КҮЛКІСІНЕ НЕ ЖЕТЕДІ БАЛАНЫҢ!..
Осындай жақсы дәстүрінен жаңылмаған кәсіпорын басшылығы жаңажылдық мерекеде де балаларға базарлық жасады. Компания өкілдері Махамбет ауданының орталығында орналасқан облыстық қосалқы мектеп-интернат тәрбиеленушілерін қуанышқа кенелтті. Жалпы сомасы екі миллион теңгені құрайтын қаражатқа осындағы 72 тәрбиеленушіге қысқы киім мен төсек-орын жабдықтарын алып беріп, тәттілерін ұсынды. Мекеме директоры Гүлнәр Аманғалиева оларға шынайы алғысын айтты.
— Мектеп-интернатта ақыл-есінің дамуы тежелген, саулығында кемістігі бар балалар тәрбиеленеді. Мемлекет тарапынан жеткілікті қаржыландырылып отыр. Әйтсе де, мұндай көмек пен қолдау артық етпейді. Осы компания әр жылы жәрдем көрсетіп, қолұшын беріп отырады. Мәселен, былтыр мектебімізге бірнеше теледидар алып беріп бір қуантса, енді, міне, балаларымызды қыстық киіммен, басқа да керек-жарақтарымен қамтамасыз етті. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табатындығына бек сенімдімін. Тәрбиеленушілердің, ата-аналар мен әріптестерімнің атынан компания басшылығына зор алғысым мен шексіз ризашылығымды білдіремін. Жаңа жылда отбастарына амандық пен бақыт, еңбектеріне табыс, бастамаларына сәттілік тілеймін, — деп ағынан жарылды Гүлнәр Қалешқызы.
Компания өкілдері Құрманғазы ауданына да ат басын бұрды. Аудан әкімінің жаңажылдық қайырымдылық шыршасына қатысқан олар мұнда да мерекеге сән қосып, тарту-таралғыларын ала келіпті. Атап айтқанда, жетім, аз қамтылған және толық емес отбасыларынан іріктелген 80 балаға қысқа қажетті жылы киім-кешек ұсынды. Тәттіге толы қоржындарын сыйлауды да ұмытпады. Аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров те кәсіпорын ұжымына құрманғазылықтардың ризашылығын жеткізді.
Қайырымды іс істеуді мақсат тұтқан консорциумның шапағаты тиген құрылымдардың қатары мұнымен шектелмейді. Солардың бірі – Атырау қаласындағы «Болашақ» қоғамдық қоры. Аталған компанияның қолдауының арқасында оның базасында кинезотерапия залы ашылған. Нақтылай кетсек, жаңа орынды жарақтандыру үшін 700 мың теңгеден астам қаржыға мүмкіндігі шектеулі адамдарды емдеуге арналған гимнастикалық снаряд сатып алынған. Қор жетекшісі Жібек Бисенованың айтуынша, мұның өзі инсульт соққан немесе басқалай күрделі жарақат алып, денсаулығы нашарлаған жандарды оңалту, өмірге қайта оралту бағытындағы жұмыстарын тиімді жүргізуге септеседі.
— «Болашақ» қоғамдық қорының құрылып, жұмыс жасай бастағанына 16 жыл толды. Егер осыған дейін біздің мамандарымыз негізінен мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау бағытындағы емдеу шараларымен шұғылданып келсе, енді, міне, компанияның демеушілік көмегінің арқасында ересек адамдарды да қабылдап, қызмет көрсететін дәрежеге жеттік. Кинезотерапия залында неврологиялық аурулар, омыртқа және қимыл-тірек аппараты сырқаттары, психикалық ауытқушылыққа ұшыраған, т.б. адамдар емделеді, — деп түйіндеді ойын Жібек Қуанғалиқызы.
Өткен жылы компанияның қаржыландыруымен Атырау қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандар да күрделі жөндеуден өткізілгендігін айтқанымыз ләзім. Солардың бірі №43 балабақша директоры Гүлдана Бектемірованың айтуынша, аталған мектепке дейінгі мекеме ғимараты 1981 жылы салынған. Содан бері терезелері бір рет те ауыстырылмаған. Жел үрлеп, бөлмелердің бар жылуы далаға кетіп, қыста салқын болатын.
— Осындай қиын сәтте көмекке КТК-Қ компаниясы келіп, мәселемізді шешіп берді. Тозығы жеткен терезелер жаңарып қалды. Сол үшін де балабақша тәрбиеленушілері мен ата-аналардың, қала берді қызметкерлердің атынан компания өкілдеріне көп рахмет айтамын, адамдардың алғысына бөлене берсін, — деп сабақтады сөзін мекеме меңгерушісі.
Әріптесінің айтқандарын шаһардағы №21 балабақшаның басшысы Ғалия Базарбаева да қостады.
— Біздің балабақшаға қырық жыл толды. Жасыратыны жоқ, ағаштан жасалынған терезелер, әсіресе, қыс мезгілінде көп қиындық келтіретін. Ашық-тесік тұстарынан кеулеп жел кіретін. Демеуші компанияның қолдауымен терезелер түгелдей жаңартылды. Бөлмелердің іші ұядай, балдырғандар суық тиіп, сырқаттанып қалмайтын болды.
Қаладағы №1 мектепке дейінгі авторлық гимназия да КТК-Қ демеушілік көрсеткен ұйымдардың қатарынан орын алады. Жоғарыда аталған екеуі мен осы мекемеге компания үшінші жыл қатарынан көмек беріпті. Алдыңғы жылдары бұлардың су құбыры мен кәріз желілері және жылу жүйелері түгелдей ауыстырылған. Соның ішінде, соңғысында кір жуатын орын күрделі жөндеумен қамтылған.
— Отыз сегіз жылдық тарихы бар мекемеміз үшін мұның өзі көктегі қол жетпес армандай көрінетін. «Ештен де кеш жақсы» демекші, бір сәтте сол арманымыз ақиқатқа айналды. Кір жуатын бөлмеміз уақыт талабымен үндес жөнделді, іші жарық әрі таза. Бұған, әрине, консорциумның көп көмегі тиді. Мың да бір алғыс, жасаған жақсылықтары алдарынан шықсын, — дейді гимназия директоры Алтынгүл Өтебалиева.
Сондай-ақ, компанияның қаржыландыруымен Исатай ауданының орталығы Аққыстау селосында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай «Мәңгілік алау» кешені тұрғызылған. Кәсіпорын демеушілігінің арқасында мұнда екі бірдей ескерткіш бой көтерді. Оның бірі аналардың қамқорлығы мен батырларды бейнелейтін, ал екіншісі 1650 боздақтың есімдері жазылған мәрмәр тақта. Сонымен бірге, осында ауданнан шыққан тоғыз Социалистік Еңбек Ерінің аты-жөндері көрініс тапқан. Жоспарланған жұмыстар аяқтала келген, санаулы күндерде түнгі жарық шамдары да орнатылмақ. Мұндай жағымды жаңалықтан – бізді аудан әкімі Тұрарбек Сұлтанбеков хабардар етті.
Компанияның жұртшылықпен байланыс жөніндегі аға маманы Любовь Евстифеева кәсіпорын басшылығының аймақтың әлеуметтік проблемаларын шешу үшін қолдау көрсетуге, әсіресе, мәселе балалардың жағдайына қатысты туындап жатырса, қашанда әзір екендігін мәлімдеді. Өйткені, бала – өмірдің ажары, отбасының базары, қоғамның болашағы, елдің ертеңі. Сондықтан, олардың жарқын келешегі үшін жақсылық жасау, қолдан келген көмекті аямау, қайырым қылу – еш нәрсемен өлшенбейтін ұлы іс.