«ИНДЕР КҮМБЕЗІНІҢ» екінші тынысы

Еуразиялық экономикалық одақ аясында «Индер күмбезі» байлығының кешенді түрде игерілетіндігіне үміт бар. Қазірдің өзінде мұнда ауқымды жобалар жүзеге асуда. Жыл басында ауданда біздің серіктестіктің екінші – натрий гипохлорит зауыты іске қосылды. Бұл өнім – су тазарту қондырғыларына, кәріз су жүйесін залалсыздандыруға, жалпы дезинфекция жұмыстарына таптырмайтын қоспа. Осыған дейін шет елден тасымалданатын залалсыздандыру қоспаларын енді осылайша Атырау облысында өндіре бастадық. Сонымен қатар, оны өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы салаларында да, тұрмыстық заттарды ағартуға да (белизна) көптеп қолдануға болады.

Ауқымды жоба 2011 жылы «Өңірлік үйлестіру» кеңесіне ұсынылып, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде қаржыландыруға мақұлданды. Гипохлорит натрий өндіру зауытының құрылысына «AziaCreditBank» банкінен 290 млн. 300 мың теңге несие берілді. Ресейлік құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген зауытта жұмыс жасайтындардың дені – индерліктер. 

 Мұнда негізінен тәжірибеде су мен тұзды араластырып, екеуінің ерітіндісінен ПИЖМ-565414.002 аппараты арқылы гипохлорит натрий алынады. Зауыт жеті ваннадан тұрады. Тәулігіне 100 текше метр суды тазалап, натрий гипохлоридін шығарады. Жалпы, мұнда су залалсыздандырылады, дезинфекцияланады. Тұрмыстық заттарды, ағартқышты (белизна) шығару да қолға алынуда. Соның нәтижесінде, зауытта алты-жеті өнім түрі өндірілмек. 

Қазақстанда жасалған отандық өнім Атырау облысы үшін ғана емес, республика үшін де ма­ңыз­ды. Натрий гипохлориді еліміздегі таза су дайындайтын мекемелермен бірге ме­ди­цина мекемелері, азық-түлік және хи­мия өнеркәсібі, әскери және тәртіптік ве­домстволар, ауыл шаруашылығы үшін де қажетті.

Біздің мекеме, сонымен қатар, тех­ни­ка­лық тұзды да шығарады. Арнайы ста­нок­тың көлемімен кірпіш тастың көле­мін­дей болып жасалып, кептірілетін тұз ауыл шаруашылығына, соның ішінде мал­ға арнайы дайындалады, сондай-ақ аст­ма ауруына қарсы ем ретінде де пай­даланылады. 

Дендер тұзды көлін кешенді игеріп, ашық әдіспен техникалық және ас тұзын өн­дірумен айналысатын мекемеміз 2003 жылы құрылған. Бүгінде ол елдегі ас тұзы мен техникалық тұзды жеткізушілер шо­ғы­ры­ның алдыңғы легінен көрініп жүр. «Тұз­дың» өнімін тек қазақстандықтар ғана емес, «Бейкер Хьюз Сервис Интернэшнл», «Хал­либуртон Интернэшнл», «Теңіз­шев­ройл», «Интергазсервис», «ЭраОйл» се­кіл­ді шетелдік ірі мұнай компаниялары да пай­даланады. Өнімнің жоғары сапа­лы­лы­ғы мен әлеуметтік жауапкершілігі үшін серіктестік бірнеше мәрте мақтау қағаздарымен, дип­ломдармен марапатталды.

Елбасымыздың бастамасымен қолға алынған Еуразиялық экономикалық одақ өндірісімізге жаңа дем береді, тынысын ашады деп сенеміз. Өйткені, біздің «Индер күмбезіндегі» мол байлықты бұрынғы Кеңестік Одақ көлемінен табу қиын. Сондықтан, оған сұраныс та ерекше артуда. Жаңа құрылым жаңа мүмкіндікке жол ашатыны анық. 

Әбиірбек ТОҚТЫБАЕВ,
«Тұз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры,
Индер ауданы.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз