Елмен етене басылым

Максот КАРИН Жаңалықтар

Баспасөзге жазылу маусымында газет оқырмандарының көкейіндегі ой-пікір, ұсыныс-тілектерін біліп, басылым бетінде жариялап отыратын игі дәстүріміз бар. Біз бұл жолы «Атырауға» алдымен жазылып, оны ең көп алдыратын қызылқоғалықтардың ой-пікірлеріне зер салдық.

Мақсот КАРИН, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Максот КАРИН

Жаңалық пен жақсылықтың жаршысы

– Тоқсан төрт жылдан бері оқырман қауымның айнымас серігі, ақылшысына айналып келе жатқан облыстық «Атырау» газетін жаңалық пен жақсылықтың жаршысы санаймын. Бұл ойымды байырғы басылымның әр санындағы жарияланымдар айғақтағандай. Ашығын айтсам, газет беттерінде әр саладан жазылған, сан тақырыпты, өмірдің өзекті проблемаларын қамтыған сараптамалар, салиқалы пікір, тұшымды түйінге негізделген салмақты мақалалармен қатар, қазыналы аймақтың бүгінгі тыныс-тіршілігін бейнелейтін хабарларға  да көбірек орын берілетінін байқаймыз.

Өлкеміздің өткені мен атақты адамдары туралы сыр шертетін тарихи-танымдық дүниелер де оқырманның назарын аударатыны ақиқат. Одан бөлек, Ұлт жоспары мен Елбасы Жолдауында, еліміздің рухани жаңғыру бағытын айқындаған Мемлекет басшысының мақаласында айтылған мәселелер де шығармашылық ұжымның ұдайы назарында ұсталатынын аңғарамыз. Мұның бәрін жақсылықтың нышаны, бұқарамен байланыстың белгісі  деп бағалаймыз.

 

Толқын БЕЙІСҚАЛИ,

аудандық мәслихаттың хатшысы:

Толкын БЕЙСКАЛИ

Әрбір үй күтіп отырады

– «Баспасөз – өмір айнасы» деген тамаша тәмсіл бар. Шынымен де солай. Өйткені, сол арқылы ел өміріндегі түрлі құбылыстар мен оқиғалардан, атқарылып жатқан оң істер мен игі бастамалардан хабардар болып отырамыз. Мақтаныш емес, әр жыл сайын мерзімді басылымдарға жазылу барысында қызылқоғалықтар белсенділік танытып, бірінші кезекте жергілікті газеттерге жазылады. Осы лекте, әрине, облыстық «Атырау» газетінің өзіндік орны бар. Ақпарат көздерінің көбейгеніне қарамастан, «Атырауды» бірінші кезекке қоятын ауыл оқырмандары басылымның әр  санын асыға күтіп отырады. Жазылған жайларға байланысты ойларымен бөлісуді де ұмытпайды. Бұл тіпті олардың айнымас дағдысына айналған деуге болады. Ауылдарды аралап, тұрғындармен кездесу өткізгенде, түрлі шараларда бас қосқанда оқырмандардың газетке деген көзқарасының түзу, ойының дұрыс екенін, бейжай қарамайтынына қуанасың.     Лайым да солай бола бергей!

 

Серік ТАУМАН,

еңбек ардагер:

Серик Тауман

Тарихи орындарға белгі орнатылса…

– Елулікті еңсеріп, отыздықтан орын алсақ деген үлкен мақсат-мұраты бар еліміз жаһандану дәуіріне тез бейімделіп, Елбасы Н.Назарбаевтың көш бастуымен дамудың даңғыл жолына түсті. Заманның күн сайын өзгеріп, жаңғырып жатқанын ескерген Ұлт Көшбасшысы әр тарихи кезеңге өткен сайын байыпты бағдарлама мен маңызды мақалалар арқылы өркендеудің тың тетіктерін көрсетіп келеді. Таяуда, жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы – соның айқын дәлелі.

Сонымен қатар, Елбасы мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Бұл – өте орынды бастама. Бағдарлама аясында талай жылдардан бері еленбей келе жатқан  тарихи жерлер зерттеліп, мән-мағынасы ашылады деген ойдамын. Бұған дейін зерттелмей, уақыт өткен сайын көмескіленіп бара жатқан тарихи орындар біздің округте де баршылық. Мәселен, зиялы қауым өкілдері, ел мақтаныштары – жазушы Ғабдол Сланов, заң ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы  Ұлттық ғылым академиясының академигі Салық Зиманов, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның Халық жазушысы Зейнолла Қабдолов Қарабау ауылының оңтүстік-шығысына қарай он-он екі шақырым жердегі Кермақастағы мектепте оқығандарын, ескі Қарабауда Алашорданың туы тігілгенін кейінгі ұрпақтың білмеуі мүмкін. Ал, іргетасы 1892 жылы қаланған Қарабаудағы «Қызыл үй» мектебі де талай тарихи оқиғалардың куәсі болғаны даусыз. Сондықтан, осы жерлер мемлекеттік есепке алынып, зерттеліп, ескерткіш белгілер орнатылса, нұр үстіне нұр болар еді. Олар туралы газет бетінде жан-жақты зерттеліп, жазылса  деген  тілек бар.

Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек. Сонда ғана  аңсаған арман, көздеген мақсат орындалып, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болмақ. Ал, оған газеттің  қосар үлесі өте зор.

 

Қайырғали БАЗАРБАЕВ,

аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

К.Базарбаев.....

Біз үшін орны бөлек 

– Ауылда тұратын ағайын үшін «Атыраудың» қашан да орны бөлек. Олай дейтінім, облыс, тіпті ел өміріндегі жаңалықтарды ең әуелі осы газеттен  оқимыз. Ағымдағы ақпараттардан басқа, газетте аймақтың әлеуметтік-экономикалық  саладағы даму бағыттары мен жетістіктері жарияланады.  Кемшіліктерге көңіл бөлініп, қордаланған проблемаларды шешудің жолдары айқындалады. Соның ішінде  ауылдағы шаруаны алға бастырып, агроөнеркәсіпті кешенді өркендетуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар туралы сала мамандарының, мүдделі құрылымдар өкілдерінің  түсіндірме мақалалары мен сұхбаттары беріледі. Осы орайда  соңғы жылдары газетте тұрақты беріліп келе жатқан «Бизнесмен» қосымшасы да шаруамен шұғылдануға ниеттеніп, өз ісін ашқан ауыл кәсіпкерлеріне үлкен көмекші  деп есептеймін. Онда кәсіпкерлерге керекті кеңестерге, сұрақ-жауап бұрышына, экономикалық сөздіктерге, кәсіп иесінің табысқа жету жолы мен сыры жайлы мақалаларға кеңінен орын беріліп отырса, артық болмас еді.

 

Серік ТҰРЫШ,

Сағыз ауылдық округі әкімдігінің бас маманы:

Серік ТҰРЫШ

«Атырауды» оқымайтын отбасы жоқ

– «Атырау» – елмен бірге есейген басылым. Себебі, оның тарихы өлкенің тарихымен етене байланысты. Басқаша айтқанда, өткеніміз бен бүгініміз газет беттерінде қатталады. Сондықтан да көп нәрсені газеттен оқып білеміз, ойымызға түйеміз. Ал, Сағыз селосы  – аудандағы іргелі де ірі елді мекендердің бірі. Мұнда 1400-ден астам отбасы (8000-ға жуық адам)  тұрады. Олардың дені облыстық газетке тұрақты жазылады. Бұл үрдіс биыл да жалғасты. Ауылдастарымның баспасөзге қатысты белсенділігін кездесу жиындарында, түрлі басқосуларда байқаймын. Тіпті, басылымдағы мақалаларды оқып қана қоймай, көтерілген мәселелерді өзара талқылап, ойларын ортаға салып  отырғандарына талай мәрте куә болғанмын. Қарттар өз алдына, жастарымыз да осыған бет бұра бастады. Соған қарап  ауылымызда «Атырауды» оқымайтын отбасы жоқ  деп толық сеніммен айта аламын.

Дәулетқали Аруев

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз