АТЫРАУДА ЖОЛ АПАТЫНАН 40 АДАМ ҚАЗА ТАПТЫ

c1016357d1066553a9766c0df55863b90b2d0b13 900 Қоғам

Жыл басынан бері жол апатынан 40 адам қаза тауып, 189 азамат әр түрлі дене жарақатын алды.

Бұл туралы облыстық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы жол қозғалысын қадағалауды ұйымдастыру тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Аманжол Жұмалиев баспасөз конференциясында мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.

– Өткен жылмен салыстырғанда жол-көлік оқиғасының да, соның салдарынан қаза тауып, жарақаттанғандардың да саны күрт өсіп отыр. Жол апатының орын алуына көлік құралының жылдамдығын шамадан тыс асыру басты себеп болып отыр. 40 адамның 13-і осының кесірінен қаза тапқан. Ал қалған оқиғалар ара қашықтықты сақтамау, басып озу, қарсы бағытқа шығып кету, өз-өзінен аударылу, жаяу жүргіншіні қағу секілді себептер мен ауа-райының қолайсыздығы салдарынан орын алып отыр, деді А.Жұмалиев.

Атырау облысы аумағында жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатында бірнеше дөңгелек үстелдер, үндеулер және түрлі акция өтіп жатыр. Қала сыртындағы тас жолдардың жиегіне үй жануарларының 20 дана макеті орнатылуда. Сонымен қатар, республикалық және облыстық маңызы бар автокөлік жолдарына 4 мобильді «Ekin PATROL», «Аркан», «Кибер-Шериф» құрылғыларын сатып алу үшін облыс әкімдігіне ұсыныстар жолданған.

Ішкі істер министірлігінің нұсқауына сәйкес апатты оқиғаның алдын алу мақсатында 25 маусым мен 31 шілде аралығында «Такси және автобус» және 19 шілде мен 18 тамыз аралығында «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз