Жарнама
Қоғам

ҚАРИЯСЫН ҚАДІРЛЕГЕН ЕЛ ОЗАР

Қазақ халқының ғасырлар бойы басынан өткен тар жол, тайғақ кешулерін санада қайта жаңғыртып, еркіндікті аңсаған ұлт зиялыларының ұлы істерін ұлығылауды мақсат еткен бұл шара негізінен қамкөңіл қарияларға мерекелік көңіл-күй сыйлауға арналды.
— Тарихқа көз жіберсек, ата-бабаларымыз көшіп-қонып жүріп-ақ ел мен жер және ана тілі, халқының салт-дәстүрлерін бойтұмардай сақтап, айрықша қадірлеген. Қандай халық болмасын, мұндай құндылықтарсыз егемен ел екенін дәлелдей алмасы анық. Білекке сенген заманда ешкімге есе бермеген, білімге сенген уақытта ешкімнен кем түспеген қазақ халқының тәуелсіздік жолында атқарылған еселі еңбегінде мемлекет қамқорлығындағы қариялардың да өзіндік үлестері бар деп білеміз, — деді институт директоры М.Ғалымжанова. — «Жасы үлкенді қадірлесе – құт болар» деп Махмуд Қашғаридың айтқанындай, біз де көңілі жарым жандарға жан жылуын сыйлауды ұйғардық.
Институттың аға оқытушылары Латифа Ізмұхамбетова, Махамбет Дауылбаевтар жанды дауыста тамылжыта түрлі жанрда ән шырқаса, Нұрсейіт Махамбетұлы нақышына келтіре көркемсөз оқыды. Ал, Орынгүл Қоңкаева мен Назерке Аязбаевалар мың бұрала «Қара жорға» биін билесе, Айжан Құлниязова мен Гүлнар Исмурзина қарттарға өздерінің салиқалы лебіздерін арнады. Олардың айтуынша, қазақтың ұрпағы үшін шыр-пыр болатыны, көзсіз көбелектей отқа түсетіні ерекше. Бұл – біздің ең ұлттық қасиеттеріміздің бірі. Ал, кейінгі ұрпақтың ата-ана алдындағы борышын өтеу үшін жасап жатқан ізгілік-мейірі де мемлекеттік деңгейде қолдау тауып, зейнеткерлерге жан-жақты жағдай жасалуда. Президентіміздің жыл сайынғы халыққа Жолдауында бұл жөнінде атап айтылып, оларға қамқорлық ел экономикасының өсімімен қатар өсіп келеді.
— «Қартайған шағыңда өзіңді басқалар құрметтеу үшін жас кезіңде қауқары қайтып, сақал-шашы ағарған кісіге ізет қыл» деген тәмсіл бар. Дана Абай да: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деп күңіренген. Қазақтар — «төріңнен қарт кетпесін» деп тілеген халық. Жасы үлкенге құрмет көрсету, қарттың бүгілген беліне сүйеу болу – біздің ата дәстүріміз, — дейді институттың аға оқытушысы Л.Ізмұхамбетова.
Қарттар үйінің тұрғындары атынан ардагер-ұстаз Рахметолла Ізтелеуов, жатақхана меңгерушісінің орынбасары Гүлшара Мұқышқызы өздерінің осы мазмұнды шараны ұйымдастырушыларға риясыз алғыстарын білдірді.

Гүлнар БАЗАРБАЙҚЫЗЫ,
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Атырау облысы бойынша
педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button