ҚҰМДАҒЫ ІЗ
Өлкемізде туып-өскен Сапар Қарымсақов Мәскеу кен және Баку мұнай кәсіпшіліктері академияларын бітірген. Еңбек жолын Доссордағы фабрикалық зауыт училищесінің директоры, одан кейін «Ембімұнай» тресінің геологиялық барлау кеңесінің директоры, 1940-1942 жылдары мұнай кәсіпшілігі бойынша облыстық партия комитетінің хатшысы болып қызмет етеді. Бұдан әрі «Қазақстан мұнай» тресінің орталық ғылыми-зерттеу зертханасының директоры, Доссор мұнай өндіру кәсіпшілігінің директоры, Қазақ КСР Ғылым Академиясының Жайық-Ембі ғылыми-зерттеу базасының директоры, ал, 1956-1962 жылдары Батыс Қазақстан өлкелік ғылым академиясында бөлім меңгерушісі, сондай-ақ, 1966 жылы дербес зейнеткерлікке шыққанға дейін Қазақ мұнай геологиялық барлау ғылыми-зерттеу институтында ғылыми қызметкер болып жасайды. Оның Ұлы Отан соғысы жылдары мен бейбіт кезеңдегі өлкеміздің мұнай өндірісін дамыту бағытындағы елеулі істері ескерусіз қалмай, «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет белгісі» ордендері, бірнеше мемлекеттік медальдармен марапатталған. «КСРО Мұнай өнеркәсібінің үздігі» атағы берілді. Сапар Қарымсақұлы ұзаққа созылған науқастан кейін 1975 жылы 6 тамызда 71 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Белгілі ғалым, инженер-мұнайшы, қоғам қайраткері Сапар Қарымсақұлының туғанына 110 жыл толуына орай «ҚазМұнайГаз» Барлау. Өндіру» АҚ-ы, «Қазақстанның мұнайшы-геологтар қоғамы» және Нәсіпқали Марабаев атындағы «Мұнайшы» қоғамдық қорының «Атырау Дастан» қонақ үйінде ұйымдастырған салтанатты жиында ардагердің тағылымды өмірі, қайраткерлік еңбек жолына арналып шығарылған кітаптың тұсаукесер рәсімі өтіп, деректі фильм көрсетілді.
Н.Марабаев атындағы «Мұнайшы» қоғамдық қоры шығарып келе жатқан «Қазақ мұнайының ардақтылары» атты өмірбаян сериясы экономикамыздың стратегиялық саласы ретінде мемлекетімізді әлемдегі мұнайлы елдер қатарына қосу жолында өлшеусіз еңбек еткен ардагер мұнайшыларға арналады. Аталмыш қордың атқарушы директоры Сайлау Жылқайдаров жиынды ашып, аталған тақырыппен жарық көрген кітаптың дайындалу барысы туралы баяндады.
— Сапар Қарымсақовпен кезінде танысудың сәті түсті. 1962-1966 жылдары ол «Қазақ мұнай геологиялық барлау ғылыми-зерттеу» институтының қызметкері болып жүргенінде мен Маңғыстаудағы «Өзен» кен орнында қызмет етіп жүрген жас инженер-геолог едім. Жұмыс бабымен Атырауға келіп, төрт ай аталған ғылыми-зерттеу институтында қызмет атқардым. Сол кезде әңгіме барысында ол Ұлы Отан соғысы жылдарында Ембі мұнайшыларының жеңісті жақындату үшін сіңірген еңбектерін айтып еді. И.Сталиннің қолы қойылған құжатты көрсеткен болатын. Осы кітапқа материал жинақтау барысында, өкінішке орай, аталған хат ұрпақтарынан табылмады. Мұны әлі де іздеу керек. Өйткені, бұл тарих үшін өте қажет, — деді қордың атқарушы директоры С.Жылқайдаров.
«Қазақстанның мұнайшы-геологтар қоғамы» да ардагердің рухына арнап «Сапар Қарымсақовтың феномені» атты кітапты жарыққа шығарған екен. Аталмыш кітапқа мұнайшы-ардагердің өмірбаянынан кейінгі ұрпаққа үлгі болатындай бұрын-соңды жарық көрмеген ғылыми, қоғамдық және қызметтік деректері енген.
— Сапар аға туралы кітап шығару идеясы былтыр туындаған болатын. Сол ойымызды биыл іске асырып, 110 жылдығына орайластырып оқырманға ұсынып отырмыз, — деді аталған қоғамның басшысы Балтабек Қуандықов. – Ардақты геолог туралы тарихи деректерді жинастырдық. Біз ғалымның геология саласына сіңірген еңбектеріне, техникалық бағытта атқарған жұмыстарына көбірек көңіл бөлдік. Сонымен қатар, үлкен жиындарда Сапар ағамыздың жасаған баяндамалары, берген ұсыныстары кітапта қамтылды. Сапар Қарымсақұлының ұсынысымен Кеңес Үкіметі кезінде Ембінің жерінде мұнайды көбірек өндіру үшін кен орнында алғаш рет жер қабаттарына су айдау технологиясы енгізілді.
2016 жылы «Қазақ мұнай геологиялық барлау ғылыми-зерттеу» институтының құрылғанына 70 жыл толады. Осыған орай, Атырау топырағына геологтардың қосқан үлесі туралы іс-шаралар жоспарын жасақтау көзделуде. Сапар Қарымсақовты еске алуға арналған кітап сол жұмыстың бастамасы болып отыр.
Аталған кітапта Геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Дүйсен Мырзағалиев Сапар Қарымсақовты: «Ағаның әңгімесі оның бет-әлпеті құбылып, өзгеруімен сипатталып отырды. Яғни, өз ойын сөзбен де, ыммен де көңілімізге құйып отырады. Әсіресе, ағаның жақсы мен жаманды, ғалым мен наданды қатар қойып сипаттауы – тамаша тәсіл. «Тыңда да, тыңда» дегендей әрі нұсқа, әрі қысқа, тұжырымды түсінік еді.
Сөмкесінен төрт бүктелген шытырлақ қағазға түсірген суреттерді ашып көрсетті. Мұны «жер қыртысының картасы және қима кескіні» деп таныстырды. Карта деп көрсеткен қағаздың беті өрмекшінің торындай шимайланған. Тұнық судың бетіне түскен тастан таралған толқындар жиегі сияқты. Әр бөлігі әр түсті бояумен боялған. Олардың аражігі қара сиямен көмкерілген. Бейне бір төңкеріліп жатқан сырлы шайтабақтың сынған сұлбасы сияқты. Ал, жерасты қыртысының қимасы деп көрсеткен суреті — одан да тамаша құбылыс. Иіліп, бүгіліп келген сызықтар теміржол торабы сияқты. Қағаз бетінде бір-бірімен қилыспай-ақ бірін-бірі қуалай созылып жатыр. Жер астының әр жолағы түрлі түсті бояумен боялған. Міне, бұдан алпыс жыл бұрын Сапар ағамыз көрсеткен Доссордың геологиялық картасы мен жерасты қимасы менің сол кездегі студенттік күнделік-дәптерімде осындай балалық болжам іздерін қалдырған екен», — деп жылы сөздерімен еске алып, бүкіл болмысын ашып көрсеткен.
Елі үшін, туған жерінің экономикасын өркендету үшін бар ғұмырын еңбекке арнаған абзал азаматтың қазіргі таңда бесінші ұрпағы бар. Қазір оның ұл-қыздары Қазақстанда және шет мемлекеттерде тұрады. Және біразы әкелерін еске алуға арналған жиынға арнайы келіп қатысып, ұйымдастырушыларға шексіз алғыстарын жаудырып жатты
— Бүгін – біз үшін үлкен мереке. Әкемнің еңбегін бағалап, еске алып жатқан ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз, — деді оның ұлы Сергей Қарымсақов. – Әкеміз мұндай құрметке лайық жан болған. Көшпелі қазақ халқының игілігіне мұнай беріліп, оны игеруге келгенде алғашқы жылдары қиналған тұстар болды. Техника жетіспеді. Сол кезеңде аталған саланы игерудің алғашқы іргетасын қалағандардың ішінде әкеміздің болғаны да біз үшін үлкен мақтаныш. Күні-түні тыным таппай, ерлікке пара-пар жұмыс істеді. Бірқатар өзінің замандастарымен бірге «қара алтынды» өндіріп қана қоймай, жаңа әдістерді ойлап тауып, жаңа кен орындарын іздестірді. Осы еңбегін ел әлі күнге дейін бағалап келеді. Ағаларының салған сара жолын бүгінгі күні көптеген жастар абыроймен жалғастыруда.
Кеш барысында «Сапар Қарымсақовтың сара жолы» атты деректі фильм көрсетілді. Сапар Қарымсақұлымен кезінде «Қазақ мұнай геологиялық барлау ғылыми-зерттеу» институтында қызметтес болған Сара Ақтанова Астанадан арнайы келіп, ардагер мұнайшыны ұрпағымен бірге еске алды.
— «ҚазМұнайГаз» Барлау. Өндіру» АҚ-ы қазақ мұнайын игеруге атсалысқан, еліміздің мұнай-газ саласының тарихында өшпес есімін қалдырса да, ескерусіз қалып келген Сапар Қарымсақұлының рухына арнап кітап шығару мен деректі фильм түсіруге мұрындық болып отыр. Осы істі қолға алудағы басты мақсатымыз – қазақ мұнайының қайнар бастауында болған, мұнай-газ саласының дамуына үлкен үлес қосқан Сапар ағамыздың еңбегін келешек ұрпаққа насихаттау, үлгі ету болып табылады, — дейді аталған акционерлік қоғамның Жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры Бақдәулет Төлеген. Айта кетсек, аталмыш шара аталған акционерлік қоғамның 10 жылдығы аясында ұйымдастырылып отыр. Ардагер мұнайшылардың тағылымды өмірін, қажырлы еңбек жолын кейінгі буынға насихаттау – ұрпақ алдындағы парыз.
Сапар Қарымсақов – өнегелі өмір сүріп, өңірдің дамуына өлшеусіз үлес қосқан жан. Оның халыққа сіңірген өлшеусіз еңбектері көптің көкейінде жаттаулы.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.