Жарнама
Қоғам

КҮЙ ҚАНАТЫНДА

Күй атасы Құрманғазының, Есбайдың тамаша туындыларын ұрпаққа жеткізуші, шебер орындаушы ретінде танылған күйші Сисенбек Қ.Қонаршиев, Ә.Жәлекеев, Н.Көмеков сынды атақты домбырашылардан дәріс алған. «Сисекең қазаққа күй өнерінің қасиетін тағы бір мәрте танытқан талант иесі болды. Оның домбырасынан күй төгілген кезде қазақтың сайын даласы, ұлтымыздың дархандығы, еліміздің өткен тарихы, батырлар… — бәрі-бәрі көз алдыңда кинолентадай есіліп өтіп жататын» дейді тыңдармандары.
Табиғи талантымен, ақжарқын мінезімен өз ортасын тәнті еткен күйші, композитор – Қызылқоға ауданына қарасты Қарабау селосының тумасы. Ол еңбекке ерте араласты. Қарабау орта мектебінің он жылдығын аяқтай салысымен аудандық баспаханаға жұмысқа орналасты. Баспахананың жұмысы өнерге жақын болмаса да, бойындағы табиғи талантын ел игілігіне жұмсауды ойлаған жас жігіт аудан, облыс, республика деңгейінде өтіп жатқан түрлі мәдени шаралардың ортасынан табылып жүрді. Сондай шаралардың бірінде оның домбыра қағысындағы ерекшелігін байқаған қырағы мамандар Сисенбек Есенғалиұлын күй анасы Дина Нұрпейісова атындағы облыстық ұлт-аспаптар оркестріне шақырады.
Кейіпкеріміз үшін шығармашылық өрлеу осы оркестрден басталады. Ол кезде де облыстық оркестрдің тап қазіргідей тыным таппай, сапарлап жүретін шағы еді. Бірде оркестрге Ресей астанасы Мәскеу қаласында өтетін онкүндікке қатысып, өнер көрсету бақыты бұйырады. Сол кезде қазақтың қара домбырасымен Мәскеу төрінде Бірәлінің атақты «Жетім бала» күйін есілтіп орындаған талант иесіне көрермендер ықыласы ерекше болады. Ата-анасынан, ел-жұртынан айырылып, қорғансыз қалған баланың зарын домбыраның қос шанағынан төгілтіп тұрып шебер орындап шыққан жас күйшінің таланты әділқазылар тарапынан да жоғары бағаланып, оған арнаулы жүлде беріледі. Сол жүлденің иесі шет елге алғаш рет сапарлап отырған осы күйші Сисенбек болған еді.
«Қазақтың өнеріне өзге ұлт бас иген кезде төбем көкке сәл- ақ жетпей тұрды. Бұл – менің ғана емес, тұтас қазақ өнерінің жеңісі» деп шаттанған өнер тұлғасы кейінгі өмірін аудан мәдениетінің өрісін кеңейтуге арнайды. Өнердегі әріптестері кейіпкеріміздің Қызылқоға ауданына қарасты Абай атындағы совхозда орналасқан Мәдениет үйінде, аталмыш аудан орталығындағы «Арман» мәдениет үйінде директор болып тұрған уақытта оның жұмысты ұйымдастыру шеберлігінің жоғары деңгейде болғанын айтады. «Облыс орталығындай емес, аудан болғандықтан, кейде жетіспеушіліктер болып жатады. Сол кезде Сисекең сабырлы қалпынан танбай, аудан өнерпаздарын бар тығырықтан абдыратпай алып шығатын. Және де ол ізденістің адамы еді. Газет-журналдарды үзбей оқып, мәдениет саласына қатысты жылт еткен жаңалық болса, сол жаңалықты түрлендіріп, ауданға енгізуге асығатын. Сөйтіп жүріп, қызметкерлерінің көңіл-күйіне де, ішкі жағдайларына да ерекше мән беріп отыратын. Олардың арасында біреу қиналып жүрсе, қолынан келген көмегін аямайтын. Сисекеңнің ұйымдастыру қабілеті жоғары басшы болуының құпиясы да оның ақжарқын мінезі мен үлкен жүрегінде еді» дейді әріптестері. Тағы бір айта кетерлігі, күйші, композитор «Гурьев» қаракөл қой зауытында автокөлік меңгерушісі бола жүріп, отар-отар қой бағып отырған шопандарды аралап, олардың көңіл-күйін көтеру үшін түрлі мәдени шараларды шебер ұйымдастыра білді.
Қазақта «Жігітке жеті өнер де аз» деген қанатты сөз бар ғой. Кейде осы сөз біздің бас кейіпкерімізге арналғандай көрінеді. Өйткені, ол тыңдармандарын көңілді сезімге жетелейтін «Тайсойған малшыларының әні», «Майдандас достар» сынды әндерімен қуантты. Әлі күнге дейін осы әндер, әсіресе, ауыл жұртшылығының аузында жүр. Міне, артына осындай мол мұра қалдырған Сисенбек Есенғалиұлы – қоғамнан өз орнын тапқан, соңына ізгі із қалдырған тұлға.
Замандастары оның биік парасат иесі, кемел тұлға болғандығын айтады. «Өмір, өмірдің мәнісі, адалдықтан аттамау, адамдықтан аласармау хақындағы ойлары бір-бір кітапқа арқау боларлық дүниелер еді. Ол «өмірдің мәні мен маңызы — адам деген атқа лайық болуда» деп есептейтін. «Адам – Жаратқан иеміз сан түрлі мүмкіндіктер берген тамаша тіршілік иесі. Сол үшін де адам адалдықтан аттамай, пенделіктен қашан да бір саты жоғары тұруы керек. Имандылықты бойынан бір сәтке алыстатпаған адам қашан да мұратына жетеді. Мұны өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Сондықтан, өнеріме тәнті болған жұртыма адамдық парасаттан алыстамаңыздар дегенді жиі айтамын» деп отырушы еді. Жалпы, оның қандай тақырыпқа болса да айтатын өзіндік ой-пікірі болатын» дейді замандастары.
Біздің кейіпкеріміз – бақытты адам. Өйткені, оның өмірде де, өнерде де жолы болды. Жеке басының жағдайын күйттеуді білмейтін, кісілік келбетімен танылған Тұрсын Пазылова атты әдемі бойжеткенмен бас қосты. Жан жарымен бар-жоғы жиырма бес жыл отасқан Тұрсын ана өмірге сегіз баланы дүниеге әкеліп, ұрпақ қызығын енді көремін деген уақытта о дүниеге аттанып кетті. Бірақ, оның артында ізгі аты мен жақсылыққа толы істері қалды. Қарапайымдылығымен, ішкі мәдениеттен туындайтын ізгілігімен айналасындағыларға үлгі болған Тұрсын ананы былайғы жұрт кейде Ғабит Мүсіреповтің ұмытылмас кейіпкері Ұлпанға ұқсаттырған. Мәселен, Ұлпан образы шығармада аналардың анасы, ел билеген көсем, сөз бастаған шешен, сол арқылы қоғам қайраткерлігі деңгейіне шыққан тұлға ретінде бейнеленсе, Тұрсын ананың адамгершілігін, адалдығын, моральдық тазалығын, ақыл-парасатын, зеректігін, зерделілігін замандастары қашан да үлгі етіп отырады. «Отбасының тірегі болған әкеміз бізге тағылымы мол тұлғалық сипатымен ерекшеленіп, анамыз мөп-мөлдір мейірімділігі мен пәк пейілімен жадымызда мәңгілікке жатталып қалды. Әкем үнемі гастрольдік сапарда жүретін еді де, үйдің бар тірлігі анамның мойнына жүктелуші еді. Оның үстіне үйден кісі арылмайтын. Анам талай құдайы қонақтың алғысын алған жан еді. Өкініштісі сол, ата-анамыз біздің ер жеткенімізді көре алмай, арманда кетті» дейді олардың ұлы Абай.
Биыл төсінен талай талант-тарды түлеткен Қызылқоға ауданының құрылғанына 70 жыл толып жатқаны белгілі. Осыған орай ауданда түрлі шаралар ойластырылған. Тағылымды шаралардың бірегейі өз заманында халқын әуелеген әсем әнімен, күмбірлеген күйімен тербеткен Сисенбек Есенғалиұлының және оның жары Тұрсын Пазылованың рухына арналған шығармашылық кеш болғалы отыр. Мамырдың 24-і күні Миялы селосындағы «Арман» мәдениет үйінде өтетін шығармашылық кеш барысында деректі фильм көрсетіліп, аймақтық ақындар айтысы өтеді, кейін арнайы ас беріледі деп күтілуде. «Бастысы, аудан жұртшылығы өнерімен өрге жүзген тұлғаға осылайша өз құрметін көрсеткелі отыр. Енді еліміздің мәдени өмірінде өзіндік із қалдырған тау тұлғаға өзі туып-өскен ауылдан немесе аудан орталығынан бір көше берілсе, тума талант иесін ұрпақтар жадында қалдыруда үлкен іс болар еді» дейді замандастары.
Иә, дана қазақ айтпақшы, «Тау алыстаған сайын биіктей түседі». Сан қилы тарихты бастан өткерген дархан даламыздан қаншама тамаша талант иелері өмірден өтті десеңізші…

Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ.

24 мамыр күні Қызылқоға ауданының орталығы – Миялы селосындағы «Арман» мәдениет үйінде Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Сисенбек Есенғалиұлы мен оның жары Тұрсын Пазылованың рухына арналған еске алу кеші өтеді. «Еске алды халқың, сағынды ұрпақ» атты шығармашылық кеш барысында деректі фильм көрсетіліп, аймақтық ақындар айтысы ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар, «Ақ нұр» мейрамханасында ас беріледі. Тағылымды шараға қатысам деушілерге есік ашық.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button