ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ – ИГІЛІКТІ ІС
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің психология кафедрасы мен университет жанындағы Лингвистикалық орталықтың ұйымдастыруымен өткен семинар-тренингте психологтар «Өзгеше білім беруді қажет ететін балаларды оқытудағы даралау және саралау жолдары», «Зейін жетіспеушілігі мен шектен тыс белсенді балалармен коррекциялық жұмыстар» туралы тәжірибелерімен бөлісті. Айтылған тәжірибелер бойынша алдағы уақытта инклюзивті білім берудің әдістемелік нұсқаулық кітапшалары жасақталатын болды.
Семинар-тренингте айтылғандай, мектеп жасына дейінгі тілі кем, сөйлей алмайтын немесе тұтықпа балалардың саны соңғы кезде көбейіп отыр. Сондықтан, осындай балалармен жұмысты алдымен психолог-педагогтар қолға алуы керек.
— Біз мамандарды дайындап қоймаймыз, мүмкіндігі шектеулі балалардың қоғамнан шеттетілмей өсуіне жағдай жасайтын мектеп психологтарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаймыз. Мектеп психологтары ата-аналарға көмектесулері керек. Себебі, бүгінгі күні балабақшаға кезек көп болуынан сау баланың өзі әрең орналасып жатқанында, мүмкіндігі шектеулі балаға мүлдем орын болмай қалуы мүмкін. Осы мақсатта психолог-педагогтар тәжірибе алмасу үшін университет ректоры Бейбіт Мамраевтың қолдауымен облыста алғаш рет семинар-тренинг ұйымдастырылып отыр, — дейді психология ғылымдарының кандидаты Нұрсұлу Иманғалиева.
Семинар-тренингтің нәтижесі бойынша ғылыми мониторинг жүргізіліп, ағымдағы жылдың көктем айында өткізілетін келесі жиында талқыланатын мәселелер айқындалды. Оған Алматы, Астанадан арнайы психологиялық-медициналық мамандар қатыспақ. Ол жиында психалық дамуы кешеуілдеген балалардың оқу және даму проблемасын коррекциялау жайы қозғалмақ.
Өткен жылғы статистикалық мәліметке сүйенсек, Атырау облысында мектепке дейінгі және мектеп жасындағы мүмкіндігі шектелген 6046 бала есепке алынған. Олардың арасында облыс бойынша 2644, қалада 3402 бала тіркелген. Кең таралған диагноздар қатарында мектеп жасындағы балалардың церебралды сал ауруы, дауна белгісі диагнозы, сөйлеу, ойлау, есту, көру кемістігі барлары анықталып отыр. Осындай аурулардың алдын алу үшін алдымен психолог-педагогтардың тәжірибесі мен білімі, білігі терең болуы тиіс.
Қаладағы Ш.Уәлиханов атындағы №9 орта мектептің психологы Айгүл Сұлтанғалиева: «Өркениетті елдердің бәрінде мұндай мәселе бар. Мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамнан оқшауламау керек. Оларды дені сау оқушылардың арасына қосып, өмірге бейімдеу – мектептердегі негізгі мәселенің бірі. Осы бағытта мектепте инклюзивті білім беру бағдарламасымен оқытылып жатқан бес бала бар. Олармен баланың зейінін арттыру, қабілетін ашу үшін, оны тұлға ретінде қалыптастыру бағытында жұмыс жасаймын. Семинардан үлкен әсер алдым, кейбір әдістерді сабақта оқу жоспарыма енгізетін боламын», — дейді.
Ал, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің психолог-педагогы Райхан Аталықова әрбір бала ата-ана үшін бауыр еті болса, ұстаздар үшін де солай болуы керектігін айтады. Өзінің жанына жақын жұмысты бар ынта- ықыласымен атқаратын білікті ұстаз инклюзивті білім беру бағытында арнайы бағдарламалармен танысып жүретінін айтады. Бұл бағытта осындай семинарлар көптеп ұйымдастырылса игі іс болары сөзсіз. Қатысушы психологтардың бәрі де арнайы сертификаттармен марапатталды.
Түйін
Инклюзивті білім берудің (мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасау әдісі) тарихын таныстыра кетейік, бұл мәселе шет елдерде 1970 жылдан бастау алады екен, тоқсаныншы жылға қарай бағдарлама АҚШ пен Еуропаның білім беру саясатына толық енгізілген. Ал, біздің елімізде инклюзивті білім беру жүйесінің дамуы туралы ресми дерек «Қазақстан Республикасының Білім беруді дамытудың 2010-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» көрсетілді. Содан бері бағдарлама төңірегінде инклюзивті білім беруді жетілдіру мәселелері жан-жақты қарастырылуда.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.