СОЛДАТТЫҢ САРҒАЙҒАН ХАТЫ 74 ЖЫЛ САҚТАЛҒАН

Қиырдағы Құрманғазы ауданының Азғыр аймағынан редакцияға хат келді. «Анам әкемнен келген осы хаттарды бүкіл ғұмырында сақтап, - деп жазыпты Жүсіп Жабелов, - өмірден өтерінде маған тапсырып еді. Қазір мен де 76-ға жақындадым. Сарғайған қағаздар әбден жыртылуға шақ қалды. Енді  оны мұражайға тапсырған жөн секілді. Бірақ, соның алдында облыстық «Атырау» газетінде бір жазылса деп едім».  Оқырманымыздың хатын одан әрі оқи отырып, өзі де аталық жасқа әлдеқашан келсе де, әкеге деген сағыныш табын сезінгендей болдық.

Сонау 1941 жылы қарындашпен араб тілінде төте жазумен жазылған қос хатты әлдебір қасиетті дүниені қолымызға алғандай абайлап ұстадық. Оны аударуға кезінде аудан әкімінің орынбасары Абдурахман Мұса біраз тер төгіпті. Қысқаша үзінді келтіріп көрелікші. «Қазимаға, – депті біріншісінде, – біз, Ордадан ойнап-күлген 40 шақты жігітті 10.ХІІ күні отзыв жасады. Біздің ауылдан менімен бірге Қади бар. Қай арадан екені белгісіз, түнде шамамен сағат 10-да моншаға түсіріп, әрі қарай жөнелтті. 700 сом ақша салдым. Балаларды сабай көрме. Сұрағандарға сәлем айт»

«Аса ардақты көруші анама, Қазимаға және әкеме жолдаймын, – деп сыршертеді екінші хат, – мен әзірге аман жүрмін. Ден сау, аманмын. Қазан қаласында тұрмын. Хат ала алмаймын, себебі машина әні-міне келіп, кетуіміз керек. Өткенде бір хат алғам, сонсын хат ала алмадым. Мәжит кетіп қалған соң кім хат жазсын. Ал, анашым, адресім сол жақтан хат жазғасын барады. 25.Х күнгі хатыңды 8.12.41 ж. алып оқыдым. Ал, енді басқа көп не айтайын, қош болыңыз. Көз көргенше күн жақсы болсын. Жабел. 41 жыл»

Міне, майдангердің тірлігінен хабар беретін осы қос үшбұрышты хаттар ғана. Хат мәтініне қарағанда ауылдан аттанған соң Қазан қаласында аз-кем жаттығуда болғанға ұқсайды. Одан соң майданға жетті ме, жетпеді ме – бұл жөнінде қолымызда дерек жоқ. Талай жауынгер аттанып бара жатқан жолында жау ұшақтарының бомбалауынан да қаза тапты ғой. Солардың қатарында көз жұмды ма, кім білген.

Құрманғазылық қаламгер Таңатар Дәрелов майдангер туралы біраз зерттеу жүргізген екен. Сөйтсек, Жабел Сисенәлиев қазіргі Азғыр селолық округіне қарасты Балқұдық ауылында дүниеге келіпті. Оның әкесі Сисенәлі Жақыбалиев те – осы жердің тумасы. Ал, Жабелдің өзі Балқұдықта алғаш ашылған мектепте директор болыпты. Ұжымшарды құрушылар қатарынан да табылған. Сол ауылда Жабелдің алдынан тәлім алған Уап Қапаров есімді ақсақал ұстазы туралы жылы лебізін білдіріп жүреді екен. Тағы бір шәкірті Әнес Шахатовтың айтуынша, мұғалімі арабша, латынша және орысша жақсы сауатты болыпты. Саз аспаптарын да шебер меңгерген көрінеді.

Оның әйелі Қазима Сисенәлиева да арабша және латынша сауатты екен. Майдангердің жарына араб тілінде хат жазуы да сондықтан. Қазима да ауыл әйелі дегенмен, қара жаяу емес. Балқұдықта қойма меңгерушісі болған. Үш мәрте ауылдық кеңестің депутаттығына сайланған. Бұл жөнінде балаларының қолында куәліктері де сақталған.

Тоқсан жасқа жетіп, өмірден озарында жауынгер жесірі Қазима ана ғұмыр бойы қасиетті бойтұмардай сақтаған ерінің қос хатын ұлы Жүсіпке аманат ретінде тапсырған екен. Сол құжаттарды біз де ұстап көрдік. Ендігі тілек – Азғыр аумағындағы білім ошақтарының немесе елді мекендер көшелерінің біріне майдангер есімін беру. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында осы шараны жүзеге асыруға әбден болады.

Беттегі материалдарды дайындаған: Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз