Жарнама
Қоғам

ҚАБЫЛАН СЫНДЫ КҮЙШІ ӨТКЕН

 

Қабылан күйшінің бұл орындағаны Құрманғазының «Назым» атты күйі болатын. Ол тершіген маңдайы мен алақанын орамалымен ысқылап сүртіп алды да жиналғандарға ойлана көз тастады. Ол біртүрлі тебіреніс үстінде. Қабылан домбырасын қайта қолға алып, басқа бір күйді бастап кетті. Тыңдарман үшін соны әуен. Жан-жүйеңді шымырлатқан, сезім тұңғиығын қозғайтын құйқылжыған сазды үн бірде кілт үзіліп, бірде дүбірлеп желге беттеген жылқыдай жөңкіліп кетіп еді. «Пісуі жеткен игілікті іште сақтап қайтем, жарыққа шығарайын» деп отырғандай. Перне біткен сыңсып, сұңқылдап, егіз ішек қатар боздап, бебеулеп барады.

Жібектей есілген жайлы да нәзік лептің арты енді мұң мен зарды, ашу-ызаны, қайнаған кекті қат-қабат төгіп, дүниенің «әттеген-ай» өтпелілігін сыр ғып шертіп, соны домбыраға айтқызып отырғандай. Неге екенін кім білген, Серкебайдың бір сәт көңілі босап, көзіне жас алды. Серкебайдың өзі де арқалы күйші болатын. Сондықтан да, күйшінің жанын күйшіден артық кім түсінеді?! Осы мезетте аттың шабысындай дүбірлеп, теңіз толқынындай дөңбекшіп келген алапат күй де аяқталған-ды. Жарық дүниеге жаңа келген  туынды сыры бөлек «Ілбішін Бозтөбе» күйі екенін осы Серікбай ғана білетін-ді.

Азамат соғысының қызып тұрған шағы. Ел ішінде оқыс оқиға, түрлі қауесет көп. Ақтар бірнеше милиционерді атып өлтіріпті… Көпжанның ақын Қисасын Киселевтің бандылары түнде тоғай ішіне апарып, атып кетіпті… Бір күні «Қабыланның Қисаны да ақтардың құрбаны болыпты» деген хабар дүңк ете қалды. Сол жылдары чапаевшылардың сұрапыл жорығында Қабыланның 21 жастағы үлкен ұлы Қисан да болған еді. Ілбішінде жүріп үйіне хат-хабар жібереді. Онда ол Теке (Орал) жақтың бір қызымен біраздан таныс екенін, өзі оны ұнататындығын, көп кешікпей оған үйлену ойында бар екенін жазыпты. Жорық жолында жүрген ұлын ойлап мазасыз күй кешіп жүрген Қабылан мына хабарды естісімен «Қисан жаққа көшіп барайық» дейтінді шығарды. Оның бұл пікіріне әкесі Шақан қарсы болды. «Тар жол, тайғақ кешуді» өзіміз тілеп алып қайтеміз. Қисанның амандығын өзінің кіндік кесіп, кір жуған жері – Шолан тауда отырып-ақ тілейік» — деген уәж айтыпты. Қабылан бұған көнбей, інісі Қибаш екеуі «Ілбішін қайдасың?» деп тартып отырады. Бұлар Ілбішінге барған соң, Қисан үйленбек боп командирінен үш күнге мұрсат сұрап алады. Үйлену рәсімінен кейін ертеңіне Қибаш ауылға кетеді де, Қабылан: «жаугершілік заман ғой, білгеннің зияны жоқ, осы маңның жер жағдайын көзбен шолып барлайын» деген оймен атқа қонып, біраз жерді аралап көреді, сол жақта бір боз төбенің баурайында пішеншілермен жолығып, жөн сұрасады, ақтардың лаңы туралы жантүршігерлік әңгімелер естиді. Ол ат басын бұрып, Қисандар паналап отырған үйге таяп келгенде өз көзіне өзі сенбеді: ойраны шыққан үй, кескіленген адам басы, жарылған қарын, сөгілген қабырға, суша шашылған қан… жан түршігерлік қанды қасап. Әрең таныды: қираған үйдің алдында Қисанның өлі денесі жатыр, жұдырығы түюлі қалпында қалыпты. Бейне бір «ақтардан қайтарылмаған кегім бар» деп кіжініп жатқандай. «Жанын жалау еткен боздағым-ай, арманда кеткен арыстаным-ай». Қабылан өзіне ие бола алмай, еңіреп жылап жіберді. Қай кезде де жер бетінде қайырымды адамдар баршылық қой, қаралы болған туыстары жерлестерінің көмегімен өліктерді жерледі. Жерленген орны — Қабыланның кеше ғана көріп келген Бозтөбедегі ескі қорым. «Апыр-ай, — деп ойлады Қабылан, — әдейі қабір қазатын жер іздегендей, әдіра қалғыр Бозтөбеге несіне келдім екен…»

Тылсым дүние, алдыңда не күтіп тұрғанын болжай алмайсың ғой. Қабылан Ихсан, Жұмағұл сынды ұлдарының да Ұлы Отан соғысында мерт боларын қайдан білсін. Ілбішінде Қисанды жерлеп келгелі Қабылан ауру адамдай дел-сал күйде жүретін болды. Кейде жастыққа шалқасынан жатқан күйі домбырасын ұстап, жаймен тыңқылдатады. Ақпа-төкпе сілкініс жоқ. Енді бір сәтте ол домбыра ішегін бірде қақпайлап, бірде шертіп, бірде сипай қағып, неше түрлі әуен шығарады. Қабыланның екі көзі шаңырақтың күлдіреуішіне қадалған. Көз алдына Ілбішіндегі қанды қасап елестейді. Қисанның жұдырығы түюлі денесін түсінде де көрген… «Боз төбе»…

Қабыланның домбыраға салғаны «Ілбішін Боз төбенің» әуелгі нұсқасы еді. Көп ізденістен кейін тиянақталған-ды. Осы күй сол бір қайғылы оқиғаның куәсіндей елге тарап, Қабыланның шәкірті Серкебай, оның ұлдары Әйіпжан, Қибыжан және беріректе домбырашы Абдолла Мусағалиев жиын-тойда орындап жүрді, өкінішке орай, бұл кісілердің бәрі де фәни дүниеден өткен. «Ілбішін Бозтөбені» естілу әуені бойынша мен де орындап жүрмін, — дейді Қабылан немересі Ахмет.

 

«Құрманғазы» дастанының

жазылуына себепші…

Қабылан немересі Ихсанұлы Ахмет айтады: Марқұм Имаш Шақанұлы «Қабыланның күй өнеріне баулыған ұстаздары Құрманғазы мен Баламайсаң ғой», — деп әңгімелеп отырушы еді. Шолан тау төңірегіндегі ауылдарда Шылиқа, Серкебай, Қадікен, Шамар, Ділмағанбет деген күйшілер Қабыланды өздеріне ұстаз санайтын. Қабылан атамен күй сайысқа түскен Ерғали Есжанов, Дина Нұрпейісова кезінде өздері де өнерлерін ұштай түскен.

Атақты ақын Хамит Ерғалиевтың «Құрманғазы» дастанын жазуға осы Қабылан күйші себепші болған көрінеді. Хамаң былай деген: …біреулер дастан деп, біреулер өлеңмен жазылған роман деп жүрген «Құрманғазыға» келсек, оның жайы сәл басқаша. Бұл адамның есімі мен сан қилы саздарын кішкене күнімнен Қабылан дейтін ауыл күйшісі сіңірген. («Творчестволық өмірім төңірегінде», «Лениншіл  жас» газеті, 17, 18 қазан 1980 жыл.)

1993 жылы қазанның 13-де «Егемен Қазақстанда» Хамит Ерғалиев өзінің «Күй атасына тағзым» атты көлемді мақаласын мынадай тебіреністі жолдармен бастайды: «Жырыңнан бұрынғы сырың да сол болған соң жарықтық сырдың өзі неден басталған еді?» дегенді әр орайда зердеңе орнықтырып, тірі сурет, қимыл-қарекет қалпында сақтайды екенсің. Сол құдды әлгі әзірде болған оқиғадай ойлаған сайын жаныңа жақындай түседі екен. Бұл күндерде біреулер дастан, біреулер өлеңмен жазылған роман десіп жүрген менің «Құрманғазы» атты еңбегімде:

Елемей зекіргенін бір шалдың да,

Естімей десе біреу: қамшы алдың ба?

Таянып екі жағын осы бала

Күйшінің жатқан еді қарсы алдында, — делінетін өлең шумағынан оқырман Ұзақ есімді ұстазының қарсы алдында күйші өнерінің құдіретіне есі кете елтіп жатқан қаршадай Құрманғазыны көреді ғой. Шынында, ол ақынның ойлау жүйесінен енген сурет емес.

Менің алты жасар кезімде өз басымнан кешірген нақты бір оқиғаға негізделген.

— Туып-өскен жер табаны біздің ауылға Құрманғазының Азғырынан да, кейінгі қонысы Сахмадан да әлдеқайда жақын Қабылан дейтін күйші жаз айларының бірінде біздің үйдің қонағы болды. Кешкілікте малды жайғап болған соң қанаттас ауыл адамдары есік-төрі үлкен кісілерден ауыспаған алты қанат үйдің іргесін айнала түргізіп, сыртында тығыз орналасқан. Ел ағасының еркесі – мен ғана аспалы шамның астында Құрекең шәкірті кәрі Қабыланның қарсы алдында жаңағы бала Құрманша жатып алсам керек. Ол сәттегі менің ұғымымда домбыра ұстағанның бәрі дерлік атын ауызға алмай күй шертпейтін Құрманғазы – осы кісі. Қабылан Құрманғазының қай күйі қандай жағдайда туғанын ауызекі айтып отырып тартатын кісі екен. Түннің бір уағында қақтығыс-соқтығысы мол тарих пен кеудеңе тура сөйлеп сұғынатын сиқырлы саздарға мен де көзімді бір ашып, бір жұмып ұйып қалыппын. Соны жеңгем Балқия алқа-қотан алдында ұйықтап кеткелі жатыр деп ұққан. Үлкендердің алдын орап ол жерге бара қою жас келінге қияметтен қиын. Әйелдің өтініші бойынша ауыл жігіттерінің біреуі есік жақтағылардың ара-арасымен бұқпантайлап келіп мені сирағымнан тартып ала қоймақ болғанда қолыма іліккен кілем пұшпағын өзіммен бірге түре тартып әрі оқыс айқайлап, елдің тыныштығын бұзыппын. Осы орайда, Қабылан былай депті:

— Белгілі күйші Ерғали Есжан осы баладай сәби шағында үйіне түстеніп, күй тартқан Құрманғазыға жаңағыдай есі кете елтіп, ақырында өзіңмен бірге ала кет деп жалынса керек.

Күйші үйрек басты шанасына мінерде қасқыр ішігінің шалғайына тығылған баланың сағын сындырмай, ел аралағанда апта бойы ала жүріпті, «періштеге көрсеткен құлшылық қызметімнен ата-анасы құлағдар болсын, алаңдамасын, апарып саламын, — деп хабаршы жіберіпті. Мына бала да атасының шарапатына елтіген шығар».

Сөйтіп, Хамаңның балалық шағында ұмытылмастай болып ұялап қалған әсер күйші туралы дастанның тууына себепші болған.

 

Үрім-бұтағына да өнер дарыған

 

Қабылан Шақанұлы 1870 жылы Нарын құмының шығыс бетіндегі Шолан тау (Индер ауданы) маңында дүниеге келген. Оның Қамаш, Хасан, Құсайын, Қибаш, Құрмаш, Имаш деген бірге туған бауырлары болған.

Қабылан дәулетті болмаған, отбасының күнкөрісіне жетерліктей ғана мал-мүлкі болған. Қамысқала (Х.Ерғалиев) ауылы маңындағы Қаратүбек деген жерді қоныстанған. 1932 жылы оның құлағының астында қатерлі ісік пайда болады. Занталы ісік асқына бастағанда Шолантау жаққа отбасымен қайта көшіп келген. 1932 жылы сол аурудан мәңгілікке көз жұмды. Ол Шолантауда әкесі жерленген қауымға (Шақан төбе, Индер ауданы) жерленді.

— Көнекөз – шежіре қариялар да азайып қалды, — дейді мазасызданған кейіппен Ахмет Ихсанұлы (Қабылан немересі), — күні кеше дүниеден өткен Хамаңдарды да байдың тұқымы деп шатай жаздағанын бүгінгі ұрпақ біле ме екен? «Атадан бала туса игі, ата жолын қуса игі» деп қазағым мақалдаса, менің атадан жалғыз екенімді, артта қалған тұяқ екенімді ескеріп, «атаңның аузынан түскендейсің» деп айтар қарттар бұл күнде жоқ…

Ол Қабылан атасы жайлы естігендерін кезінде облыстық газетке де жазған. Күйшілік өнер Ахметті де айналып өтпепті. Ол Құрманғазы мен Дәулеткерейдің бірқатар күйлерін қаймағын бұзбай, таза тартады. Шақан әулетіндегі өнер дарыған жанның бірі Қабдығали еді. Ол – Қабыланның туған інісі Хасанның баласы. 1938 жылы он жеті жасында аудандық домбырашылар сайысында, сол жылы өткен облыстық олимпиадада жүлделі бірінші орынды иемденеді. Осыдан кейін Алматыға республикалық олимпиадаға шақырылады, бұл жолы да бас бәйгені қанжығасына байлайды. Қабдығали Ұлы Отан соғысы басталғанда әскерге алынып, Сталинград майданында хабарсыз кеткен.

Қабдығалидың Құспанғали деген інісі ұзақ жылдар бойы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде бас есепші болып істеген. Жиын-тойларда оның әнін асыға күтіп отырушы еді. Домбырасының бұрауын нәшіне келтіріп, шебер сүйемелдейтін. Тамылжыған  тебіреніске толы ән сазы көңіл пернесін дөп басқандай болатын. Бұл тұста оның Айтқали деген ағасының домбырашылық өнері болғанын айта кету артық болмас…

 

Құмарғали ҒАБДЕШҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button