ИННОВАЦИЯ АУЫЛҒА ДА ЖАТ ЕМЕС

Жақында ғана Елбасы «Ұлт Жоспары-100 қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» атты бес институционалдық реформасын жариялағаны мәлім.

Маңызды құжатты алған бағытымыздан адастырмайтын сенімді бағдаршам, жан-жақты тиянақталған баянды жоспар ретінде қабылдауға толық негіз бар деп есептеймін. Жүз қадаммен нақтыланған, іске асыру тетіктерімен айқындалған Ұлт Жоспарының мемлекетіміздің кемел келешегі үшін қажет-тілігі мен маңыздылығын ауыл шаруашылығы саласының ардагері, әрі ғалым болғандықтан бір кісідей құптаймын және қолдаймын. Бағдарламада қамтылған мәселелердің барлығын да халықтың толығымен қолдап, қоштайтындығына сенімдімін.

Негізінен төрт тарауға топтастырылған бағдарламамен таныса отырып, оның «Индустрияландыру және экономикалық өсім» деп айдарланған үшінші тарауына, сондағы 64-ші қадамға айрықша назар аударып, көз тоқтаттым. Себебі, мұнда өндіріске инновациялар енгізу және осы бағыттағы жұмыстарды қаржыландыру тетіктері туралы айтылған. Шынымен де, инновациясыз, яғни тұтастай ұлт экономикасына, соның ішінде тікелей өндіріске енгізілетін жаңалықтар мен өзгерістерсіз дамудың да еш мүмкіндігі болмайтындығы сөзсіз.

Айтпағым, инновация өндіруші саламен, өнеркәсіп кәсіпорындарымен шектеліп қалмай, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеу саласында да өрнегін тауып, бұнда да өміршең жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуы тиіс. Нақтылай кетсек, мал шаруашылығын, соның ішінде еділбай қойын өсіретін асыл тұқымды шаруашылықтарда қолға алынған инновациялық жобалардың қаржылай қамтамасыз етілуіне қолайлы жағдайлар туғызылғаны жөн. Бұл бастаманы төрт түліктің өзге түрлерін өсірумен шұғылданатын шаруашылық құрылымдарында да жалғастыру қажет. Малдан алынатын өнімдердің шикізат ретінде пайдаланып қана қоймай, өңдеуден өткізіліп, кәдеге асуына мүдделілік танытқанымыз да абзал. Өйткені, инновация ауылға да жат емес.

Қосыбек ЫРЗАҒАЛИЕВ, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, еңбек ардагері.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз