… ЫҚЫЛАС-НИЕТ ЕСТЕН КЕТПЕС

«Нұротандықтар» Қарттар күні мен қайырымдылық айлығына   белсене араласып, өздерін іс үстінде көрсетуде. «ҚазТрансГазАтырау» АҚ Атырау өндірістік филиалының директоры Абай Әмірханов пен қоғамның бастауыш партия ұйымы төрағасы Шынарбек Қабиев ұжым мүшелерін өз қаражаты есебінен қайырымдылық іс жасауға жұмылдырып, облыстық қарттар мен мүгедектер үйінің жүзден астам тұрғынына азық-түлік тағамдары мен ксерокс аппаратын сыйға тартты.

Осындай сый-сияпатты қарттарға «Уорли Парсонс» компаниясының (бас директоры Талғат Иманғалиев) ұжымы да жасады. Ал, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Балдай Өтеғалиева үлкендерге ізгі тілегін арнады.

Өздеріне көрсетіліп отырған зор қамқорлыққа риза болған үлкендер – Людмила Славова, Амангелді Ақбердіұлы, Фаина Лифанова және Қарттар үйі директоры Қилымқас Күзембаева барша құттықтаушыға өздерінің  алғыстарын жаудырды.

Бұл күні үлкендерді Қарттар мерекесі әрі қайырымдылық айлығының басталуымен Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның өнер ұжымы, әншілер мен домбырашылар – Елемес Мағазов, Әсет Әлиев, Құттыгерей Дүйсеев, Бақытбек Ерсін, Ақмарал Ноғайбаева, Гүлзира Ихсанова, Жаннат Ермағанбетовалар құттықтап, оларға ұмытылмастай көңіл-күй сыйлады.

Лиза ШАЙХАШҚЫЗЫ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз