Жарнама
Қоғам

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ БАҒДАРЛАМА – ИГІЛІК БАСТАУЫ

Мәлімделгеніндей, инвестициялық бағдарлама шеңберінде тек 2013 жылдың өзінде жалпы сомасы 4091,70 млн. теңгенің іс-шараларын жүзеге асыру жоспарланған. Соның ішінде, электр энергиясына байланысты 3403,74 және жылу энергиясына қатысты 687,96 млн. теңге көлемінде қаржы жұмсау көзделген. Өткен сегіз айда сол қаралған қаражаттың 2280,62 млн. теңгесі игерілген. Нақтылай кетсек, есепті мерзімде мұнда «УВМ-3/6» типті трансформатор майын газсыздандыру қондырғылары жаңадан сатып алынып орнатылған. Сол сияқты өндірістік процестерде күнделікті дерлік қолданылатын генераторлар мен трансформаторларға арналған «СИУК-246/41-60» маркалы сынау қондырғылары да жаңасымен алмастырылған. Осындағы көптен жұмыс жасап тұрған ХСТ 0,4 кВт-ті №1 қалқаны да ескіруі себепті жаңасына ауыстырылған. Оған қоса, тұтастай алғандағы сыйымдылығы 20 текше метрді құрайтын төрт дана сутекті жинағыш қондырғы монтаждалып, іске қосылса, қажеттілігіне қарай сорғының, №4 турбоагрегаттың, орталық жөндеу шеберханасындағы станоктардың қосалқы құрал-жабдықтары да жаңаланған. Техникаға қатысты айтсақ, «ЭО-5111» маркалы эксковатор (драглайн) мен «К-100-90» маркадағы №12 турбоагрегаттың, «ТГМ-151Б» №12 қазан агрегатының құрылғы-қондырғылары да жаңартылып, түгенделген. Осы және өзге де оңғарылған шаруаларды көзімізбен көріп, бірқатар нысандарды аралап та шықтық.
Баспасөз турында баяндалып, егжей-тегжейлі таныстырылған шаралардың тиянақты іске асырылуының нәтижесінде өндірістік-техникалық көрсеткіштер біршама жақсартылған. Негізгі және көмекші жабдықтардың сенімділігін арттыруға, қуатты пайдалану коэффициентін көтеруге, жылу және электр энергиясын өндіруге жұмсалынатын отын шығынының салыстырмалы нормасын төмендетуге қол жеткізілген.
Және бір мәлім болғаны, бағдарлама аясында кәсіпорында жылу қуатын өндіру мен қамтамасыз ету қызметтеріне тарифтік шектеулер деңгейі бекітілген. Соның негізінде биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап 1Гкал (гекокалория) жылу энергиясының құны заңды тұлғалар үшін 9552,30 теңге, ал жеке тұлғаларға 3754,32 теңге көлемінде белгіленген. Осыған орай, жылу есептегіш құралдарын орнатқан немесе пайдаланып отырған тұтынушылар (заңды тұлғалар) 1Гкал жылу қуатына 4776,15 теңге, оны орнатпағандар 12827,15 теңге, ескірген, апатты жағдайдағы жатаған (барак) үйлерде тұратындар 9552,30 теңгеден ақы төлейді. Сол секілді, үйлеріне жылу есептегіш аспаптарды орнатқан жеке тұлғалардан, яғни жекелеген тұрғындардан 1Гкал-ға 1877,16 теңге, ал онысы жоқтардан 4098, 26 теңге, әлгінде айтылғандай, ескіріп, апатты жағдайға жеткен, барак типтес баспаналар мен ғимараттарда тұратындардан 3754,32 теңге ақы алынады.
Сайып келгенде, инвестициялық бағдарлама тармақтарының кестеге сәйкес орындалуы, қаралған қаражаттың мақсатты да мерзімді игерілуі ұжымды да, елді де игілікке бастайтыны сөзсіз. Мұны «Атырау жылу электр орталығы» АҚ-ның бүгінгі тыныс-тіршілігі мен алғы күндерге ұмтылысынан айқын аңғаруға болатындай.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button