Жылыой ауданында сүт зауыты қайта жанданады

2020 05 27 20190126092812 Қоғам

Өндірісі өркен жайған Кең Жылыой өңірінде қорасы малға толы Шоқпартоғай деген ауыл бар. Бұрынғы «Қазақстан» совхозының аумағы негізінде батысы Мақат, солтүстігі Қызылқоға аудандарымен, шығысы мен оңтүстігі Жем өзенімен шектесетін сол ауылдық округтің бүгінгі тыныс-тіршілігі көңіл тоғайтады. Сайып келгенде, «алтын бесікте» жүзеге асып жатқан жүйелі жұмыстар «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы негізінде атқарылғаны белгілі. Оған ауылға сапарымыз барысында көз жеткіздік. 

Құм шағылдың ортасындағы ауылдың бүгінгі бет-бейнесі мүлде басқа. Қазір әрбір төбеде бірер үй емес, орталықтағылардан артық болмаса кем түспейтін мектеп, заманауи үлгідегі балабақша, қазақша күрес пен дзюдодан талай спорт тарландары тәрбиеленіп шыққан дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтерген ажары айшықты ауыл. Халыққа жайлы құтты мекен. «Баптай білсе, тасқа да гүл бітетініндей», құм шағылдың ортасынан ауласын тал-терекке толтырған берекелі округ. Кәсіпкері шаруасын дөңгелентіп, нәсібін тапқан ырысы мол малды өңір. Иә, бұрынғы мен бүгінгінің арасындағы айырмашылықты біз ауылға сапарымыз барысында байқаған едік. «Ілгерілеу, даму, өркендеу» деген жақсы сөздер осындай игілікті істерге айтылса керек.

Ауылдың кіре беріс орталық жолының бойында алыстан «менмұндалаған» жаңа ғимараттар мен балалар алаңы бірден көз тартып, көңілге жылылық сезімін ұялатады.

Әлеуметтік нысандар – халық игілігіне!

– Мына тұрған әкімшіліктің ғимараты 1975 жылы салынған, 1996 жылы совхоз тараған кезге дейін балабақша болып жұмыс жасады. Содан кейін иесіз тұрып қалды. Осы жылдары жөндеу жұмыстары жүргізіліп, әкімдікке берілген. Ал, 1958 жылы салынған ғимарат бүгінде «кәсіпкерлер үйіне» айналды, -деп бастады әңгімесін Қара арна ауылдық округінің әкімі Ерболат Елеусінов.

– Ауылда халықтың тұрмысына қажетті барлық әлеуметтік нысан бар. Өткен жылдың мамыр айында мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары басталған болатын. Оның құрылысын атыраулық «Батыс Строй сервис» ЖШС жүргізуде. Ал, 160 орындық балабақша «Игілік» бағдарламасы бойынша салынған болатын. Қазір ауылда балабақшамен қамтуға байланысты мәселе жоқ. 324 орындық сегізжылдық мектеп совхоздың кезінде 1978 жылы салынған, алдында 1952 жылы бой көтерген ескі ғимарат бар. Ол 2017 жылы 19 млн.теңгеге толық күрделі жөндеуден өтті. Қазір толыққанды жұмыс істеп тұр. Халық саны көбейіп, даму жоспарымызға өзгеріс енуіне байланысты ескі ғимаратты апаттылар тізіміне енгізіп, 2026 жылға дейін сүрілетін нысандар қатарына қосып отырмыз. Оның орнына міндетті түрде жаңа екі қабатты білім ошағы салынатын болады. Әзірге мектепте 600-ден астам оқушы екі ауысымда білім нәрімен сусындап жатыр.

Мектептің арғы жағында бұрынғы интернаттың орны бар. Совхоздың кезінде алыстағы қыстақтағы отбасылардың балалары келіп сонда оқитын. Өзім бірнеше жыл бойы аталған интернатта директор болып қызмет еттім. Кейін онда әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балалары білім алды. Қазір интернатты Қосшағылға көшірді. Бүгінде мектептің жанынан аудандық музыка мектебінің филиалын аштырдық. Жыл сайын 40-45 бала домбыра, қобыз, вокал бойынша қосымша білім алып шығады. Оны аяқтаған шәкірттеріміздің алды ұлттық консерваторияда, кейінгілері Кіші өнер академиясында оқып, өнерден өз орындарын тапты.

Ауылда балалар спортын дамытуға ерекше ден қойылған. Әсіресе, қазақша күрестің «Отаны» десек, артық айтқанымыз болмас. Өйткені, осы ауылдың спорт мектептерінен тәрбиеленіп шыққан спортшылар жарыстардан жүлдемен оралып жүр. Жастарды тәрбиелеуші Асан Раушанов, Сайын Есенғожин сынды халықаралық дәрежедегі спорт шеберлерін атыраулықтар да жақсы біледі. Жеке кәсіпкер «Ырыс» спорт кешенін салып берген. «Бұдан бөлек тағы бір дене шынықтыру, сауықтыру кешеніміз бар. Онда волейбол, футбол, үстел теннисі және тағы басқа спорт түрлері бойынша балалар жаттығады. Енді күреске арнайы ғимарат қарастырып жатырмыз»,- деді Ерболат Құлхайұлы.

Ал, ауылдық емхананы «Мариэл строй» ЖШС 2016 жылы салыпты. Сол жылы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен Амангүл Андашбаева деген дәрігер маман келіп, баспаналы болған. Жалпы, ауылдық емханаға күн сайын 40-50 шақты тұрғын хабарласады екен. Десек те, ауылда емхана жанынан бөлек дәріхана ашу үшін фармацевт-маман жетіспейтін көрінеді.

