Телефонға үңілген жастар жанарсыз қалудан қорықпайды

main Жаңалықтар

Жуырда танысымыз Америкадан оралды. Әлемнің алпауыт елінен алған әсері ерекше екен. Әсіресе, оның бүгінгі қоғамның келеңсіз тұсы – ұялы телефонға тәуелділікке қатысты айтқаны ой салды.

main

– АҚШ-та өмірдің қай саласы да озық технологияға негізделген. Байланыс жүйесіндегі жаңалықтар таңдай қақтырады. Соған қарамастан біздегі секілді жасы бар, кәрісі бар қолындағы телефонға үңіліп, өзге дүниені ұмытатындарды аз кездестіресің. Байланыс құралымен қажет кезінде сөйлеседі, керек емес уақытында қолданбайды. Ересектер балаларына да осы талапты қоятынға ұқсайды. Бәрінен де қайран қалдырғаны – қолы бос адамдардың шұқшиып кітап оқып отыратындығы. Кітапханаға, мәдениет, қоғамдық орындарға баратын халық көп. Таңертең жапатармағай газет алып, оқып жатқаны, – дейді әңгімелесушіміз.

Байқасақ, мұндай көрініс әлемнің озық саналатын елдеріне тән болып шықты. Мұндағы қоғам ұялы телефонға тәуелділік мезгілінен әлдеқашан өткен. Олар тәрбиенің өзегі – рухани байлықта екендігін ұққан секілді. Ал, таңның атысы, күннің батысы қолымыздан ұялы телефон түспейтін біз бұл кезеңге қашан өтеміз?

…Осы тұста қаладағы Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасына соңғы барғанымыз еске түсіп тұр. Кітапханашылар келушілердің сұраған кітабын, бұрынғы мерзімдік басылымдарды тауып беріп, қалтқысыз қызмет етуде. Жаңа ғимаратта оқырмандарға барлық жағдай жасалған. Дегенмен, бір кемшілік – кітапхана орталықтан шалғайлау орналасқан. Студенттердің мұнда барып-келуі қиын болуда. Сұрастырып көрсек, аталған ғимаратқа жалғыз маршрутты автобус қатынайды. Оның өзінің жүрісі шабандау екен. Ал, күнде такси жалдап жүруге кейінгі буынның мүмкіндігі келмейді.

Телефонға үңілген жас кітапты қашан қолға алады? Бұл сауал сізді толғандырмай ма?

Азамат Базарбаев

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз