Қоғам

ІЗДЕНІСТЕН ТУҒАН ІНЖУ ДҮНИЕ

Кітап Астана қаласындағы «Фолиант» баспасында басылған.

— Бұл еңбектің ең бірінші кезектегі құндылығы – тек Атырау емес, Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарындағы филология мамандығында оқитын студенттер үшін баға жетпес оқу құралы болып табылатындығында, – деді тарих-филология факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты Қылышбай Құлжанов.

Ал, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіптің айтуынша, бұл – жас ғалымның ұзақ жылдарғы ізденісінен туған інжу дүние. Жалпы, қазақ тілі білімінің тарихында түрен ізі сиректеу түскен диалектология саласына қадам жасау жас ғалымның тапқырлығы, темірді қызған кезінде соғуы десе болады. Бірақ, жергілікті диалектілерді зерттеу көп тер төгуді, мұрағат қопаруды, Қазақстанның әр аймақтарында тұратын адамдармен сөйлесуді, көп баспасөз материалдарын оқуды талап етеді. Өйткені, жергілікті тіл ерекшелерін үстірт зерттеуге болмайды. Ол – біле-білгенге жанкешті еңбек.

Сонымен бірге, тұсаукесер рәсімінде «Фолиант» баспасының өкілі Венера Ғайнуллина да сөз сөйлеп, аталмыш баспаның ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұсынысы бойынша «Жоғары білім» сериясымен жоғары оқу орындарына арналған осындай оқу әдебиеттерін шығарып отырғанын, бұл кітаптың да министрлік оқу құралы ретінде мақұлдаған соң осы серия аясында жарық көргенін атап өтті.

Кітап авторы Жомарт Мұхамбетов аталмыш оқулық қазақ тілінің диалектология курсы бойынша студенттердің тәжірибелік тұрғыда білімділік дағдыларын қалыптастырып, олардың ізденушілік қабілеттерін арттыру мақсатында жазылғанын айта келіп, рәсім қонақтарына алғысын білдірді.

Осыдан соң профессор Қадыр Жүсіп пен осы жолдардың авторы қызыл лентамен оралған кітаптың тұсауын кесіп, сәт сапар тіледі.

Таралымы 1000 дана болып шығып отырған оқу құралы енді Қазақстанның барлық аймақтарындағы педагогикалық оқу орындарына жол тартқалы отыр. Сәт сапар дейміз!

Тарас НАУРЫЗӘЛІ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Атырау қаласы.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button