Газдандыру, жарықпен қамту, байланыс – 100 пайыз

Аудан орталығы – Құлсары қаласынан 25 шақырым жердегі ауыл толық газдандырылған. Десек те, «Атырау-Жарықтың» иелігіндегі желілердің ескіруіне байланысты кейде жарық өшіп қалатын көрінеді. Байланыс «3G» желісіне қосылған. Бүгінде «Қазақтелеком» АҚ-на  «4G» желісін тартуға сұраныс жіберілген. Ал, аймақтың барлық дерлік елді мекеніне тән ауыз су проблемасы  мұнда да бар.

– Біз суды Қиғаштан алып отырмыз. Сол су желісінен бірнеше елді мекен алып отырғаннан кейін су жетпейді. Бүгінде ауылға күніне 380-400 текше метр ауыз су беріліп тұр. Негізгі қажеттілік – 1000 текше метр. Сондықтан, резервуар суға толғаннан кейін түскі уақыттан бастап береміз. Осы мезгілде ауыл халқы құдықтарына керегін толтырып алады. Ауыз суды тұрақты беру үшін қосымша су мұнарасын салу керек, – деп әңгімесін жалғастырды ауыл әкімі Ерболат Құлхайұлы.

Ауылда көшеге жарық шамдарын орнату мәселесі аяқталып келеді екен. Бүгінде жарықты қосу үшін құжаттар «Атырау–Жарықтың» қарауына ұсынылған көрінеді.

Қожалықтарға жұмысшы қажет

«Теңіз, вахта» дегеннен шығады, бүгінде ауылда жұмыссыздық деңгейі 2,2 пайызды құрайды. Халықтың басым көпшілігі Теңіз кен орнында еңбек етеді. Әлеуметтік ахуалы тым төмен бірді-екілі отбасы болмаса, қалғандарының тұрмысы жақсы. Атаулы әлеуметтік көмек алып, үйсіз-күйсіз жүрген көп балалы жалғызбасты ананың өзіне жергілікті кәсіпкерлер, ауыл халқы көмектесіп, тұрақты баспана алып берген. Десек те, шаруа қожалықтарына мал бағып, шөп шабуға жұмысқа ешкім барғысы келмейді. Амалсыздан қожалықтар вахталық әдіспен жұмысшыларды Өзбекстаннан шақыруға мәжбүр. Осылайша, қазақтың қаржысы өзімізге бұйырмай, шетел асып кетіп жатыр.

– Далада мал бағып, шөп жинағаннан гөрі жейдесін кірлетпей, бірнеше сағат өндірісте жүргенді қалайды. Біле білсеңіз, шаруа қожалықтары 150 мың теңгеден бастап айлық төлейді. Оның үстіне даладағы еңбек денсаулыққа да пайдалы. Амалы таусылған кәсіп иелері осында жұмыс істейтін еңбеккерге өз үйіне де арнайы техникамен шабындықтан шөп жинап алуға мүмкіндік береді. Ол үшін бір тиын да алмайды. Өзінің түскі асы, үйіндегі малының да азығы – тегін. Соған ешкім келмейді. Кейбір техниканы меңгергендерге 200 мың теңге жалақы төлейді. Әрі кетсе, Теңізден 28 күн жұмыс істеп келгеніне 400 мың теңге жалақы алар, бірақ келесі ай демалғанын қосқанда сол айлығы екіге бөлінеді емес пе? Осыны қанша рет көтерсек те, нәтижесін көре алмай келеміз, – дейді Ерболат Құлхайұлы.

Сүт зауыты қайта жанданады

Ауыл басшысының бұл сөздерін шаруагерлер де құптайды. Бүгінде Шоқпартоғайда алпысқа жуық шаруа қожалығы бар. Олардың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады. Негізі, Құлсарының іргесіндегі ауыл басқаларға қарағанда төрт түлікті бағуға қолайлы. Керісінше, жері шөлейтті аумақ болғаннан кейін жайы қиындау көрінеді. Соның ішінде Сейітжан Балжігітовтың «Достан ата», Бақтығали Жиенқұловтың «Ащы сай», Ақмұрат Байжановтың «Жомарт», Әлім Байжановтың «Ерназар», Жаймұқан Жұбановтың «Дархан дала» шаруа қожалықтары халық игілігіне тұрақты жұмыс істеп келеді.

Ал, белгілі кәсіпкер Дәуренбек Балжігітов сиыр сүтін өндіру жобасын қайта жандандырмақ ниетте. Ол үшін кәсіп иесі көршілес Батыс Қазақстан облысынан сүтті «Сементал» тұқымды сиыр алып жатқан көрінеді.

– Құлсарыда сүт зауытымыз бар, сауылған сүтті сонда жеткізіп, өңдеп, халыққа қолжетімді бағамен ұсынамыз. Бұған дейін етті қалмақ тұқымды мал өсіргенбіз. Соңғы 3-4 жылда қуаңшылық болып, жерге шөп шықпады. Енді міне, су келіп, шабындық алқаптары көбейді. Бүгінде мал азығын дайындау үшін 100 гектар жерден шөп жинап жатырмыз. Қыста мал осы жерге жайылады. Қазір төрт түлігіміз жайлауда, – дейді бізбен әңгімесінде Дәуренбек Балжігітов.

Түйін

Байқағанымыз, ауылда жылдан-жылға тұрғындар саны артып келеді. Бұл халықтың тұрақты мекен етуіне қолайлы жағдай бар дегенді білдірсе керек. Іссапар барысында біз осыған тағы бір мәрте көз жеткіздік.

Айбөпе САБЫРОВА,                                                                                              

Жылыой ауданы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз