Индер ауданында 200 жас жұмыспен қамтылады
Индер ауданында «Жасыл ел» жасағының 14-ші еңбек маусымы ашылды. Индербор кентінің әкімі Ролан Тұрабаев жастарды туған өлкені көркейтуге шақырды.
Ауданда маусым-шілде айларында 138 жас жұмыспен қамтылған. Ал, тамыз айында 62 жасты еңбек жасағына алу жоспарлануда. Олар «Жеңіс», «Көктем» саябағы мен ауылдық округтердегі, мектеп, балабақша, әкімдік аулаларын көгалдандыруға атсалысуда.
«Өткен жылы 210 студент және жұмыссыз жастар «Жасыл ел» еңбек жасағында болып туған өлкені көгалдандыруға атсалысқан болатын. Биылғы маусымда барлығы 200 жас еңбекпен қамтылмақ», — дейді Р.Тұрабаев.
Еңбек маусымының ашылуы шарасына жиналған жастар командаларға бөлініп, түрлі тренингтер ұйымдастырды.
Әсел САРҒОЙШИНА, Индер аудандық жастар ресурстық орталығының директоры:
– Жыл сайын «Жасыл ел» еңбек жасағына қатысқысы келетін жастардың қатары көбейіп келеді. Бізді өскелең ұрпақтың туған жерге деген жанашырлығы, сүйіспеншілігінің артуы қуантады. Ұйымдастырылып отырған тренингтер оларды жұмыс жасауға, ауызбіршілікке шақырып, еңбексүйгіштікке баулиды. Ең бастысы, тұлға болып қалыптасуға септігін тигізеді.
Мәлике МӘЛІК,
Индер ауданы.