ҚҰПИЯ ҚҰЖАТТАР
Сын сағаттағы ерлік
ҚР Президенті мұрағатының бұрынғы директоры, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Владимир Шепельдің айтуынша, құпия құжаттар Қазақстан халқының сын сағаттағы ерлігін, ерлікке пара-пар еңбегін дәлелдейді. Бұрын да отандастарымыздың жауды талқандаудағы үлесі аз айтылмаған еді, әйткенмен, жаңа мәліметтер тарихымызды одан әрі толықтыра түскендей.
— Ұлы Отан соғысы кезінде қазақстандықтардың әскер жасақтап, қаражат жинап, майдангерлерге киім жөнелткенін білеміз. Бүгінде құжаттардың сарғайған бетшелерін парақтай отырып, халқымыздың Жеңісті жақындатуда бұрынғыдан да үлесі орасан зор болғанына көз жеткізгендейміз. Сол үшін кеудеңді ерекше қуаныш, әрі мақтаныш сезімі кернейді, — дейді В.Шепель.
Қоғам назарынан тыс қалған құжаттардың сонда басты құпиясы неде? Ол осы күнге дейін неліктен қоғамға жария етілмеді? Бұл сауалдардың жауабын уақытында кеңес қоғамының көпшілікке жария ете бермеуімен түсіндіруге болады. Оның үстіне, зұлмат жылдардың айтылмаған сыры әлі көп. Мәселен, тарихшылар қанды майданның алғашқы кезеңінде әскерлеріміздің баудай қырылғанын айтады. Бес қаруын сайлаған жау алып мемлекеттің аумағына алшаңдай еніп, жер-жаһанды отқа орады. Ел басына күн туған осындай шақта Кеңес Одағының басшылары халықтың көптігінің арқасында жағдайды біртіндеп түзеді. Алайда, оның құны миллиондаған құрбандардың өмірімен өлшенген еді. Осы тұста мына мысалға көз салған артық етпейді: Соғыс басталғанынан 1945 жылдың ақпанына дейінгі аралықта Қазақстаннан майданға 1,5 млн. адам аттанған. Соның 1 млн. 161 мыңы от пен оқтың ортасына түсіп, қалғаны өндірістік жұмысқа тартылыпты.
— Майданда бес әскери құрылым жаумен соғысты. Оларға кейіннен гвардиялық деген атау берілді. Мұның ішінде 316-шы атқыштар дивизиясы соңынан 8-ші гвардиялық панфиловтық, 38-ші дивизия кейіннен 73-ші сталинградтық гвардиялық атау алды. Басқа құрылымдар да осындай мәртебе иеленді, — дейді еліміздің еңбек сіңірген қайраткері.
Қазақстаннан соғыс даласына көптеген әскери жасақтар күн құрғатпай аттанып жатты. Мұның ішінде ұлттық құрамы бойынша жасақталған құрылымдар бар еді. Мәселен, Өскеменнен кавалериялық дивизия, Алматы мен Ақтөбеден жеке атқыштар бригадалары жауға аяусыз соққы берді. Қазақ әскери комиссариатының дерегі бойынша майданға 14 атқыш және кавалериялық дивизия, 7 бригада, 1 зениттік полк, 12 құрылыс және 2 автобатальон аттанған. Сонымен қатар, қиын мезгілде «қызыл әскерге» 13 130 ауыр, 107 арнаулы, 825 жеңіл көлік, 57 мотоцикл, 1538 трактор беріліпті. Атап айтатын жай, қазақ халқы әуелден жылқы малын ерекше көріп, балаша баптағаны белгілі. Сондықтан да, жылқыға қажеттілік туғанда Одақ басшылары салмақтың ауырын бізге салған көрінеді. Осылайша, 110 118 ат іріктеліп, соғысқа жөнелтілген, 10 260 арба және бар.
