Көңілден кетпес бір бейне
Ертеректе Орынтай Кенжетайұлын сыртынан әртүрлі жұмыс бабындағы жиналыстарда көріп жүрдім. Тап-таза киінген, міндетті түрде галстук таққан, қолында күнделікті жұмыс блокноты болатын. Мінбеден сауатты сөйлейтін, сұрақтарға тиянақты жауап беретін. Тіптен ғылыми-экономикалық жаңадан қолданыла бастаған терминдерді еркін меңгерген. Ішімнен «оқып-тергені көп шығар» деп қоятынмын. Артынан жақын танысқаннан кейін оның студенттерге көп жыл сабақ бергендігін білдім. Орекең егемендік алған кезден бастап облыс аумағында көптеген экономикалық реформаларды өткізуге қатысты.
1976 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетін аяқтаған соң, жолдама бойынша туған жеріне келіп, «Қызыл Ту» кеңшарында еңбек жолын экономист болудан бастады. Көп ұзамай аудандық комсомол комитеті қызметіне шақырылды.
1977-1987 жылдар аралығында Гурьев ауыл шаруашылығы техникумында мұғалім, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. Кейін еңбек жолы 1988-1991 жылдары Гурьев облыстық партия комитетінде, содан соң атқару комитетінде жалғасты.
Ұзақ жылдар (1992-2001 ж.ж.) жергілікті облыстық, аудандық атқарушы органдарда түрлі басшылық лауазымдарда болды.
1996 жылы республикалық Бюджеттік банк құрылды. Орекеңе Ұлттық банкі функцияларынан республикалық және жергілікті бюджеттің кассалық орындалуы жүктелген болатын. Қоңыр күздің қара суығында, Атырауша айтқанда, кіші қарашаның кірісінде Атырау облыстық басқармасының жұмысы басталған еді. Сол кездің қажеттілігі бойынша Ұлттық банктің қала және барлық аудандағы бөлімшелерінің қызметкерлері жаңа банкке ауысты. Облыс бойынша он айда жиналған салық түсімдері мен жұмсалған қаражаттардың жаңа бюджеттік кластамасы бойынша компьютерлік бағдарламаға өткен кезі еді.
1999 жылдың басында Орынтай Кенжетайұлымен облыстың бас экономикалық басқармасында бірге жұмыс істедік. Сол жылдағы заңнама бойынша мемлекеттік меншік екіге бөлінді: республикалық және коммуналдық. Оған жаңадан ашылып жатқан коммуналдық меншік басқармасын басқару жүктелді.
Өзіне тән ыждағаттылығымен жұмысқа кірісті. Біріншіден, облыстың құзырындағы меншіктердің тізілімі жасалды. Ғимараттар, негізгі қорлар, инженерлік құрылымдар, шаруашылық субъектілеріндегі облыстың үлесі анықталды. Екіншіден, коммуналдық меншіктің тиімді басқару, бюджетке пайда түсіру әдісі жолға қойылды. Үшіншіден, республикалық меншікке өтіп кеткен кейбір объектілерді коммуналдық меншікке қайта қайтару міндеттері орындалды. Туған елінің патриоты болғандықтан екі жылда көп істер атқарды. Қай жерде қандай объекті бар, оның жағдайы қандай екенін мүдірмей айтатын. Өз ісінің шебері, халықтың қамқоршысы бола білген Орекеңнің беделі жоғары еді. Облыс басшылары оның пікірімен санасатын, коммуналдық меншік мәселелері бойынша ақылдасатын.
Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі Атырау филиалы директорының орынбасары лауазымына Орынтай Кенжетайұлы 2002 жылы конкурс қорытындысымен тағайындалды. Конкурс Алматыда ҚР Ұлттық банкі орталық аппаратында өтті. Төрт-бес адам қатысты, солардың ішінен суырылып алға шықты. Конкурстық комиссияға өзінің білімін, біліктілігін, іскерлігін, тазалығын көрсеткен Орекеңді Ұлттық банкінің Директорлар кеңесі бекітті. Кейіннен Орекеңе талай рет басқа ұйымдарға, мекемелерге бірінші басшы болуға ұсыныстар түсті. Ол бармады, өзіне ұнаған жұмыс орнын қимады. «Ұлттық Банк жүйесі маған тиімді, тіпті маған арналған жұмыс екен» деп қоятын. Қажырлы қайратымен, талмай еңбектенуінің арқасында талай жетістіктерге қол жеткізді, көптеген қиындықтардан сүрінбей өтті.
Солардың бірі – филиалға арналған жаңа ғимарат салу. Еліміз егемендік алғалы, дәлірек айтсақ, соңғы жарты ғасырда Ұлттық Банк жүйесінде жаңа ғимарат бой көтермепті. 1938 жылы іске қосылған көне ғимарат апаттық жағдайда екенін құжаттар негізінде анықтадық. Жоғарыдағы басшыларымызға жаңа ғимарат салу керектігін дәлелдедік, тиісті шешімдерді қабылдауға жұмыстандық. Ақтөбедегі жобалау институтына жобалау-сметалық құжаттарын жасаттық. Орынтай Кенжетайұлы филиалдың әкімшілік шаруашылық бөлімнің басшысы Жұмабек Қуанышбаев екеуі бір жыл бойы құрылыс басына күніне кем дегенде бір рет баратын. Сөйтіп, 2004 жылы жаңа ғимаратқа көшетін күн де жетті. Филиал қызметкерлерінің қуанышында шек болмады.
Жаңа ғимаратқа кіргеннен кейін бір айдан соң Қазақстанның барлық аумағынан филиал директорлары мен Орталық аппараттың департамент директорлары бір апталық семинар кеңеске Атырауға келді. Семинар өткізуге филиал ұжымы көп дайындық жасады. Бұл жолы да Орекең өзінің ұйымдастыру қабілетінің жоғары екенін көрсетті. Қонақтарды Сарайшыққа, облыстық өлкетану мұражайына апардық, Жайықты көрсеттік. Әріптестеріміз Орынтай Кенжетайұлының қазақтың тарихын терең білетініне көз жеткізді, шежірешілдігіне таңданды. Бүгінгі күнге дейін Орекеңнің айтқан аңыздарын, күлдіргі әңгімелерін ерекше ықыласпен еске алады.
Орынтай Кенжетайұлымен ұзақ жылдар жұмыстас болған әріптестері, тәлімін алған шәкірттері оның іскерлігін, жұмысты ұйымдастыра білу шеберлігін, кәсіби біліктілігін ерекше бағалайды.
Ұлттық экономика саласындағы орны бөлек, ақылына ізгілігі, биік парасатына біліктілігі сай, ішкі рухани мәдениеті жоғары Орекең ортамызда болса 63 жасқа толар еді. Өзі болмаса да атқарған ісі, үлгі тұтарлық қасиеті мәңгі жадымызда.
Қозыбақ ҚҰЛБАРАҚОВ,
ҚР Ұлттық банкі Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры.