ҚАРТТАРЫМЫЗ – ҚАЗЫНАМЫЗ

1 қазан – халықаралық қарттар күні. Бұл датаны қартын қазынам деп ойлайтын барша прогресшіл адамзат атайды. Ал, тұтастай қазан айы біздің елімізде қамқорлық айлығы болып белгіленді. Бұл айда үлкен кісілер мен күнкөрісі төмен отбасылары, көп балалы шаңырақтар мен мүмкіндігі шектеулі жандар әлеуметтік жағынан қолдау-көмек көреді.

 

Рас, біздің ардагерлер – еліміздің өркендеп дамуына, халықтың бірлігі мен достығын нығайтуға үлестерін қосқан, қазір кейінгі ұрпаққа өнеге болатын, ел сыйлаған абзал азаматтар. Олар қай жағынан алғанда да нағыз өнеге мен үлгінің эталоны дерсіз. Өткен жылғы қамқорлық айлығында ардагерлеріміздің Орталық кеңесі халқымызға «Қамтылмаған қалмасын» деген Үндеу жариялады. Облыс бойынша айлықта 826 қайырымдылық іс-шарасы өтті. Соның арқасында 32 мыңнан астам зейнеткерге 41 млн. теңге көлемінде түрліше қолдау көрсетілді. Атап айтар болсақ, Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледж, облыстық ішкі істер басқармасы, тағы басқа ұжымдар Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен жалғызілікті зейнеткерлердің үйін жөндеп, ауласын тазалап, басқа да мұқтаж жандарға өз қолұштарын берді.

Биылғы Қарттар күні қарсаңында ардагерлердің Орталық кеңесі қарт адамдарды әлеуметтік қолдау айлығын өткізу туралы ардагерлер ұйымдарының, атқарушы органдардың басшыларына және кәсіпкерлерге Үндеу жолдады. Бұл Үндеу арқылы ардагерлерімізге шынайы назар аударылып, аға ұрпақтың мұқтажына тағы бір зер салынады деп үміттенеміз. Ұлы Жеңістің 70 жылдығын өткізуге дайындық барысында бұл іске қоғамның едәуір бөлігін тарту жөнінде көптеген ұйымдастыру және бұқаралық-саяси жұмыстар жүзеге асты. Соның арқасында қоғамдық мұражайлардың, волонтерлік қозғалыстардың жұмысы жанданды, «дөңгелек үстелдер», жастармен кездесулер, патриоттық бағыттағы және басқа да іс-шаралар өтті. Баспа және насихат қызметі кең түрде ұйымдастырылып, Отан қорғаушылар туралы кітаптар, плакаттар, көрнекі үгіт құралдары шығарылды. Жүргізілген дайындық жұмыстары ардагерлер ұйымдарының белсенділігі мен іскерлігін арттыруға, олардың қоғамдағы беделі мен ықпалының өсуіне әсерін тигізді.

Қазір ардагерлер кеңестерінде тағы бір науқан – есеп беру-сайлау жұмыстары өтіп жатыр. Биыл облыстағы 238 бастауыш ұйымда қыркүйек-қазан айларында осындай жиналыстар өтіп болуы тиіс болса, күні бүгінге дейін осындай 44 ұйымның жиналыстары ұйымшылдықпен өтті. Жаңа құрамдар сайланып, ардагерлер құнды ұсыныс-пікірлерін жеткізуде. Осы есеп беру-сайлау жиындары кезінде әр ауылда, қалада, шағын аудандарда тұратын зейнеткерлерді ортаға тарту, зейнеткерлікке жаңа шыққан адамдарды ардагерлер ұйымына қоғамдық жұмыстарға араластыру, халық арасындағы абыройлы, әр жерде өз пікірін білдіре алатын белсенді зейнеткерлерді төрағаға сайлау жұмыстары жүруде. Есеп беру-сайлау жиналыстарына облыстық, қалалық, аудандық ардагерлер кеңестерінің белсенділері кесте бойынша қатысуда. Өзім де жуырда Ганюшкино селосындағы Құрманғазы аудандық агротехникалық колледждің осындай жиналысына қатысып қайттым.

Ардагерлер – еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып келе жатқан, кешегі заманның барлық ауыртпалығын басынан өткерген, парасатты да жоғары кәсіби білікті мамандар. Ардагерлердің осындай тәжірибесі мен мүмкіндіктерін пайдаланып, еліміздің алға қойған түрлі саяси реформаларын орындауға атсалысуымыз қажет.

Бүгіннен бастау алып отырған Қарттар күні мен қамқорлық айлығында аудандық, қалалық, облыстық мекемелердің ұжымдары, кәсіпкерлер ардагерлерді барынша қамқорлап, қолынан келетін көмектерін аямайды деп сенеміз.

 

Раиса НҰРҒАЛИЕВА,

Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз