Еркін ҚАДЫРҒАЛИЕВ, Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – хатшылық басшысы: «ТӨРТЕУ ТҮГЕЛ БОЛСА, ТӨБЕДЕГІ КЕЛЕДІ»

Тарихи қазақ жерінде ғасырлар бойы әртүрлі мәдениеті мен діні, салт-дәстүрі мен тағдыры тоғысқан ұлт пен ұлыстың өкілдері өзара бірлікте, тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Тәуелсіздігімізді алған сәттен бастап тұрақтылықты, азаматтық келісім мен татулықты нығайту мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналды. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» демекші, сан ұлттың басын біріктірген бейбітшілік пен жасампаздықтың мерекесі –Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – хатшылық басшысы Еркін Қадырғалиевпен әңгімелескен едік.

– Еркін Забирұлы, алдымен, өңірдегі этносаралық ахуалға тоқтала кетсеңіз?
– Бүгінде облыста 91 пайыз қазақтар тұрады, оның ішінде 33,6 мың орыс, 2,9 мың кәріс, 2,3 мың татар, 1,1 мың өзбек өмір сүруде. Ал, қалғандарының саны мыңнан төмен. Өңірдегі 17 этномәдени бірлестік Ассамблея құрамында қоғамдық өмірге белсене араласып отыр.
Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі бейбіт өмір мен ынтымақта тұрмыс кешіп отырған ел тұрғындары үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің дәстүріне, жарқын болашаққа деген сенімнің бастауына және көпшіліктің асыға күтер шаттық мейрамына айналды. Бұл күн – әрбір Қазақстан азаматы үшін Отанға деген сүйіспеншілік сезімнің, азаматтық борыш пен жалпыұлттық келісімнің мерекесі. Халық бірлігі мерекесі күні ел азаматтары ұлт пен ұлыстың өткен кезеңдегі тарихы мен оның сабақтарын дәріптеп, әлемдік қауымдастық тарапынан мойындалған еліміздегі қоғамдық келісім мен этносаралық толеранттылықты паш етеді.
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында сөйлеген сөзінде бұл мерекенің нағыз халықтық мерекеге айналуы тиістігін атап өтті. Өз кезегімде мен де облыстық Ассамблея ұжымы атынан баршаңызды бейбіт күннің мерекесі – Бірлік күнімен құттықтаймын! Тәуелсіздігіміз баянды, мемлекеттігіміз мәңгі, еңселі еліміздің келешегі жарқын болсын!
– Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясына қатысып келдіңіз, кезекті сессияда нендей мәселелер көтерілді?
– Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» тақырыбындағы жиынға ұзын саны 1500-ге жуық адам қатысты. Сессия маңызды мәселелер айтылатын Ассамблеяның мінбері ғана емес, жан-жақтан жиналатын түрлі ұлт өкілдерінің бас қосатын достық алаңы дер едім. Биылғы сессияда сөйлеген сөзінде Елбасы тәуелсіздігіміздің беріктігінің негізінде қоғамдағы бірлік пен татулық жатқанын айта келіп, әлемнің кейбір елдеріндегі тұрақсыздық тудырып отырған алауыздыққа жол бермеу қажеттігін, ондай оқиғалардың біздің әрбірімізге сабақ болу керектігін, экономикалық даму, тұрақты өмір тек бейбітшілік пен келісімнің арқасында ғана болатын құндылықтар екендігін айтты. «Біздің бірлігіміз — жаңа «Қазақстан — 2050» Стратегиясын іске асырудың өзекті факторы» деп атап көрсетті. Сонымен бірге, еліміздің жаңа саяси бағыты мен Жолдауды іске асырудағы Ассамблеяның қызметі мен мақсаттары талқыланды.
Алдағы жылы ел Конституциясының қабылданғанына және Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл толады. Осыған орай, Елбасы 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жариялады және Үкіметке Ассамблеямен бірлесіп, осы мерекені және Конституцияның 20 жылдығы мерейтойын өткізу бойынша ұлттық іс-шаралар жоспарын әзірлеп, Астана қаласында Қазақстан халқы форумын өткізуді тапсырды. Сонымен қатар, жауапты тұлғаларға Ассамблеяның қызметін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік мекеме құру, аймақтық құрылымдарды күшейту турасында тапсырмалар жүктеді. Яғни, алдағы жыл «Астана — бейбітшілік пен келісім қаласы» атты ұранмен өткізілетін болады.
– Басқа ешбір елде мұндай институт жоқ қой…
– Қазақстанда 130-дан астам ұлт пен ұлыс бірлікте өмір сүруде. Бұл — Елбасы жүргізіп отырған саясаттың нәтижесі. Өзге мемелекеттерде мұндай институт жоқ, өзіңіз айтқандай. Сонау 2007 жылы Конституцияға өзгерістер енгізілген уақытта Ассамблея конституциялық статус алып, оның мүшелері Парламент Мәжілісіне сайланатын болды. Дәл мұндай тәжірибе де басқа елдерде болмаған. Міне, осындай саясаттың нәтижесінде елдегі ұлттар бір идеяға бірігіп өмір сүріп жатыр. Рас, кезінде «Қазақстан көп ұлтты мемлекет, ол бір ел бола алмайды, ұлттар жан-жаққа тартып, мемлекет тарап кетеді» деген пікірлер болды. Алайда, дұрыс жүргізілген саясаттың нәтижесінде бұл пікірлер жоққа шықты. Бүгінде бізде барлық ұлттар мен ұлыстарды біріктіретін идея бар. Қазақ еліндегі ұлттарды ұйыстыратын сондай идеялар өміршең болсын!..
– Украина елдеріндегі жағдайды білеміз, осы орайда, Қазақстан этносаралық татулық пен ауызбіршілік бағытында әлем елдерін таң қалдырған жетістікке қалай жетті деп ойлайсыз? Әлемнің дамыған елдері тарапынан ұлтаралық түсіністік саясаты бойынша Қазақстан тәжірибесін енгізуге мүдделілік қалай пайда болды?
– Ырыс бар жерде ынтымақ болады. Елбасы Украинада болып жатқан жайтты мысал ете отырып, «әлемнің жаһандық және аймақтық деңгейдегі жаңа қатерлеріне бетпе-бет шығуға тиіс екендігімізді» баса айтты. «Ол жерде болып жатқан оқиғалар әрбірімізге сабақ болуы тиіс, экономикалық даму, тұрақты өмір тек бейбітшілік пен келісімнің арқасында ғана болатын құндылықтар» деген Елбасы қазақстандықтарды Украинадағы жағдайға қарап, ой қорытуға шақырды. 2050 жылға арналған басты стратегиялық бағдарламаның негізгі мақсаты – әлемдегі 30 дамыған елдің қатарына кіру ғана емес, сонымен қатар, ел ішіндегі бейбітшілік пен келісімді нығайту.
Қазақстан, ең алдымен, елімізді мекендейтін барлық тұрғынды этностық, нәсілдік ерекшеліктеріне қарамастан, біртұтас, унитарлы мемлекеттің азаматы ретінде қарастырып, тең мүмкіндіктер бере білді. Этностық топтардың өз тілі мен дәстүрін, әдет-ғұрыптарын дамытуға толықтай мүмкіндіктер жасалды. «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Заң арқылы этностық-мәдени орталықтар құру жүйелі жолмен іске асырылды. Қазір Қазақстанда қазақ, орыс театрларымен қатар кәріс, неміс, ұйғыр, өзбек театрлары жұмыс істеп, этностық топтардың газет-журналдары жарық көруде. Аталған істердің ұйытқысы, этносаралық түсіністіктің өзегі – Қазақстан халқы Ассамблеясы.
Ел Конституциясын сақтау, әрбір қазақстандық азаматқа тең мүмкіндіктер беру, олардың құқықтарын құрметтеуге негізделген Ассамблея идеясы – адамзат тарихында адами-рухани өлшем тұрғысынан асқақ идея. Оның жұмысы қазақ халқының бауырмалдығы мен кеңпейілділік қасиетіне негізделе отырып, елімізде тұратын барлық ұлыс өкілінің ықыласын ел дамуына, өркендеуіне бағыттауға, үйлестіруге бағытталған.
 
Әңгімелескен
Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз