібек сұлтан Қазақ елін бастауда бірдей орында болса да бастапқы таңдау жасы үлкен Керейге берілген.
Үшіншіден, хандыққа үміткерлерден іріктеу жасалғанда оның ержүрек жауынгерлігі, қол бастайтын көсемдігі, халқын қиындықтан алып шығатын ақылдылығы, жеке басының дара қасиеттері қатаң ескерілген. Хан басында дала тіршілігінде адам еркінен тыс кездесетін табиғаттың дүлей құбылысына төтеп берудің жолын табатын ақылдылық, сәтін тауып, қан қақсатып, түгіңді қалдырмай жойып жіберуге әзір тұрған жыртқыштай анталаған жаудан қор-ғай алатын қаһарман батырлығы, түлкідей жылмақай қулардың жетегінде кетпейтін зеректігі болмаса, халқын басқара алмас еді. Елін дауға қалдырып, жауға алдырып тынар еді. Қазақтың хандары қатаң талапқа сай көреген, алдын болжай білетін даналар болған. Бізге жеткен «Ханда қырық кісінің ақылы бар» деген сөз өмір шындығынан туындаған.
Қазақ елінің билікші хандар тізбегі Керей ханнан басталған. 1465 — 1473 ж.ж. Жәнібек 1473 – 1480 ж.ж. Олар халқының үмітін ақтады. Қазақ хандығының іргетасын нықтап, жан-жағын қымтап, зор болашаққа жол ашты. Үміт ақтағандары ұзақ жылдар елін табыстарға жетелеген. Осы орайда Керей мен Жәнібектен кейінгі билік жасаған Бұрындық ханның ел алдында асқан беделі болмаған, 1511 жылы билікке келген Жәнібекұлы Қасым хан (1511 -1518 ж.ж.) тұсындағы жағдай жөнінде осы кезде өмір сүрген Мұхаммед Хайдар Дулат былай суреттейді: «… Қасым хан Дешті Қыпшақты түгелдей өзіне қаратып алғаны соншалықты, Жошы ханнан кейін ешкім де ол сияқты мұндай билікке қол жеткізген емес. Мысалы әскерінің саны мың –мыңнан асатын еді. Ақырында 924 (1518) жылы қайтыс болды» (Мұхаммед Хайдар Дулати, «Тарих – и Рашиди «Тұран» баспасы Алматы 2003 ж. 306-бет.)
Қасым хан тұсында қазақ жері жан-жағынан кеңейді. Көрші орналасқан Өзбек елінен келушілер толастамады. Жетісуда билігі нығайды. Түркістанға иелік жасады. Батыстан мырзалар мен бектердің билікке таласынан берекесі қаша бастаған Ноғай ордасынан ығыстап шыққандар қосылды. Аталған орданың рулары мен тайпалардың кісілері екіге ажырады. Ағайын-туыстар арасына жік түсіп, бөлектенді. Ертегі жырда айтылып жүрген Ел айырылысу сол замандарға келеді. Ноғайлы елінің көшіп келген бөлімдері қазақ ұлтының қалыптасуына белсене араласты. Хандық Шығыс Еуропаға мәлім болды. Москва мемлекетімен дипломатиялық байланыс орнатты. «Қасым ханның қасқа жолы» дейтін заңдар жинағы қабылданды. Ауыздан ауызға тарап, ханның да, қараның да тарапынан мүлтіксіз орындалатын қағидаға айналды. Жайық бойындағы Сарайшық қаласын алып, сонда бұл пәниден өтіп, жерленді.
Елдің өркендеп, өсуі билік басындағы кісіге тікелей байланысты. Тарихи дерек пен Мұхаммед Хайдар Дулатиді сөйлетсек: «Қасым ханнан кейін оның ұлы Мамаш хан биледі. Одан соң немересі Таһир хан билейді. Таһир заманында қазақтардың саны азайып кетті. Одан кейін оның бауыры Бұйдаш хан билікті қолға алды. Қазақтар Бұйдаш хан кезінде жиырма мың болып қалған еді. 940 (1533 – 1534) жылдан соң Бұйдаш хан да о дүниелік болып [бұл жерде], қазақтар қалмады десе де болады» дейді (Тарих-и Рашиди, 111-б.).
1538 жылы Хақназардың хан болып сайланған кезеңінен Қазақ елінің өрлеу дәуірі басталған-ды. Елін парықсыз басқарған Мамаш Таһир, Бұйдаш, Қожамахмұт, Тоғым хандар халқынан айырылып, еш абыройсыз өмірден өтті. Қасымұлы Хақназар шамамен 1510 – 1580 ж.ж. өмір сүрген. (1538 – 1580 ж.ж. хандық құрған жылы) Оның тұсында іштей ыдыраған Қазақ хандығының етек-жеңі жинақталып, түзеліп, қалпына келтірілді. Жайықтың сол жағындағы Ноғай ордасының бір бөлігін алып, шекарасын Еділ мен Жайыққа жеткізді. Терістігіндегі башқұрттардың Ресейден жырақтап жүргендерін ордасының құрамына енгізді. Шығысында жоңғарларға тойтарыс беріп, Жетісу бойына билігін нығайтты. Бұқар ханымен келісімге келіп, түстік аймағын тыныштандырды. Қазақ хандығының Қасым хан кезіндегі территориясы қалпына келтірілді. Ұлан-ғайыр елді басқару үшін үш аймаққа топтастырылып, бір орталыққа бағынатын жүйені қалыптастырды. Оған Ноғай ордасының біраз жерін қосып алып, хандық аясын кеңейту әсер етті. Хақназар хан Орыс мемлекетімен елші алмасып, байланыс жасады. Иван Грозный оны жоғары бағалады.
Қазақ хандығын Шығай хан екі жыл билегенде пәлендей қабілеттілік таныта алмағандықтан Мауреннахрға қуылады. Оның орнына 1582 жылы баласы Тәуекел хан сайланады. Ол Қазақ елінің түстігін кеңейтуге әрекет жасады. Бұқар хандығымен қақтығыста Орыс мемлекетімен одақтасуға Михаил Федорович патшаға хат жазып, елші жіберді. 1598 жылы хан тағына Шығай ұлы Есім отырды. Ерлігімен көзге түсіп, тарихта «Еңсегей бойлы Ер Есім» деген атпен қалды. Сырдария өңірінің қалаларын алды. Жоңғар шапқыншылығына қарсы белсенді күрес жүргізді. Ташкентті өз иелігіне түбегейлі қаратып алды. «Қасым ханның қасқа жолы» заңдарын жаңартып, «Есім ханның ескі жолы» аталып тарихта таңбаланған қағида қатаң сақталды.
Есім хан 1628 (45) жылы қаза болды. Хандыққа ұлы Салқам Жәңгір отырды. Оның тұсында жоңғар басқыншылары толассыз шабуылдар жасады. Олар XVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың басында әскерін жаңадан қаруландырды. Зеңбіректер мен от мылтықтарды қолданысқа енгізіп, көп ретте қазақ жасақтарынан басым түсті. Салқам Жәңгір хан от пен оқтың ортасында елдің шығыс шебін қорғап, жаугершілік ұрыстарда жүрді. Солардың ішінде 600 жасағымен жоңғардың 50 мың әскерін талқандағаны Қазақ хандығы тарихында ұлы ерлік болып ерекше орын алады. Өмірінің ақырына дейін ата жаумен алысып өтті. Оны ғалым В.А.Моисеевтің «Жоңғар хандығы және қазақтар» деген зерттеу еңбегінен кездестіреміз. Онда ол: «Сексенінші жылдардың басында ойрат армиясы Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанға басып кірді. Осындағы соғыстардың бірінде қазақ ханы Жәңгір қаза тапты» деп, оның жекпе-жекте мерт болғаны жөнінде мәлімет береді.
«Салқам Жәңгірдің ұрпақтары Қазақ елін басқаруда қазақ халқының абыройын көтеруге айтарлықтай үлес қосқан» деп дәріптеуге лайық. Жәңгірдің үлкен ұлы Уәлибақы, одан қанішер Абылай, одан Уәли, Уәлиден – Абылай. 19 жасында жауға шапқанда атасының аруағына сыйынып, «Абылайлап» шапқан Әбілмансұр – кейіннен қазақ елінің жеңісті сәттерінің бастауында тұрған Абылай ханымыз. Салқам Жәңгірдің екінші ұлы Тәуке 1680 жылы хандық таққа отырып, Әз Тәуке атанып хандық құрды. Оның кезінде арагідік болған қақтығыстарға қарамастан, халық арасында «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман болған. Тәуке сыртқы жауға тойтарыс бере отырып, қазақтың ру, тайпалары арасындағы ішкі талас-тартысты тыйып, олардың өзара ынтымақта тұруына күш салды. Қазақ Жүздерін іс жүзінде өздерінің ортасынан шыққан билерге, атап айтқанда, Әлібекұлы Төлеге, Келдібекұлы Қазыбекке, Байбекұлы Әйтекеге басқартты. Солардың көмегімен «Жеті жарғы» деп аталатын ел басқару заңдарының ережелері құрастырылды.
Біздің Орта Азия кіндігінде ұлан-ғайыр жердің иесі болуымыз хандардың еңбегі десек, артық айтқандық болмас. Қол бастаған батырларымыз қасық қаны қалғанша елін, жерін қорғап, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қалың жауға қасқая қарсы тұрды. Ал, хандарымыздың иығына шиеленіскен түйінді шешу жүгі түсті. Ішкі дауды реттеу, сыртқы жаудан қорғануды тең ұстайтын тұста тарих сахнасына Әбілхайыр хан, Абылай хан сынды тұлғаларды қазақ халқының пешенесіне Алланың берген сыйы дейміз.