Инвестициялық бағдарламаның игілігі қандай?
Облыстағы тұтынушыларға коммуналдық қызмет көрсететін табиғи монополия субъектілерінің бірі – «Атырау жылу желілері» АҚ. Кәсіпорын өзіне қабылдаған инвестициялық бағдарламасы аясында былтыр ауқымды жұмыс атқарды, биылға белгілеген межесі де биік. Бұл туралы БАҚ өкілдері үшін ұйымдастырылған баспасөз турында баяндалды.
Акционерлік қоғамның президенті Әлібек Темірғалиевтің айтуынша, бүгінде кәсіпорын бойынша 55 орталық жылу бекеті халыққа қызмет көрсетеді. Оның ішінде 38-і кәсіпорынның теңгерімінде болса, алтауы сенімгерлік басқаруда, ал 11-інде шартқа сай техникалық қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ, кәсіпорынның теңгерімінде 2 сорғы стансасы және жалпы ұзындығы 427 шақырымға жуық жылу желісі бар.
2021-2025 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама шеңберінде өткен жылдың өзінде сомасы 729,355 млн. теңгені құрайтын 8 іс-шараны жүзеге асыру жоспарланып, толықтай орындалған. Нақтылай кетсек, олар жылу желілерін реконструкциялау және жаңғыртуға, энергияны үнемдеу мен тиімділігін арттыруға, құбырларды бір-бірінен оқшаулау үшін көбікті полиуретанмен және минералды мақтамен орамдау, сыртын металдан дайындалған қорғаныш қаптамалармен қаптау, т.б. бағыттарды қамтыды.
Соның нәтижесінде, көлденең қимасы (диаметрі) 720 мм-лік магистралды жылу желісінің ұзындығы 1 376 метр болатын учаскесі ауыстырылды. Тұрба құбырында монтаждау жұмыстары толықтай аяқталды. Құбырлардың дәнекерленген жіктеріндегі ақаулықтар анықталып, қалпына келтірілді. Коррозияға, яғни тұрбаларды тот басудан сақтау, жылу тасымалдайтын құбырларды оқшаулау, басқа да технологиялық процестер кестеге сәйкес атқарылды. Жоспарланған жұмыстар толықтай біткен соң реконструкциядан өткізілген учаске желілік сумен толтырылып, пайдалануға берілді.
Энергияны үнемдеу және тиімділігін арттыру мақсатында жалпы ұзындығы 4 шақырымнан астам жылу желісі көбікті полиуретанмен оқшауланды. Тұтастай алғанда, осындай материал қолданыла бастаған он жылдан астам мезгілден бері кәсіпорынның күшімен 129,1 шақырым құбырды көбікті полиуретанмен оқшаулау қамтамасыз етілген. Одан бөлек, минералды мақтаны мырышталған қаңылтырдан дайындалған қаптамаларды қолдана отырып та орамдау жұмыстары жүзеге асырылған. Сайып келгенде, мұның бәрі құбыр бойындағы жылу температурасының тұрақты сақталып, ысырапсыз жеткізілуіне мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғаспақ.
Қорыта айтқанда, бес жылға есептелген инвестициялық бағдарламаның басты мақсаты – жылу желісінің гидравликалық режимдерін жақсарту, сенімділікті арттыру және жылу шығынын мейлінше азайту болып табылады. Осы тұрғыда қазіргі уақытта кәсіпорынның теңгеріміндегі тағы бір учаскені («ТК23 — ТК30») реконструкциялау үшін жобалау-сметалық құжаттамасын жасақтау қолға алынған. Осы жобаға қатысты геологиялық және геодезиялық сипаттағы жұмыстарды орындауға арнайы лицензиясы бар мамандандырылған ұйымдар тартылған.
Дәулетқали АРУЕВ