ҚАУІПСІЗДІК НЕГІЗІ – ҚЫРАҒЫЛЫҚТА

«Ресей ұшағының апатқа ұшырауы, Парижде орын алған жағдайлар әлемдік геосаясат картасында қалыптасқан түрлі көзқарастардың нәтижесі. Бұл жағдайға Қазақстан тарапынан да алаңдаушылық бар. Себебі, Қазақстандағы ішкі діни ахуал мәз емес. Өздерін «Ислам мемлекеті» деп атаған радикалдық топтың құрамында соғысып жүргендердің, отбасын, баласын тастап, Сирия асқандардың ішінде атыраулықтар да бар. Сондықтан, баршаңызды кез келген жағдайда асқан мұқияттылыққа шақырамын» деді Атырау облыстық мәслихатының сессиясына қатысқан аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов. Әсіресе, адамдар көп жиналатын ұшақта, пойызда, автокөлік нөпірінде сақтық шараларын нығайтуды міндеттеген облыс басшысы құқық қорғау органдарына тиянақты жұмыс атқаруды тапсырды.

Бірнеше мәселе қаралған облыстық мәслихат сессиясында мәдениет саласында атқарылған жұмыстар біраз талқылауға түсті. Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Жолаев басты жаңалық ретінде мәдениет саласын қаржыландыру деңгейінің соңғы үш жылда екі есеге өскенін айтты. Тағы бір жаңалық, Индер кентінде 400 орындық, Есбол селосында 300 орындық мәдениет нысанын салу жоспарлануда. Алдағы уақытта Қызылқоға ауданына қарасты Қарабау, Мұқыр ауылдары, Атырау қаласына қарасты Еркінқала, Жұмыскер селолық округтері де жаңа мәдениет нысанымен толығады деп күтілуде. Бүгінгі таңда облыс өнерпаздарының Ресей, Түркіменстан, Катар, Мысыр елдерімен арада әріптестік байланыс орнатқанын хабарлаған баяндамашыдан облыс басшысы көңілді тапқырлар клубында өнер көрсетіп жүрген «Сағыз» командасына қаншалықты қолдау көрсетіліп отырғандығын сұрады. Бұл сұраққа жауап берген Атырау облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мейірім Қалауи команданың Астанаға барып-келу жол ақысына қаржы бөлініп отырғанын, жартылай финал кезінде сахналық киім-кешек үшін 200 мың теңге көлемінде көмек берілгенін айтып, қарашаның аяғында осы команданың финалда өнер көрсететіндігін хабарлады.

Осы ретте республикалық деңгейде облыстан өнер көрсетіп отырған «Сағыздың» жалғыз команда екендігін атап өткен аймақ басшысы топқа тиісті деңгейде көмек көрсетуді міндеттеді.

Сессия барысындағы тағы бір жаңалық, өз кезеңінде облыстың, республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан Нұрпейіс Мақашевқа «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағын беру ұсынысының депутаттар тарапынан толыққанды қолдау табуы болды. Әр жылдары ТМД елдерінің «Достық», «Құрмет» орденімен наградталған Нұрпейіс Мақашев – әрі экономист, әрі мұнайшы, әрі білікті басшы, депутат ретінде елге танымал тұлға.

 

Баян Атайманқызы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз