КӨЗІН ТАПҚАННЫҢ КӨЛ-КӨСІР ПАЙДАСЫ БАР
Осыдан алты жылдан астам уақыт бұрын құрылған қожалықтың шаруасы жыл озған сайын ілгерілеп, оңына қарай өркендеп, тасы өрге домалап келеді. Мұнда, негізінен, әу баста қолдағы бар төрт түлікті өз төлі есебінен өсіріп, өндірісін дамытуға бағыт ұсталынған. Соның нәтижесінде бүгіндері қожалықтың бағымындағы төрт түліктің басы біраз өскен.
Қолға алған ісін ұтымды да табысты ұйымдастырып, әр белесті пайдамен өткеруді мақсат тұтқан шаруагер жігіт біртіндеп қаржыландыру құрылымдарының қолдауымен лизингтік жүйенің де мүмкіндіктерін пайдаланып көруге бел буды. Осылайша, науқанды жұмыстарды сапалы да уақтылы орындауға мүмкіндік беретін ауыл шаруашылығы техникаларын, атап айтқанда, алты «МТЗ-80-82» маркалы тракторын, бір жүк таситын «КамАЗ» автокөлігін, үш шөп шабатын шалғы мен орылған пішенді жинақтайтын агрегат сатып алды.
Осылардың көмегімен қысқы мал азығын дайындау жұмыстарын өз күштерімен атқарады. Сөйтіп, өздерін ғана қамтумен шектелмей, Сағыз бен Мұқыр селолық округтеріндегі шаруашылық құрылымдары мен жекелеген тұрғындардың да қыстық жемшөпке деген сұранысын қанағаттандыруда.
Сәл шегініс жасасақ, қожалық басшысы Алшынның өзі осы топырақтың түлегі. Кенбай орта мектебін бітіргеннен кейін қазіргі заманғы Қазақстан-Ресей университетінің экономика факультетіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай тәмамдап шығады. Еңбекке араласып, облыстың қаржы полициясы органдарында жауапты қызметтер атқарады. Осында Гаухар есімді атыраулық қызбен көңіл жарастырып, шаңырақ көтереді. Әйтсе де, қазақтың кең де дархан даласында туып-өскен жігіт ауылдағы жастары егде тартып қалған ата-анасының жайын ойлады ма, әлде кіндігі кесіліп, қаны тамған туған жерін аңсады ма, әйтеуір алтын бесігіне қайта оралуға бекінеді. Азаматтың бұл ойын жанындағы жұбайы да, ауылдағы ата-анасы мен ағайын-тумасы да қуана құптайды. Міне, осылай Алшын да тәуекелге бел буып, өз алдына шаруа қожалығын құрып, атакәсіпті жалғастыруды көздейді. Туған жерді түлетіп, ауылдың гүлденуіне атсалысуды мақсат тұтады.
«Бірлік бар жерде тірлік бар» деген емес пе? Отбасындағы татулық пен жарасым, ауызбірлік, «менікі, сенікі» демей, жұмысты жұмыла, бірлесе атқару өз нәтижесін беріп, ортақ табысқа жетелері хақ. Осы тұрғыда Омаровтар өздерінен басқа ауылдағы бірнеше отбасының кәсіп қылып, нәсібін табуына септессе, былайғы ауылдастарының да қажетін өтеп, орайы келгенде санаулы болса да көмекке мұқтаж, қолдауға зәру отбасыларына қол ұшын беріп, қайырым етуді де естен шығармайды.
Білгеніміздей, қожалықтың бағымындағы күтімі келіскен аналық сиырлардан күніне бірнеше ондаған литрге дейін сүт сауылса, түйелерден де тәулігіне шелектеп шұбат өндіріледі екен. Мұның сыртында қаймақ, май, құрт, ірімшік тәрізді малдың сүтінен жасалынатын өнімдер де көптің ырыздығына, сұранысы жоғары тауарға айналған.
Міне, осылайша, адал еңбек пен маңдай тердің жемісін теріп, игілігін көріп, көптің алғысына бөленіп, мехнатының рахатына кенеліп, елімізде Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам жасау жөніндегі Елбасы тапсырмасына нақты істерімен жауап беріп отырған «Сар-Құмақ» шаруа қожалығының бүгінгі биігі басқаларына үлгі-өнеге болғандай.
Дәулетқали АРУЕВ.
Қызылқоға ауданы.