Атырау облысының ерекше үлесі
Соғыс жылдарында Атырау облысы алдымен қазақ әскери комиссариатының құрамында болған. 1941 жылдың 5 желтоқсанынан көршілес Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарымен бірге Оңтүстік – Орал әскери округінің аумағына өтіпті. Бұл қазыналы аймақтың маңызын байқатқандай. Әрине, Атырау өңірінен алынған мұнайдың соғыста жүрген танктерге бірден құйылғаны, жанар-жағармайға деген үлкен сұраныстың уақытында қамтылғаны, осы бағытта жергілікті жұрттың күн-түнмен санаспай еңбек еткені аз айтылып жүрген жоқ. Әйткенмен, біз бүгін майдан кезінде Кеңес Одағының батыс облыстарынан көшірілген өндіріс орындарына кеңірек тоқталсақ деп едік. Құпия құжаттардағы мәліметтер бойынша қорғаныс мақсатында жұмыс жасайтын 19 зауыт шұғыл түрде қазақтың даласына қоныс аударған. Республикамызда соғысқа дейін үш зауыт және үш арнайы цех болған екен. Жаңа өндіріс нысандары еліміздің қуатын арттырып, қажетті оқ-дәріні дайындауға мүмкіндік беріпті. Владимир Шепельдің пікірінше, мамандар көшірілген зауыттарды жедел орнатуға айрықша күш салған. Қыстың қаһарына қарамастан ол мақсатқа екі-үш айдан кейін-ақ қол жеткен көрінеді. Әрине, өндіріске ең алдымен энергия көзі керек. Оны әп дегенде қайдан алады? Паровоз, тракторлардың қуаты осы тұста кәдеге асыпты. Жұмысшылардың қажырлы еңбегінің арқасында айналдырған үш жылда қорғаныс зауыттары өнім өндіру көлемін екі есеге өсірген. Ал, №675 Петропавл, №621 Көкшетау зауыттары көрсеткішті үш есеге ұлғайтыпты. Қазақстанның қорғаныс кәсіпорындары соғыс жылдарында 1 млрд. рубльден астам өнім өндірген. Әрине, шығарылған дүниенің бәрін санамалап шығу мүмкін емес, дегенмен, мына сандардан сол кездегі жағдай көз алдыңа анық келеді.
Мысалы, 82 мм, 50 мм және 120 мм калибрлі мина корпусының 5 млн. 214 мың данасы өндіріліпті. Шығарылған снарядтың саны тіптен көп, оның жалпы көлемі 4 млн-ға жетеді. Ал, оқ-дәрінің салмағы 1,1 млн. тоннаны құрайды. Салыстырмалы түрде айтқанда, ол 80 дивизияның оқ-жарақпен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік берген. Сонымен қатар, сүңгуір қайықтардың 25 дивизионының торпедалық қаруы қазақстандық еңбеккерлердің маңдай терімен жасақталыпты. Айтпақшы, шығарылған судағы миналардың саны 1914-1919 жылдар аралығында бүкіл әлемнің шығарған жарылғыштарының қырықтан біріне тең көрінеді. Осының өзінен Қазақ елінің майданды оқ-дәрімен негізгі қамтушы болғанын көруге болады.
Атырау мұнай өңдеу зауыты – еліміздегі байырғы өндіріс орнының бірі.1943 жылдың 14 сәуірінде КСРО Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің аталған өндіріс орнын салу туралы қаулысы жарияланған болатын. Құрылысы екі жылға созылған зауыт АҚШ-тан «ленд-лиз» арқылы алынған жабдықтары негізінде салыныпты. Бүгінде «ҚазМұнайГаз» Ұлттық Компаниясы» акционерлік қоғамының еншілес кәсіпорны болып табылатын зауыттың тарихы Ұлы Отан соғысымен осылайша байланысты.
Батыстан жеткен үлкен көш
Одақтың өзге аумағынан шұғыл түрде көшірілген кәсіпорындар негізінен қорғанысқа қажетті дүниелерді шығарады. Мәселен, Харьковтен Алматыға қоныс аударған сынақ-оптикалық шеберхана дүрбі өндірісін қолға алған. Украинаның атал-ған қаласынан көшкен №242 зауыт әскери ұшақтарды жөндейді. Оралдағы өндіріс орны құрлықта қолданылатын минаны, Подмосковьеден Қызылордаға келген электртехникалық нысан телеграф аппаратын, №222 білдек жасау кәсіпорны (ол Егорьевск қаласынан Қостанайға көшірілген) әскери қару-жарақ пен оқ-дәрі шығарады.
Алып нысандарды қазақ елінің аумағына біркелкі орналастыру көзделгенімен, мұндай құрылымдардың дені Алматы маңынан орын тапқаны шын. Олардың ішінде №1 тігін-трикотаж және темекі фабрикалары, жөндеу-механикалық зауыты (Евпатория), Ворошиловград машина құрылысы өндірісі, Дзержинский атындағы тігін-трикотаж фабрикасы (Мәскеу облысы), тағы басқалары бар еді. Шұғыл түрде қоныс аудар-ған Бүкіләлемдік киноматография институты, Харьков мемлекеттік университеті, Мәскеу энергетикалық институты секілді оқу орындары да жаңа қоныста жұмысын бастаған болатын.
Республика аумағына жедел жеткізілген 140 өндірістік мекеме, мәдени және оқу орындарын тез арада орналастыру республика басшыларына оңайлыққа түспеген. Орталықтан тегеурінді талап қойылып, қатал тәртіп сұралғанымен, олар жергілікті жағдайдан бейхабар еді. Оның үстіне, зауыт, фабрикалармен бірге, Қазақстанға қоныс аударған босқындардың қатары үздіксіз өсіп жатқан. Мысалы, соғыс басталған уақыттан 1942 жылдың 1 қаңтарына дейін 381 260 адам қазақтың топырағына қоныс тепкен. Соның дені әйелдер мен балалар екен. Қарапайым халықтың онсыз да күнелтуі қиындап, тұрмыстың тауқыметі артқан шақта осынша жанға жағдай жасау, жұмыспен қамту шыныменен жергілікті атқарушы орындарға күшке түседі. Өйткені, басы артық баспана жоқ еді. Босып келген жұрт қазақ халқының қамқорлығының арқасында жан сақтайды. Өндіріс орындары үшін қолайлы ғимарат табылмағандықтан зауыттар уақытша мекендерде жұмысын бастайды. Оның бәрі уақытша құбылыс-тұғын. Себебі, егіндіктегі жұмыстың аяқталуына байланысты жұртшылыққа жұмыс тауып беру қиын шаруаға айналған. Бұл, өз кезегінде, тұрмысты қиындатып, күрделі жағдай қалыптастырады. Республикадағы ахуалдың ушыға түскені соншалық, мәселе алдымен Қазақ КСР, одан соң Орталық комитетте арнайы қаралады. Нәтижесінде, талай басшы қызметінен қуылып, қатаң жауапкершілікке тартылған. Бұл сол кезеңдегі ауыр ахуалдың бір көрінісі еді.
Қырылған мал, Жан сақтаған адам
Соғыс кезінде республика көлеміне төрт түлік мал да көшіріліп әкелінген болатын. Қыстың суықтығы, жемшөптің аздығынан оның біразы келер-келместен өліп қалады. Мұның үстіне, мал арасында шешек пен аусыл ауруы тез тарап, адамға да қауіп төнеді. Ал, майдандағы жағдай тұрақтала бастаған тұста жаудан азат етілген аумаққа мал-мүлікті қайтадан жөнелту міндеті қойылады. Байқаса, қолдағы малдың саны жөнелтілуі қажет көрсеткіштен тым төмен болып шығады. Қайтпек керек?
Салмақ тағы да қарапайым халықтың иығына түседі. Жоғарыдағылардың тегеурінімен шаруаның қолындағы аз-мұз жандық ортаға салынады. Тіпті, малдың есебі 2600 басқа артық жіберіледі. Майданға әртүрлі жылы киімдер, азық-түлік, қажетті өзге дүниелер жөнелтілгені бұрыннан белгілі. Бірақ, жаңа деректерден жұртшылықтың көненің көзіндей сақтап жүрген қымбат әшекей бұйымдарын да беруі міндеттелгенін оқып, білдік. Егер ондай бұйымдары болмаған жағдайда қарапайым тұрғын ауыл шаруашылығы өнімдерін беруге тиісті екен.
Одан өзге қорғаныс қорына берілетін қаражат көлемі күннен күнге өсіп жатты. Мәселен, 1941 жылы қазақстандықтар 52,3 млн. рубль ұсынса, келесі жылы оның көлемі 95,3 млн. рубльді құрапты. Республиканың әрбір облысы белгіленіп берілген әскери құрылымдарға шефтік көмек көрсетуі қажет болғаны да – ерекше тоқталар тұс. Атырау облысына майдан өтінде жүрген 195-ші дивизия мен автоматшылар батальонын қамқорлығына алу тапсырылған. Жалпы, соғыс кезінде Қазақ елі майданға 1205 вагон әртүрлі сыйлықтар жіберген.
Танктер колоннасын жасақтау, сол мақсатта қаражат жинау да – Орталық комитеттің тегеурінді талабы. Сонымен бірге, арнайы қаулымен Қазақстанға Ресейдің Орлов облысын шефтік қамқорлыққа алу міндеті де – бұрын естімеген әңгіме. Әрине, мұнда көрсетілген деректерді түгел көрсету мүмкін болмас, бір анығы, Қазақ елінің Жеңісті жақындатудағы қосқан үлесі шыныменен орасан зор. Мұны бүгінде ешкім де естен шығармағандары жөн болар еді.
Азамат БАЗАРБАЕВ.