Жарнама
Қоғам

ҚИҒАШ БОЙЫНДАҒЫ ҚУАНЫШ

АҚЫНҒА
АРНАЛҒАН АЛАҢ

Мерейтойға арналған шараның бірі күй атасы Құрманғазының атына берілген алаңда өтті. Қазақстанның Астрахандағы консулдігінің өкілі, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық ардагерлер кеңесі мүшелері баба ескерткішіне бас иіп, гүл шоқтарын қойды. Бұдан соң аудандағы саз мектебінің оқушылары күйші бабаның төл туындысы «Балбырауынды» күмбірлете орындап, салтанатты шара Шора өзені жағасындағы Жұмекен Нәжімеденов атындағы алаңның ашылу салтанатымен жалғасты.
Ұйымдастырылып жатқан шараның негізгі бөлігі ауданға қарасты Жапырақ ауылының шығысында болды. Осы арадағы көк шалғында биіктігі 10 метрлік зәулім сахна орнатылды. Оның айналасына дөңгелене киіз үйлер тігілді. Маңында жәрмеңкелер мен балаларға арналған ойын алаңдары ұйымдастырылды.
Салтанатты шара барысында аудан әкімі Амангелді Барақатов жұртшылықты ауданның 85 жылдық торқалы тойымен құттықтады. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның Ресеймен шекаралас жатқан жеті облысы ежелден мәдениет, оқу-ағарту саласында еліміздің басқа аймақтарына қарағанда жедел, әрі тереңірек дамыған. Мұны біз әрқашан үлгі тұтуымыз керек» деген болатын. Сол жеті облыстың алдыңғы легінде біздің Атырау облысы, оның ішінде Қазақстанның батыс қақпасы саналатын Құрманғазы ауданы да бар» — деді ол. Бұдан әрі облыста ойып алар орны бар Құрманғазы ауданының қалыптасу, даму тарихын таразылап, Ұлы Отан соғысында, еңбек майданында аты шыққан ерлердің, әр жылдары ауданды басқарған азаматтардың, ел ағаларының есімдерін құрметпен атап өтті.
Күні бүгін атқарылған жұмыстар мен алдағы межелерді баяндаған аудан басшысы тәуелсіздік жылдарында бұл өлкеде бірнеше мектептер мен балабақшалардың бой көтергендігін айтты. Сонымен қатар, бірқатар білім беру нысандарының күрделі жөндеуден өтіп, материалдық-техникалық базасының нығайтылғандығын, «Балапан» бағдарламасы аясында аудан орталығы Ганюшкин селосында бүгінгі таңда 260 орындық балабақша және Нұржау ауылдық округіне қарасты Жамбыл елді мекенінде 120 орындық мектептің құрылысы жүріп жатқандығын жеткізді. Ауданда «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының орындалысы да жоғары екендігін сөзіне арқау етті. Айтуынша, ағымдағы жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» Атырау облыстық бөлімі арқылы 40 адамға 91 млн. теңге көлемінде несие берілген.
Сондай-ақ, «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында ММС, Жаңа ауыл, Жамбыл, Амангелді, Ганюшкин, Дина Нұрпейісова, Кадырка, Жұмекен, Шортанбай, Шағырлы, Жасарал, Күйген, Каспий, Шестой, Афанасьево елді мекендеріне су жүйесі мен су тазарту қондырғыларына жөндеу жұмыстары жүргізілу үстінде. Денсаулық сақтау саласы бойынша 250 орындық емхана құрылысы аяқталса, барлық округтерде медициналық пункттер халыққа қызмет көрсетуде.

МАРАПАТ
МЕРЕЙДІ ӨСІРЕДІ

Аудан әкімі «Құрманғазы» ӨК төрағасы С.Сұлтановтың осыдан бірнеше күн бұрын ғана Елбасының өз қолынан «Ұлт даңқы» орденін алғандығын жерлестері алдында атап айтты. Марапатталғандардың арасында «Еңбектегі жетістігі үшін» медалін иеленген құрманғазылық «Мақаш» ӨК төрағасы Ж.Әбілқайыров, «Ауданның Құрметті азаматы» атағын иеленген Құрманғазының бұрынғы әкімі Әлібек Нәутиев те бар. Сондай-ақ, Мақаш, Ганюшкин ауылдық округі ардагерлері кеңесінің төрағалары Ө.Хасанов, У.Хисметуллин, М.Әуезов орта мектебінің мұғалімі Н.Никешиндер облыстық мәслихаттың Алғыс хатымен марапатталды.
Айтулы мерекеге арнайы келген сенатор Сәрсенбай Еңсегенов жұртшылыққа Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Қайрат Мәми мен Сенат төрағасының орынбасары Қайрат Ищановтың ыстық ықыластарын жеткізді.
— Осы елде Отанға еңбегі сіңген, қазақ халқының атын бүкіл әлемге таратқан талай тұлғалар дүниеге келген. Арамызда еселі еңбегімен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына мол үлес қосқан аға буын өкілдері де отыр. Жаңа ғасырда Қазақстан мемлекет ретінде қалыптасып, әлемге танылды. Алдымызда жаңа міндеттер, Елбасының қойған тапсырмалары бар. Мұның барлығының бір ғана мақсаты – еліміздің өсіп-өркендеуіне, барлық Қазақстан азаматының тұрмыс деңгейінің жақсаруына, тәуелсіздігіміздің мәңгілік болуына қызмет ету, — деп атап өтті сенатор.
Одан әрі Қазақстан Республикасының Астрахан облысындағы консулы А.Сыдықов, Красный Яр ауданының әкімі Н.Байтеміров, Володар ауданы әкімінің орынбасары С.Мағзанов, Атырау облысы жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Рысқали Сисатовтар сөз алып, құрманғазылықтарға ақжарма тілектерін жеткізді. Бір кездері ауданда басшылық қызметте болған еңбек ардагері Миллят Сабырова да осы құтты мекен туралы терең толғады.
— Бұл – киелі жер. Өйткені, мұнда Құрманғазы бабамыз бен Динаның өмірі өтті. Елін сүюдің, жерін сүюдің үлгісі болған, ақырып теңдік сұраған Исатай, Махамбет батырлар өмір сүрді. Бұл – патшалық Ресей кезінде Еділ-Жайық арасын 40 жыл басқарып, қазақтың өңірін сақтап қалған, білімді де білікті Мақаш атамыздың қара шаңырағы. Қазақтың ең алғаш Балық министрі Шайхы Әбішев, Оқу министрі Нұғыман Манаев осы арадан шықты. Ұлы Отан соғысы кезінде елін фашистерден қорғауда үлкен ерлік көрсеткен Кеңес Одағының батырлары Александр Афанасьев, Филипп Мазуров, Мұқат Мусаев, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова, «Даңқ» орденінің толық иегері Ғизат Әліпов осында туды. Біз бұны асқан мақтанышпен айтамыз, — деген ол өткен естеліктерімен де бөлісті.

СӘЙГҮЛІКТЕР
САЙЫСЫ

Ауданның 85 жылдығына арналған ат жарысында әу дегеннен-ақ Орлы округіндегі жеке қожалық иесі Ш.Кенжеғалиевтың Лашын атауын иеленген хас жүйрігі жұлдыздай ағып, алдына қара салмай, мәре сызығын бірінші болып қиды. Жарысқа қатысқан 28 жүйрік 18 шақырымды алты мәрте айналып шығулары тиіс болатын. Жарауы жетісіңкіремегендері бір-екі айналыстан-ақ алқынып қалып, сыр беріп алғандары болмаса, жарыс жолына шыққан сәйгүліктердің біразы тізгін қақтырмады.
Лашыннан төрт-бес қадам кейінірек, төртінші нөмірлі, Шортанбай жерінен келген Б.Абдоловтың аты мәреге жетті. Ал, үшінші орын Сүйіндіктен келген «Долан қараға» бұйырды. Жылқылардың арасында ай маңдайы, апай төсі, асылы мен арындысы жеткілікті болды. Сөйтіп, бұл жарыста, айтып өткеніміздей, құны екі миллион теңге тұратын «темір тұлпардың» кілті Лашынның иесіне бұйырды.
Айта кету керек, жүлдеге тігілген дүниелерге «Алға КаспийГаз» ЖШС мен «Құралай» корпорациясы демеуші болды.

МЕРЕЙТОЙ АЯСЫНДАҒЫ
МЕМОРАНДУМ

Мерейтой аясында Құрманғазы, Ресей Федерациясының Красный Яр, Володар және көршілес Исатай ауданы арасында көп жақты келісімге қол қойылды.
Құрманғазы ауданының әкімі Амангелді Барақатов, Красный Яр ауданының басшысы Нұрғали Байтеміров, Володар ауданы әкімінің орынбасары Серік Мағзанов, Исатай ауданы әкімінің орынбасары Мәди Өтеғалиев өзара қол қойған құжат аудандардың қарқынды дамуына, түрлі саладағы байланыстың нығаюына зор ықпал ететініне сенім мол.
Келісімге қатысып отырған Қазақстан Республикасының Астрахандағы консулы Асхат Сыдықов екі ел арасындағы достық, бауырластық қарым-қатынастың нығая беретіндігін айтып, Құрманғазы ауданына тың табыстар тіледі. Ал, «Каспий тұрба құбыры» консорциумы бас директорының орынбасары Қанатбек Жұмин ауданмен әріптестік байланыстың жалғаса беретінін жеткізді.

Дайындаған Мәлике ҚУАНЫШЕВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button