Инновация – өркендеу жолы

37 Қоғам

«…Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керек…»

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауынан. (2023  жылғы  1  қыркүйек)

Қараша айында Қостанай қаласында Қазақстан мен Ресейдің ХІХ өңіраралық ынтымақтастық форумы өтіп, оның пленарлық мәжілісіне екі мемлекеттің басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин қатысқан еді. Форумның күн тәртібіне қойылған маңызды бағыттардың бірі – қазіргі заманғы отандық ғылымды, атап айтқанда аграрлық ғылымды дамыту және агроөнеркәсіптік кешенде инновацияларды белсенді енгізу. Осы жолы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі зерттеу университеттерінің ролін күшейте отырып, «білім–ғылым – өндіріс» үш тұғырлы жүйесі шеңберінде ғылым саласындағы реформаның  басталғанын хабарлап, оны соңына дейін жеткізуді міндеттеді. Ол жаңа технологияларды, нақтылай кетсек, бірлескен агроинновация орталықтарын құру жөніндегі жұмыстарды жандандыру қажеттігін алға тартты. Отандық ғылымды әлемдік ғылым деңгейіне көтеру немесе кіріктіру (интеграция) аясында атқарылар жұмыстардың ауқымдылығын атап көрсетті. Және мұны еліміздегі ғылыми қоғамдастықтың бірауыздан қолдайтынын жеткізді.

Мемлекет басшысы жүктеген міндетті орындау бағытында республикада нақты бағдарламалар қабылданып, батыл қадамдар жасалып жатыр. Ауыл шаруашылығында еңбек ететін, салаға тікелей  қатысы бар ғылыми-зерттеу мекемелері мен кадрлар даярлайтын жоғары оқу орындарында қызмет істейтін қазақстандықтар ел экономикасының маңызды стратегиялық бағыттағы саласын дамытуға сүбелі үлес қосып келеді. Басты мақсат – аграрлық секторды экономиканың жаңа драйверіне айналдыру.

Мемлекеттің, әсіресе ауыл шаруашылығының экономикалық, әлеуметтік дамуының көрсеткіші – білім мен ғылымның ілгерілеуімен тікелей байланыста ғана алға жылжып, көтерілетінін  әлемнің озық елдері өз тәжірибесімен көрсетіп, нақты істерімен дәлелдеп отыр. Біздің алдымызда бәсекеге қабілетті білікті кадрлар, ғылыми жетістіктер мен жаңа технологияларды енгізу арқылы ғана ел экономикасының дамуына ықпал етіп, ауыл шаруашылығы өндірісін халықаралық деңгейге жеткізу міндеті тұр.

Осы тақырыптың түйінін Ұлттық Ғылым Академиясының вице-президенті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақ Ұлттық Аграрлық зерттеу университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы-ректор Ақылбек КҮРІШБАЕВ тарқатты.

– Қазір цифрландыру, IT және биотехнология саласының қарқынды дамуы бүкіл әлемді түбегейлі өзгертіп келеді. Ғылым жетістіктері адамдардың таным көкжиегін кеңейтіп, өміру сүру қағидаттарын жаңа белестерге бейімдеуде. Алайда, бұл бағытта Қазақстандағы көптеген ғылыми-зерттеу жаңалықтары аграрлық өндіріс саласына жете бермейтіні де жасырын емес, – деп бастады әңгімесін Ақылбек Қажығұлұлы. – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың 30 наурызында өткен Парламент палаталарының бірлескен мәжілісінде осы мәселеге арнайы тоқталып: «Өңдеу өнеркәсібін инновация мен жоғары технология ғана жедел дамытады. Бұл айдан анық нәрсе. Сол себепті, зерттеу жүргізіп, патент алумен шектелу жеткіліксіз. Ғылыми жаңалықтарды өндірісте іс жүзінде пайдалану қажет», – деп атап көрсеткен еді. Өкінішке қарай, біздегі нақты жағдай бұл талапқа нақты жауап бере алмайды, әлі де болса оған қауқарсыз. Мұның объективті себептерін де атағанымыз жөн болар.

Біріншіден, мәселе қаржыға келіп тіреледі. Бүкіл Қазақстанның селекциясына, барлық ауыл шаруашылығы дақылдарына 1 миллиард теңге бөлінеді, бұл 2 миллион АҚШ долларынан сәл ғана асады. Дамыған елдерде бір дақылдың бір сортына ең аз дегенде 1 миллион доллар жұмсалады. Екіншіден, өнімділігі жоғары өсімдік сорттары заманауи биотехнология тәсілдері мен гендік зерттеулер негізінде жасалады. Мысалы, қуаңшылыққа төзімді сортты шығару үшін басқа мемлекетте шығарылған ең үздік генотипті әкеліп, өздерінің сорттарымен шағылыстырып, оны жергілікті жағдайға бейімдейді. Ал бізде бәрі керісінше, не керекті биотехнологиялық зертхана, фитотрон, жылыжай, не басқа елдердегідей ұлттық генетикалық өсімдік қоры жоқ.

36

Жалпы ғылымдағы, әсіресе аграрлық ғылымдағы күрмеуі шешілмей келе жатқан күрделі мәселе – ғылыми кадрлардың тапшылығы. «Сіздер реформа жасағанда, аграрлық ғылымның басқару жүйесін өзгерте бересіздер. Шын мәнінде аграрлық ғылымды басқару формасынан бұрын, әуелі оның мазмұнын өзгерту керек» деген уәж айтады шетелдік әріптестеріміз. Бір сөзбен айтқанда, біз ойымызға келген реформаны жасай бермей, дамыған елдердің озық тәжірибесіне, тиімді тәсіліне жүгінуіміз қажет. Қазір ол елдердегі ғылым мен білім жүйесінің даму тренді – ғылыми-зерттеу университет-тері. «Университет–ҒЗИ–тәжірибе шаруашылығы», яғни «аудитория–зертхана–өндіріс» бірге кешенді түрде басқарылады. Бұл заманауи ғылыми кадрларды дайындаудың классикалық моделі, оңтайлы инновацияларды әзірлеудің ең төте жолы.

Жаңа кезеңге – жаңаша бағдар

Ақылбек Қажығұлұлының айтуынша, Президенттің «Әділдетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында атап көрсетілгеніндей, осы жолды таңдаған Қазақ Ұлттық Аграрлық зерттеу университеті бүгінде өз құрамына алты ірі ғылыми-зерттеу институты мен бір тәжірибе шаруашылығын біріктіріп отыр. Болашақта ғылым мен білімді дамытудың ұлттық стратегиясына айналатын бұл бастаманың бірнеше артықшылығы бар. Алдымен, студенттер ең заманауи үлгідегі жоғары білім алу мен ғылыми тәжірибені үйрену мүмкіндігін иеленеді. Осылайша, олар келешекте білікті, бәсекеге қабілетті кадрлардың элитасын қалыптастырады. Келесі артықшылығы – ғылымға жас дарындардың келуі жиілеп, нарыққа қажетті ғылыми зерттеулердің тиімділігі мен сұранысы артады. Сосын интеграциялау үрдісін күшейту мақсатында ҚазҰАЗУ-дың бүкіл әлеуеті – ғылыми-зерттеу орталықтары, заманауи зертханалары, жас ғалымдарға арналған жатақханалар болашақта практикалық дағдылары қалыптасқан жоғары оқу орындарының еншілес ұйымдарымен серіктестікте бірлесіп пайдаланылады. Бұл ретте, ҒЗИ мен университет ғалымдарының бірлескен ғылыми ұсынымдарының нәтижелері өндіріске енгізіліп қана қоймай, жаңа білім беру бағдарламаларының жасақталуына берік негіз қалайды. Сәйкесінше, бұл ғылыми кадрларды даярлаудың сапалық деңгейін жетілдіруге мүмкіндік береді.

– Осы жағдайларды ескере отырып, Қазақ Ұлттық Аграрлық зерттеу университеті соңғы уақытта басқару жүйесінде, білім беру мен ғылымды дамытуға байланысты үлкен өзгерістер жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, бүгінде 172 оқу бағдарламасы бойынша білім беріледі, соның ішінде бакалавриатта – 60, магистратурада – 90 және  докторантурада – 22. Университеттегі  6 факультет пен 24 кафедрада 6000-ға жуық студент дәріс алады, 300-ден астам магистрант, 122 докторант білімдерін шыңдап жүр. Соның ішінде 500-ге тарта білім алушы – Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарынан келген жастар. Сонымен бірге, университетте Түркия, Қытай, Корея, Египет, Пәкістан, Ауғанстан, Камбоджа, Моңғолия сияқты шет мемлекеттерден келген 157 студент білім алады.

Барлығы  550-ден аса профессор-оқытушы еңбек етеді. Олардың қатарында 4 академик, 54 ғылым докторы, 66 PhD, 166 кандидат пен 117 магистр бар. Қазір университет АҚШ, Германия, Франция, Нидерланд Корольдігі, Италия, Польша, Малайзия, Түркия, Қытай, Өзбекстан, Оман Сұлтандығы, басқа да мемлекеттердің 137 жетекші ЖОО-мен және ғылыми орталықтармен ынтымақтастық байланыс орнатқан. Оған қоса, университет – білім және ғылым саласындағы 15 жоғары халықаралық қауымдастық пен және ұйымның мүшесі.

Жыл сайын ЖОО-нда 10 бағытта жазғы халықаралық мектеп жұмыс істейді. Оның жұмысына алыс және жақын шетелдердің білімгерлері, жас ғалымдары мен оқытушылары қатысады. Биыл оларға теориялық дәріс пен тәжірибелік сабақты 35 мемлекеттің профессорлары берді. Бұдан бөлек, АҚШ, Еуропа және Тынық мұхиты аймағындағы елдердің жетекші университеттерімен екі дипломдық бағдарлама іске асырылуда. Мысалы, Варшава жаратылыстану ғылымдары университеті (Польша) «IT-технологияларды қолдану арқылы су ресурстарын басқару» магистратурасының бағдарламасымен соңғы үш жыл қатарынан түлектер дайындап шығарды. Сондай-ақ, Қытай ауыл шаруашылығы университетімен, Литва денсаулық сақтау ғылымдары университетімен екі дипломдық бағдарлама  заңдастырылып жатыр.

Сонымен бірге, бүгінде университеттің базасында Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтының филалын ашу бағытында ұйымдастыру шаралары жүргізілуде. Мұнда су ресурстарын басқару, суды пайдалану, мелиорация саласына қажетті мамандар даярланады.

Іс тетігін кадр шешеді

Академик А.Күрішбаевтың ойынша, қазір елдегі ең өзекті мәселенің бірі – су ресурстарының аздығы, табиғи су көздерінің тапшылығы. Бұған дейін де айтылып жүргеніндей, 2040 жылға қарай республикадағы су тапшылығы жылына 12-15 текше шақырымға жетуі ықтимал. Көптеген елдер су ресурстарын басқару саясатын өзгертіп, осы саладағы мемлекеттік бақылауды нығайту үстінде. Қазақстанда Су және ирригация министрлігінің құрылуын осы бағытта жасалған батыл қадам ретінде бағалаған ләзім.

– Статистикалық деректерге сүйенсек, бүгінде еліміздегі суармалы жерлер бүкіл егіс алқабының 7%-ын ғана алып жатыр, аумағы – 20,6 млн. гектар. Бұл бүкіл егін шаруашылығына арналған алқаптың 40%-ын құрайды. Осыны ескеріп, Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекет басшысы ретінде суды үнемдеу технологияларын енгізу арқылы оның қолданылу аумағын жыл сайын 150 мың гектарға ұлғайтуды салалық министрлікке міндеттегені белгілі. Әрине, мұндай тапсырманың берілуі заңды. Дәл қазір елде үнемдеу технологиясымен қамтылған жердің ауданы – жалпы суармалы егістіктің (1470 га) 280 мың гектарына немесе 19%-ына ғана тең.

Сондықтан, суармалы егіншілік саласында суды үнемдейтін технологияларды енгізу және суды үнемді тұтынуды үйрену үшін экономикалық ынталандыру шараларын қолдау, су шаруашылығы инфрақұрылымын цифрландыру, әсіресе суды пайдалануды есепке алу, мониторингілеу және болжау жұмыстарын ҚазҰАЗУ-де ашылатын өзбекстандық институттың филиалымен бірлесе жүргізу жоспарланыпты. Осы және өзге де инновациялық бастамалар сөз жоқ, агроөнеркәсіптің өзекті мәселелері бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, жаңа технологияларды трансферттеу, бәсекеге қабілетті мамандарды бірлесе даярлау мүмкіндіктерінің аясын кеңейтеді.

Аграрлық саладағы еңбек нарығына сұранысты қанағаттандыру үшін  жоғары оқу орны, кәсіпорын және студент арасында  үшжақты шарт жасалуы қажет. Ол үшін жұмыс берушілер өз ұжымдарының базасында студенттердің практикасы мен тағылымдамасын ұйымдастыруды міндетіне алады. Ал, жоғары оқу орнын бітірген соң түлектердің сонда жұмысқа орналасуына сұраныс берушілер кепілдік береді.

Сондай-ақ білім алушы жастар шетелдің озық университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтарында академиялық ұтқырлық жүйесі бойынша білім алып, ғылыми тағылымдамадан өтеді. Ұжымның жүйелі жұмысының нәтижесінде университет 2022 жылы QS World University Rankings рейтингісінде «Ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы ресурстары» бағыты бойынша үздіктер қатарынан көрінді. Жаңа заман талабына сай, халықаралық деңгейдегі университет атану үшін әуелі оның бәсекеге қабілетті мықты кадрлары болуы тиіс.

Бүгінгі жетістік ертеңге өлшем болмайды

Қазақ елі үшін мал шаруашылығы ежелден дәстүрлі, ата кәсіп екені белгілі. Сондықтан, кезінде түрлі себеппен жабылған «Зооинженерия және тағам өндірісінің технологиясы» факультеті қайта ашылды. Әңгімесін осындай жағымды жаңалықпен жалғастырған Ақылбек Қажығұлұлы бүгінгі жетістіктің ертеңге өлшем болмайтынын да жасырған жоқ.

– Мәселен, дамыған елдермен салыстырғанда Қазақстанда фермерлерге білім таратудың тұрақты жүйесі қалыптаспаған. Шетелде бұл жүйені Extension Service деп атайды. Айталық, Американың лэнд-грант зерттеу университтері негізгі үш бағытта жұмыс істейді: ғылыммен айналысады, жоғары білікті кадр дайындайды, фермерлерге білім береді. Соның ішінде, Ұлттық университеттің серіктесі – АҚШ-тың UC Davis университеті Калифорния штатында, оның әрбір ауданында фермерлерге білім тарату орталығын ашып қойған және олар мемлекет бюджетінен қаржыландырылады. Осы механизмді тәжірибеге енгізе отырып, еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі аудандарда фермерлерге тегін консультациялық көмек көрсету орталығын құру жоспарланды. Аграрлық ғылымның тиімділігін арттыру үшін ауыл еңбеккерлерін ынталандыру, отандық ауыл шаруашылығы машиналарын жасауды қалпына келтіру, агроөнеркәсіп кешені және ауылдарды жаңғырту, мал, өсімдік және егін шаруашылықтарын дамыту шарт.

Тобықтай түйін

Ғылым – кез келген қоғамдағы ең консервативті жүйелердің бірі. Фрагменттік өзгерістермен «жылдам жеңістерді» қуып, ғылымда түбегейлі өзгерістерге қол жеткізу мүмкін емес. Оған терең, дәйекті әрі жүйелі реформалар қажет. Ол үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп күшейтілсе, алға қойған мақсаттың да орындалары даусыз.

Сұхбаттасқан Дәулетқали АРУЕВ

(Арнайы «ATYRAẎ» газеті үшін)

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз